Basty bet

Әр гектардан 20 центнерге дейін өнім жиналуда

Ауданда егін орағы қарқынды жүруде. Алтын ораққа Мыңбұлақ ауылдық округінің шаруалары да белсенді кірісіп отыр.
Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Нұрсұлтан Ералиевтың бізге берген мәліметінше, ауылдық округ бойынша 2020 жылдың көктемгі және жазғы дала жұмыстарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылған екен. Биылғы жылы округ шаруалары масақты дақылдар егуге басымдық берген. Атап айтар болсақ, дәндік жүгері 10 гектар, жаздық арпа 1773 гектар, күздік бидай 278 гектар және майлы дақылдар (оның ішінде, мақсары 1236 га, күнбағыс 50 га, қытай бұршағы 30 га) сондай-ақ, картоп 245 га, көкөніс-бақша дақылдары 43 га, таза жоңышқа 291 га. және көпжылдық шөп 2100 га. егіс жұмыстарына жоспарланған. Бүгінгі күнге, жаздық арпаның 1011 гектары орылып, одан алынған орташа өнімділік гектарына 16-17 центнерден айналып отыр. Сонымен қатар, 248 гектарға егілген таза жоңышқа 85% жиналып, көпжылдық шөп 1470 га. 70% орылып, жиналды. Қалған өнім екінші орақтан жиналатын болады.

Сонымен апта басында Мыңбұлақ ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі «Қасымхан» шаруа қожалығының арпа алқабының басында болып, орақ науқанын көріп қайтқан едік. Көлбастау ауылынан Талапты ауылына барар автожол бойында орналасқан арпа алқабында жұмыс қызу. Масағы толысып піскен арпа алқабында «Ростсельмаш» маркалы комбайн жүйткіп жүр. Аталған шаруа қожалықтың мүшесі әрі жұмыстарды үйлестіріп, жүргізіп отырған Руслан Тілеубаевпен ұялы байланыс арқылы тілдесіп, шаруашылықтың жұмыстары туралы айтып беруін өтінген едік.
-Әкем Толымбек Тілеубаев басқаратын «Қасымхан» шаруа қожалығы 2016 жылы құрылған. Ата-анамыздың ақыл-кеңесімен шаруашылықтың сан салалы жұмыстарын өзім қолға алып, тірлігіміздің алға басуы бағытында жұмыс жасаудамыз. Қожалықтың иелігінде 150 гектардай егістік жеріміз бар. Биылғы жылдың өнімі үшін оның 100 гектарына жаздық арпа егілсе, тиісінше, 50 гектарына бидай еккен болатынбыз. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өнімділікке келер болсам, арпа дақылынан әр гектардан 20 центнерге дейін астық бастырып жатырмыз. Жалпы биылғы жылы егіннің шығымына көңіліміз толады.
Егістік жермен тұрақты айналысу үшін шаруаларға жаңа техниканың ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Біз алдағы уақытта жер өңдейтін және астық оратын жаңа техникалар алуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте әрине, Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алудың қажеттілігі туындайды. Қолдағы техникалардың барлығы дерлік ескі. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бағытындағы жеңілдетілген несиеге қол жеткізсек, жаңа техникалар алу ойда бар. Олай болмаған жағдайда мол өнімге қол жеткізе алмаймыз.
Иә, ауылдық елдімекенде тұрған соң жер өңдеп, мал ұстау қажет. Техниканың да, төрт түліктің жағдайын жақсы білу керек. Біз тек қана егін егумен айналыспаймыз. Қазір жайлауда шаруашылықтың 60-қа жуық жылқысы, оның ішінде аналық биелер бағылуда. Жыл сайын құлынын аламыз. Сөйтіп Қамбар ата тұқымын көбейтуге күш салып жатырмыз. Шүкір деп айтуымыз керек, қолда малымыз бар. Оны асырап-бағуға әлеуетіміз толық жетеді. Ол үшін жыл сайын 15 гектарға жоңышқа, эспарцет егіледі. Жем-шөбімізді өзіміздің шаруа қожалықтың егістік алқаптарынан дайындаймыз. Шөп және егін орағы науқанында шаруашылықта төрт адам жұмыс жасайды.
Алдағы бағытымыз белгілі. Шаруашылықты кеңейту арқылы ауылдастарымызға жұмыс орнын ашу, сөйтіп халықтың батасын алу. Тиісінше, ауыл шаруашылығының дамуына кішкене де болса үлесімізді қоссақ дейміз. Өздеріңіз білетіндей, ауыл шаруашылығы халықты асыраушы сала болғандықтан бұған мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлінетіні белгілі. Алайда кейінгі жылдары белгілі себептермен өндірілген масақты дәнді дақылдарға субсидия берілмейтін болды. Төмен пайызбен берілетін несиеге де қол жеткізу оңай болмай тұр. Бұл бағыттағы талаптар сәл де болса оңайлатылса, құжаттар азайса нұр үстіне нұр болар еді,- дейді Руслан Толымбекұлы.
«Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген халық нақылы бар. Шаруаның жайын жақсы білетін Руслан Тілеубаев ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек ете жүріп, өзі тұратын Көлбастау ауылының да өркендеп-өсуіне үлесін қосып отырғанын айтуға тиіспіз. Ол отбасында Құдай қосқан жары Ғазиза Ережепова екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде.
Дәл қазіргі уақытта ауыл-ауылдарда жер өңдеп, егін егіп немесе мал басын көбейту мен асылдандыруды мықтап қолға алған азаматтар жетерлік. Біз оны ауданға қарасты елдімекендерге барған сапарларымызда үнемі байқап жүрміз. Сайып келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл әсіресе, ел ішінде қауіпті індет таралған мынадай күрделі кезеңде де аса маңызды болмақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close