Basty bet
Жетітөбе жұртшылығы мерекені атап өтті
Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай өтіп жатқан «Жуалы – құт мекенім» атты фестиваль Жетітөбе ауылдық округінде жалғасын тапты.
Арнайы өткізіліп жатқан мерекелік шара өз деңгейінде өтті. Келген қонақтарды күмбірлеген күймен, шашу шашып қарсы алды. Фестиваль шымылдығын әдеттегідей көрмелермен ашылды.
Кәріқорған, Шыңбұлақ және Қоңыртөбе ауылдарының кітапхана қызметкерлері жасақтаған «Жұлдызы жанған – Жуалы» кітап көрмесі көрменің көшін бастады.
Кітаптар инсталляциясын пайдаланып жасалған «Жетітөбе» жазуы көрмеге ерекше сән беріп тұрды. Кітап көрмесінде М.Құттыбаевтың «Ұлағатты үш ұрпақ» және М.Ахметтің «Бәйтеректің бұтақтары» шығармаларының қысқаша мазмұны айтылып, шығу тарихы туралы баян етілді. Сонымен қатар, ауыл мақтанышына айналған сол өңірдің тумалары, әскери қызметтің сақалары, Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры Диханбек Сатылғанов және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Қойбақовтың өмірбаяндарымен таныстырды.
«Кимешек» ұлттық байқауынан бас жүлде алған әжелер көрменің көркіне айналды. Ақ жаулықты аналар келген қонақтарға бауырсақ, қымыз ұсынып дастарқаннан дәм татқызды. Ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп тұрған көрмеге қарасаң көз тоярлық, көңіл қуантарлық. Көрмеге қойылған жас буын бүлдіршіндердің қолынан шыққан сан түрлі бұйымдар ерекше сезім сыйлайды.
Ауыл жастарының өмірде озық болуы үшін жасалып жатқан жұмыстар ерекше екендігін байқадық. Оған дәлел, спортқа және өнерге баулитын үйірмелердің көптігі. Фестивальде үйірмелердің жасап жатқан жұмыстарына тоқталып шолу жасалды. Көрмеде Шыңбұлақ ауылдық клубы «Аяла» және «Шалқыма» би үйірмелерінің, «Қуыршақ» театрының, «Алтын ине» және «Сырлы моншақ» қолөнер үйірмелерінің жасаған жұмыстары көрермендердің назарына ұсынылды.
Жуалының 95 жасқа толуына орай аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихаттың депутаты Зиядхан Бүрлібаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашаев, аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Наушабаев және Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Молдаханұлы тұрғындарды мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Мереке бишілер мен әншілердің өнерімен жалғасын тапты.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»