Basty bet

Жол жөндеуді енді кешіктіруге болмайды

Газетіміздің өткен сандарының бірінде аудан орталығындағы Тәуелсіздік көшесінің жолын орта жөндеу жүргізіп жатқан мердігердің он шақты күннен бері көше бойындағы қозғалысты үзіп, арғы-бергі басына үлкен плиталар қойып, бөгеп тастағанын жазған едік. Содан арада он шақты күндей уақыт өткенде, нысанға қайта жолымыз түсті.

Алайда, газет сынынан кейін де мұнда жүріп кеткен қызу тірлікті байқай алмадық. Дегенмен, бұл жолғы барысыма кәсіби қызығушылық емес, бір танысымның көліктердің айналма жол тауып, баратын межелі жеріне Ынтымақ көшесінің аяғындағы терең сайдың табанына түсетін қия еңіс арқылы өтіп жатқанын айтуы түрткі болды.
Танысым айтқан сай Тәуелсіздік көшесі арқылы өтетін болғандықтан, солай қарай көз тастасақ, нысан басында бес-алты адамның топтанып, әлдебір нәрсені талқылап тұрғанын көрдік.
Бұлар мердігер «Жарқынбек» ЖШС-нің директоры Марат Бейсенбеков пен жобаның авторы «ТаразДорПроект» ЖШС-нің басшылары екен. Сәл әріде тепсеңде үш-төрт жұмысшы қайла-күректерін ұстап, жолдың оң қапталынан жиектастар орнататын шұңқыр қазып жүр. Құрылыс басында өзге қимыл-қозғалыс жоқ. Жолдың сол жиегіндегі суағар науаларды бойлап, жиектастар орнатылыпты. Ал суағар науалар жолды бөгеп жатқан үлкен плиталардың тұсына келгенде кілт үзілген. Сол арада жолдың табаны қарсы беттегі сайға дейін қиялап қазылыпты.
– Мына қазылған шұңқырға диаметрі 0,5 метрлік металл тұрба тасталып, бетіне темір торша орнатылады. Жоба бойынша жоғарыдан аққан су жолай суағар науаға түсіп, бертінде металл тұрба арқылы сайға құйылатын болады. Судың суағар науаға түсуі үшін асфальттің беті еңістеу салынбақ. Әрі жиектастың әр 20-25 метрінен 15 сантиметрлік үзік қалдырылып, судың осы қуыс арқылы суағар науаға түсуі қарастырылып отыр, – дейді серіктестік басшысы.
Алайда, жобада суағар науадан әрі қарайғы темір жолдың астындағы көпірге дейінгі 70-80 метрлік аралықта судың жаңа салынған асфальт бетіне жайылуы салдарынан жол бедерінің бұзылуы ықтимал екендігі ескерілмеген. Осы тұста әңгімеге араласқан аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы келешекте көпірдің жанынан қосымша тағы бір көпір салынатынын, сол тұстан төрт бағытқа тарайтын жолайрық салынатынын айтады.
– Нысан басындағы жұмыстың созылуына суағар науаны уақтылы жайластыра алмау да себеп болды. Біз жұмысқа енді кіріскенімізде, тұрғындар оны көшенің арғы жақ бетіне орналастыруды сұранды. Осы өтінішті құп алып, ескі суағар науаны бөлшектеп алып, орнын тегістеп тастадық. Алайда, біз жерді қаза бастағанымызда, байланыс апат қызметі келіп, бұл тұстан байланыс кәбілі өтіп жатқанын, қазуға болмайтынын ескерткен соң, тегістелген жерді қайта аршып, суағар науаны ескісінің орнына қондырдық, – дейді Марат Бейсенбеков.
Көше тұрғындарының да мердігерге айтар арыздары көп екен. Мырзабек Әбдікерімов «Талапқа сай жолдың табанына арнайы көлікпен су шашылуы тиіс еді. Алайда, ол істелмеді. Біз жел соққан сайын шаңнан тұншығып қаламыз. Аулаға жуып жайған кірімізді де шаң тұтып қалады» десе, тағы бір тұрғын жақында алған жаңа автокөлігін бөгеулі плиталардың жанына тастап кетіп жүргенін айтады.
Мердігер ұйым басшысы енді бірер күнде асфальт келетінін айтып, айдың аяғына дейін көшедегі жөндеу жұмыстарын аяқтауға уәде берді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Ынтымақ көшесінің аяғындағы терең сайда сүреңсіз жағдайға куә болдық. Танысым айтқандай, көліктер көше аяқталар тұстан кілт солға бұрылып, сайдан төмен құлдилайтын екі қара жолды әрі-бері қатынас жолы етіп алыпты. Әрідегісі сәл еңістеу болса, бергісімен тік қиялап түсіп жатыр. Қауіптісі де осы. Ертең жауын-шашын түссе, айтқан жерден аулақ, көліктің доңғалағы тайып, аунап кетуі ықтимал. Мердігер жұмысын сағызша созып жүргенде, нағыз қызық сонда болмасын!
Дегенмен жол жөндеуді енді кешіктіруге болмайды!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close