Basty bet
Орталық саябақ көрікті орынға айналады
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Дінмұхамед Қонаев көшесінің бойында орналасқан аудандық орталық саябақтың көптен бері жөндеу көрмей, сәні кетіп, көзге қораш көрініп тұрған жайы бар еді. Кіреберіс қақпадағы және сыртқы қоршаулардағы дуалдардың сылағы түсіп, жауапты мекеме оны жылда жөндеп, әбігерге түсіп жататын. Бірыңғай суғару жүйесі болмағандықтан, мұндағы тал-дарақтардың да күтімі келіңкірімей тұрған-ды. Балалардың ойын алаңында орнатылған темір конструкциялы әткеншектер мен төмпешіктер ескіріп, тіптен кейбірі істен шыға бастаған.
Енді міне, шілде айынан бастап орталық саябақтың орнында қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп, түбегейлі жаңарту қолға алынуда. Саябақты абаттандыру және қайта жаңғырту жұмыстарын мердігер «Жасыл-Жуалы» МКК атқаруда.
Орталық саябақта бүгінде қайнаған қызу еңбек жүріп жатыр. Серіктестік директоры Бақытжан Сүлейменқұлды құрылыс жұмыстарының басынан жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі мен «Жасыл-Жуалы» МКК арасында маусым айының аяғында шарт жасалып, шілде айының басында жұмысқа кірістік.
Орталық саябақтың қайта жаңғыртылатын жер телімінің алаңы 1,44 гектарды құрайды. Аудан бюджетінен бөлінген 73,9 млн. теңгеге тозығы жеткен жазғы амфитеатр ғимараты бұзылып, жаңадан заманауи үлгімен қайта тұрғызылып, төбесі жабылатын болады.
Жаңа спорт алаңдары, «Стрит воркаут» алаңшасы, балалар демалыс аймағында роликті коньки алаңшасы салынады. Орталық жүргіншілер жолының бойында 12 жарықтандыру шамы орнатылды.
Саябақты көгалдандыру және абаттандыру үшін арнайы суландыру жүйесі тартылып, тал-дарақтар ерекше күтімге алынбақ. Орталық қақпасы мен сыртқы қоршауы жаңа эскизбен дайындалып, жасалуда, алдына көлік тұрағы салынуда. Тұрғындар мен балалардың бір мезгіл қол боста келіп, мәдени демалыс мақсатында уақыт өткізетін сүйікті орнына айналатын болады, – дейді кәсіпорын директоры.
Бұл жерде жаяу жүргіншілер жолдары, балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық алаңша, сондай-ақ жарық шамдар және басқа да демалыс алаңдары бой көтермек. Аталған жобаның бірнеше негізгі жұмыс бөлімдері бойынша бірқатар субмердігерлермен қосымша келісім-шарттар жасалынды.
Мәселен, саябаққа ерекше сән беретін жазғы жабық амфитеатр құрылысын қосалқы мердігер «Жігер» құрылыс компаниясы» ЖШС жігіттері жүргізуде.
Амфтитеатрдың сахнасы көтеріліп, төбесі көрермендер отыратын отырғыштар конструкциясы жасалуда.
Саябақта балалардың ойын алаңы мен амфитеатр құрылысын «Комплекс систем безопасности» ЖК жүргізуде.
Үш субұрқақ пен әжетхана құрылысын «СК Платина» ЖШС жүргізуде.
Одан бөлек, «Галеев» ЖК саябаққа электр желілерін тарту, саябақтың су және кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарымен шұғылдануда.
«Alash Oner» ЖШС-нің шеберлері саябақтың аркасын орнату және фибробетоннан төрт қырлы колонна жасау үстінде.
«DS-TARAZ» ЖШС қоршаулар, қақпа мен калитка жасау жұмысына тартылған.
Жоба бойынша төмендегі жүргізіліп отырған жұмыстарға 36 жұмысшы жұмылдырылған. Олардың төртеуі «Жасыл-Жуалы» кәсіпорнының жұмысшысы, қалған 32 адам қоғамдық жұмысшылар. 1 дана автогрейдер, 2 дана тиегіш, 2 «КамАЗ» жүк көліктері және 1-дана «ЗИЛ МДК» сумен қамтамасыз ететін техника қызмет көрсетуде.
Саябақтың негізгі қақпасы – аркасы мрамор плиткалармен қаптау жұмыстары аяқталуға жақын.
Саябақты абаттандыру бойынша жұмыстар жандануда. Газон төселетін алаңшалар тегістеліп, газонның «Johnsons спорт» сортының тұқымы себілуде.
Саябақтың жаяу жүргіншілерге арналған серуен жолының жиегіне жиектастар қойылып, бүгінгі күнге 3100 шаршы метр өрнектас (брусчатка) төселді.
Саябақтың еуроқоршаумен қоршалатын бөлігі тұрғызылып, іргетасы бөлігі ретке келтірілді. Сондай-ақ, негізгі қасбетінің металл қоршаулар дайындалып, тұрғызу жұмыстарына әзірлік басталды.
Амфитеатр құрылысының сахнасы жасалып, көрермен бөлігі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Балалар ойын алаңшасы мен демалушылар орындықтарына тапсырыс арқылы әзірленіп, бүгінгі күндері жеткізу үшін тасымалдануда.
Субұрқаққа тартылатын су жүйесі мен негізгі жасыл желекті суаруға арналған пластик су құбырлары жүргізіліп, субұрқақ құрылысы жұмыстары аяқталуға жақын.
Теннис, волейбол, баскетбол корттары орналасатын орындары жайластырылып, ары қарай орналастыру және құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Тренажерге арнайы тапсырыс беріліп дайындалған және жақын арада жеткізіледі.
Жарықтандыруға және барлық құрылыс нысандарын іске қосуға арналған электр желілері тартылып, іске қосылып, арнайы тексеруден өтті.
Барлық сыртқы су жүйесі жүргізіліп болды. Қажетті кәріз жүйесі де қарастырылған. Жұмыс жобасы бойынша атқарылатын барлық жұмыстар өз мерзімінде аяқталатын болады.
– Орталық саябақ ауыл тұрғындары мен қонақтарының ойын-сауыққа, сарқылмас күш пен жарқын естеліктерге кенелуге болатын керемет орынға айналып, өзімен деңгейлес аудандық саябақтар арасында ең көрікті де үлгілі саябақ болатынына сенімдімін, – дейді кәсіпорын директоры.
Жаңғырту жұмыстары тиянақталып, пайдалануға берілгенде саябақ адам танымастай қалыпқа енеді.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»