Basty bet
Екінші толқынға дайындық тыңғылықты
Жуалы аудандық орталық ауруханасында СОVID-19 коронавирустық пандемиясының екінші толқынына тыңғылықты дайындық жүргізілілуде. Бұл туралы аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында мәлім етті.
– Шартарапты шарлап, көптеген әлем елдерінің экономикасын тұралатып, халқының денсаулығы мен тұрмыс жағдайына кері әсерін тигізген СОVID-19 коронавирустық пандемиясының бірінші толқынынан ел-жұрттың ынтымағы мен бірлігінің арқасында өттік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда алдағы қазан-қараша айларында індеттің екінші толқыны қайта айналып соғуы ықтимал. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірлерінде денсаулық сақтау мекемелеріндегі секілді Жуалы аудандық ауруханасында да тыңғылықты дайындық шаралары жүргізілуде, – деді Нұрбай Әбілқасымұлы.
Аурухана басшысының айтуына қарағанда, мекеменің жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына оттегімен қамтамасыз ету жүйесі орнатылған. Оттегі баллондар саны 9-дан демеушілер көмегі есебінен 49-ға жеткізілген. Сондай-ақ 5 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 22 дана оттегі концентраторы, 10 дана «Бобров» аппараты қолдануға дайын. Жұқпалы аурулар бөлімінде қосымша 30, қабылдау бөлімінің ішінен 30 төсек орын ашуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар аудандық орталық ауруханада коронавирустық инфекция хаттамасына сәйкес емдеуге дәрілік заттарға қосымша 18, 2 млн теңге және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 2020 жылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету мақсатында КВИ емдеудің хаттамасына енетін жалпы сомасы 3,5 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс берілді.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің № 214Ө бұйрығына сәйкес медициналық қызметкерлерді КВИ бойынша оқыту семинарлары өткізілген. Бір реттік бетперделер мен тұзды ерітінділерге қосымша тапсырыс берілген. Бизнес қоғамдастық өкілдерінің қолдауымен жақында ауруханаға су жаңа заманауи реанимобиль табысталған.
– Ауданда 18 тамыздан бері індет жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Бұл босаңсуға ешқандай негіз емес. Ауру кез келген жағдайда бас көтеріп, қайтадан өршуі мүмкін. Сондықтан оған дайындық барысы әрдайым басты назарда. Ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Індеттің екінші толқыны орын алған жағдайда халықтың денсаулығы үшін күреске 18 дәрігер, 36 орта буынды және 5 кіші буынды медициналық қызметкер жұмылдырылатын болады. Олардың барлығы бүгінде тиісті дайындықтан өткізілген. Қажетті жеке басының қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.
Тағы қайталап айтатын мәселе, тұрғындар сақтық шараларын сақтап, көпшілік іс-шараларға барудан уақытша тыйыла тұрса екен дейміз. Жақсы күндер әлі алда екенін ұмытпайық. Соған төрт көзіміз түгел аман-есен жетуімізді нәсіп етсін, – деді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»