Бүгінгі таңда жастардың көбі кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, еліміздің кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлестерін қосып отырғаны баршамызға белгілі. Сондай талапты жастардың бірі – Қызыларық ауылының тұрғыны Мақсатбек Тұрдалы.
Мақсатбекпен Қызыларық ауылдық округіне жасаған іссапарымыз барысында таныстық. Ауылдық оркугтің жастар ісі жөніндегі инспекторы Қуаныш Зиятхан Мақсатбектің ауыл шаруашылығы техникасының тілін жақсы меңгергенін айтып, бізді оның үйіне ертіп барды. Біз үйіне барғанымызда Мақсатбек тракторын жөндеп, егін алқабына шығуға дайындық үстінде екен. Ол – механизатор мамандығын өздігінен меңгеріп, екінші жағынан кәсіпкерлікпен айналысып отырған жастың бірі көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, Мақсатбек көктем айлары басталысымен техникасымен ауылдағы көктемгі дала жұмыстарына белсенді араласады екен.
Мақсатбек Асқарбекұлы 1994 жылы осы ауылда дүниеге келген. Ауылдағы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 2012 жылы бітірген. Әкесі Асқарбек Тұрдалыұлы «Ақсай» өндірістік бірлестігінде су өлшейтін маман болып жұмыс жасайды. Ал, анасы Күлпаш Уәлиханқызы «Сүгірбекова» шаруа қожалығының жетекшісі.
«Кәсібің-нәсібің» демекші, Мақсатбек 2017 жылы «Тұрдалы» жеке кәсіпкерлігін де құрған. Бүгінде ол кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, мал шаруашылығымен айналысуда. 2019 жылы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан сүт бағытында 2,5 млн теңге несие алған. Бүгінде жеке кәсіпкерлігінің иелігінде 10 бас сауынды сиыр және жеті бұзау бар.
Мақсатбек – жан-жақты жастардың бірі. Өз кәсібін дөңгелетумен қатар, анасының шаруа қожалығын да жүргізеді. «Сүгірбекова» шаруа қожалығының иелігінде 20 гектардай жер бар. Шаруа қожалық 5 гектарға жоңышқа, 10 гектарға арпа және 5 гектарға картоп еккен. Сонымен қатар, қосымша жеке тұрғындардан 70 гектарды жалға алып, пайдалануда. Шаруа қожалықтың екі МТЗ-6 тракторы және өзге де қажетті техникалары бар.
-Мектепті бітірген соң, Нұр-Сұлтан қаласына жеке кәсіппен айналысуға кетіп, ағамның жеке кәсібін жүргіздім. Елордада бес жыл жұмыс жасап айтарлықтай нәтижеге жеттім. Одан кейін кәсіби салада білім жинап, өз кәсібімді бастағым келді. Алдыма айқын мақсаттар мен жоспарлар құдым.
Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалындағы арнайы мамандардан білім алдым. Сабақты Жазира Тоқабаева жүргізді. Сабақ барысында кәсіпті, есеп-қисапты қалай жүргізу керектігін үйреніп, жалпы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Мал шаруашылығына жақын болғандықтан жоспарымды құрып, осы бағытта жұмыс жасауды жөн санадым. Кәсіби оқытушылардың 2017 жылы Жаңаталап ауылында кезекті бір оқыту сабағында өзімнің сүт бағытындағы бизнес жоспарымды қорғап, арада көп уақыт өтпей өз кәсібімді аштым.
Бала кезден техникаға қызығып өстім. Сондықтан техниканы меңгеру, мал шаруашылығымен айналысу жаныма жақын.
Қарапайым нәрседен табыс табуға болатынын көп адам түсіне бермейді. Ауыл – тіршіліктің көзі. Қайнаған тірлік те ауылда.
Көктем шығысымен егін алқаптарындағы дала жұмыстарында жүремін. Өз иелігіміздегі шаруа қожалықтың жерінен бөлек, өзгелерге де көмектесемін.
Техникаларым бұзылса, өзім жөндей аламын. Арнайы білімім болмаса да, техникаларды жөндеуді толық меңгергенмін. Оны меңгеру үшін ынта керек. Ұмтылыс қажет. Ең бастысы ерінбей, еңбек ету қажет. Әрине, қазір көп жастар қалаға кетуді көздейді. Бірақ, маған ауылдың тіршілігі, адамдардың еңбекқорлығы ұнайды, – дейді жас кәсіпкер Мақсатбек Асқарбекұлы.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Мақсатбек қысқы мал азығына 10 тіркемемен туралған шөп және 300 түк шөп, бес тоннадан арпа-бидай әзірлеп үлгеріпті. Барлығы да оның ерінбей еңбек етуінің, істің көзін тапқанының нәтижесінде жасалып отыр.
Оның мақсаты – кәсіпкерлігін кеңейтіп, анасының шаруа қожалығын шаруасы шалқыған қожалыққа айналдыру. Жаңа техникалар алып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлесін қосу.
«Еңбек түбі – береке» демекші, мұндай ауылдың тынымсыз тіршілігіне бейімделген, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген жастардың барлығы кімді болсын қуантады. Себебі, ауылды дамытатын, көркейтетін де осындай еңбеккер, талапты жастар. Әрі механизатор мамандығының сұранысқа ие, табысты мамандық екенін жете түсінген Мақсатбек алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасауды көздеп отыр. Ендеше, еңбегінің жемісін көруіне Мақсатбекке біз де тілектеспіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»