Basty bet
Достықтың алтын көпірі
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген қазақ халқының тілі, тағдыры үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бірін біл,
Өз тіліңді құрметте»,- деген Қадір Мырза Әлі ақын. Кез келген адам ең бірінші өзінің ана тілін жетік меңгеруі керек. Одан кейін барып қанша тілді меңгерсе де өз еркі. Көп тіл білу – үлкен өнер, жетістік.
Ауданымызда, ана тіліміз – қазақ тілінің дамуы, жастарды көп тіл үйренуге баулу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жыл басында 21 ақпан – Ана тілі күніне орай Қарабастау, Қарасаз, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйлерінде, Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Көктөбе ауылдық клубында достық пен бірлікті нығайту, қалыптастыру, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, дамыту мақсатында аймақтағы татулығы жарасқан өзге ұлт өкілдерінің «Тілі бірдің – тілегі бір» атты эссе жазу акциясы өтті.
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде А.Пушкин атындағы орта мектептің 6 сынып оқушыларының қатысуымен, оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу мақсатында “Тіл – достықтың алтын көпірі” атты тіл маманымен кездесу кеші өтті.
Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәртебесін көтеру, жастардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, дамыту мақсатында ауыл жастарының қатысумен «Ана тілім – дана тілім» атты әдеби кеш, Көктөбе ауылдық клубында «Тіл – татулықтың кепілі» атты дөңгелек үстел, Жаңаталап ауылдық клубында «Тіл мерейі – ел мерейі» атты әдеби-сазды бағдарлама, Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде “Тілі бірдің – тілегі бір” атты дөңгелек үстел өткізілді.
Қарабастау ауылдық мәдениет үйі жастарымызға ана тілін білудің маңызын түсіндіріп, өз тілін сүюге, ардақтай білуге тәрбиелеу, өз ойын толық жеткізе алатын білімді, саналы, саламатты, жан-жақты, рухани бай жеке тұлға тәрбиелеу, өз тілінде сөйлеп, өз тілін сыйлау, өзге тілді де білу мақсатында «Тілі бірдің – тілегі бір» атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу өткізілді.
Кеш барысында Билікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас мамандары Ш.Аттоқыр мен Н.Қазақбаев және Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің ұстаздары, өзге ұлт өкілдері Ерлан Садықов, Мұнара Иманқұлова, Злиха Қожаназарова, Лайсат Садулаева, Тойт Алиева және мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауылдық кітапхананың кітапханашысы қатысты. Кездесу барысында эссе жазылды. Өзге ұлт өкілдеріне сөз беріліп татар ұлтының өкілі Ерлан Садықов пен шешен ұлтының өкілі Ханым Хамзатова Қазақстанға қалай келгендігін, өздерін өзге ұлт өкілі емес, қазақ болып кеткендіктерін қуанышпен айтып өтті. Олардың жұбайлары қазақ ұлтынан. Бұл да бір қуанарлық жағдайлардың бірі.
Аттоқыр Шыңғыс мырза өзінің жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты. Әсерлі кездесуді мәдениет үйінің меңгерушісі Салтанат Иманбаева әсем әнімен аяқтады. Келген қонақтарға сый-сияпаттар беріліп, алғыстарын айтып тарқасты.
Сонымен қатар Ертай ауылдық клубында «Ана тілі – жүрек үні» атты оқушылардың қатысуымен пікір-сайыс өтті. Іс-шараға ардагер зейнеткер ұстаз Гүлжан Исмаилова қатысты.
Іс-шарамыздың басты мақсаты – балаларға 5 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күнінің маңызы жайлы айту, оқушыларға ана-тілінің, қадір-қасиетін жан-жақты түсіндіру. Қазақ тілі туралы өлең, мақал-мәтел, нақыл сөздерді оқыту арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту. Қазақ тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Жиналған жастарға қазақтың төл тұлғаларының тіл туралы сөздерін айтылып, «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды»- деген Мұхтар Әуезовтың сөздерімен іс-шараны түйіндеді.
Сондай-ақ, ауылдық кітапханашы Г.Жанысбекова ана тілі туралы әр халықтың асыл рухани қазыналарының бірі, биік рухты ұлт екендігінің белгісі, оның баға жетпес байлығы – тілі. Тіл – ең алдымен, ұлттық бастауымыз, адамзаттың даму тарихындағы ең басты жетістіктерінің бірі, ол кез келген халықтың болмысы, символы. Тілдің иесі де, киесі де халық деген сөздердің мағынасын жиналған жас ұрпаққа түсіндірді.
Халықаралық Ана тілі күніне «Рахмет саған, туған жер!» атты өзге ұлт өкілдері арасында эссе жазудан сайыс өтті. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы артып келеді. Әсіресе, мектеп оқушылары ана тілімізді меңгеруге құштар. Сайысқа қатысқан 5 оқушы өздеріне берілген тақырып бойынша өз ойларын қағаз бетіне түсірді. Нәтижесінде 9-сынып оқушысы Имани Магамадованың жазған эссесі үздік деп танылды. Қоңыртөбе ауылында дүниеге келіп, қазақ мектебінде білім алып жатқан шешен қызы қазақ тілінен маған ешқандай қиындық жоқ, өмір сүріп жатқан елге деген құрмет мемлекеттік тілді меңгеруден басталады дейді. Ендеше, әр қазақтың көкейінде ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейе берсін деген тілек бар.
Аудан бойынша «Тілге құрмет- елге құрмет» тақырыбымен барлық мәдениет үйлері мен клубтарда челлендж ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Қоңыртөбе ауылдық клубы жанынан құрылған «Қауырсын» көркемсөз оқу шеберлерінің үйірмесінің мүшесі Ибрагимова Карина Мурадқызы, Қарабастау ауылдық мәдениет үйінен Иманқұлова Мунира Шаршенқызы, Көкбастау ауылдық округінен Бокоева Эльнора, Қоңыртөбе ауылдық клубынан Антипова Варвара, Көктөбе ауылынан Петрешенка Елена, Қоңыртөбе ауылынан Магамадова Тамила Моусарқызы, қатысты.
5 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай қыркүйек айында Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде “Тіл-достықтың айнасы” атты С.Бәйтіков атындағы орта мектептің оқушылары мен интеллектуалды ойын өтті, Талапты ауылдық клубында “Тілдің мерейі – елдің мерейі” атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ақтөбе ауылдық клубы ” Тілім – менің ғасырлардан аманат” атты тілге байланысты іс-шара өткізді.
Жылбұлақ ауылдық клубы Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге, олардың халқына, тіліне деген махаббатын арттыру мақсатында «Тілімізді құрметтейік!» атты онлайн құттықтау ұйымдастырды. Сонымен бірге Қарасаз ауылдық мәдениет үйі мамандары «Тіл – халықтың жүрегі, тілегі» атты мәдени іс-шара ұйымдастырды.
Қуанарлық жағдай – жақында облыстық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Аманқұл Айгүл жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Сонымен бірге тіл күніне арналған онкүндік аясында қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар арасында өткен «Тіл шебері» байқауында аудан әкімінің баспасөз хатшысы Үміт Мадиярбек жүлделі ІІІ орынды иеленді (суретте) және «Тілдарын» облыстық байқауында Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастары және әлем тілдері университетінің 1 курс студенті Алуа Кемелбекова ІІ орынды иеленді.
Сөз соңында айтарым – ана тіліміздің дамуы ол сіз бен бізге байланысты. Сондықтан, баршаңызды мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын.
Фариза Оразымбетова,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы