Basty bet
Жыл аяқталып келеді, бюджет қаржысы игеріле ме?
Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Бауыржан Момышұлы ауылының және ауылдық округтердің 2020 жылға арналған бюджеттері нақтыланды. Отырысты кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды.
Кеңес отырысында қаралған мәселе туралы аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова хабарлама жасады.
– Бауыржан Момышұлы ауылы мен ауылдық округтер әкімдіктерінен түскен сұранысқа сәйкес аудандық бюджеттен жыл соңына дейін бірқатар бюджеттік бағдарламалар бойынша қосымша 142 млн. 282 мың теңге қаражат бөлу көзделіп отыр. Олардың ішінде жергілікті әкімдіктер ғимараттары мен балабақшаларға турникеттер орнату, елдімекендерді абаттандыру және көшелерін жарықтандыру, бейнебақылау камералар орнату, оқушылар тасымалы секілді маңызды мәселелер бар. Аудандық бюджетте әлеуметтік саланың шығыстарынан және түрлі көздерден үнемделген қаражат 120 млн. теңгені құрайды. Және салықтық түсімдерді артыру есебінен тағы 74 млн. 375 мың теңге қосымша түсіп отыр. Осы қаржыдан 142 млн. 282 мың теңгені көрсетілген мақсаттарға бөлу мәселесі бюджеттік комиссияда қолдау тауып, қоғамдық кеңестің отырысына ұсынылды, – деді хабарламашы.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев баяндаушы ұсынған құжаттағы Билікөл, Боралдай ауылдық округтерінде және аудан орталығында «Елдімекендерді көгалдандыру және абаттандыру» бағдарламаларына сұралып отырған қаражаттың дәл қазір негізсіз екенін айтып, «бұл жұмыстар бұған дейін атқарылып қойған. Сондықтан неліктен оған қаражат сұралып отыр. Тиісті әкімдіктер елдімекендерді көріктендіру және абаттандыру» бағдарламасына бөлінген қаражатқа тендер өткізіп, қаражатты әлдеқашан игеріп қоюы керек еді. Бұл бюджет заңнамасын өрескел бұзушылық болмай ма?» деп сұрады.
– Елдімекендердегі көріктендіру және абаттандыру жұмыстарын әкімдіктер өз қаражаттарына жүргізген. Олардың сұратқан қаржысы осы қарыздарды жабу үшін қажет, – деп жауап берді Қалима Мықтыбекова.
Кеңес мүшелері Кәрібай Құрмашев, Керімқұл Бегалиев және Гүлнар Мұсаханова хабарламаға қатысты пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Кәрібай Құрмашев отырысқа ұсынылатын мәселелерді он күн бұрын алдын ала пысықтап алып, піскен күйінде әкелуді ұсынды.
Отырыста аудандық қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшелер қабылдау және хатшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев аудандық мәслихаттың шешімімен қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері болып №2 Мыңбұлақ орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Инабат Оңғалбаева мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушовтың қабылданғаны туралы хабарлама жасады. Қоғамдық кеңестің мүшелері Инабат Оңғалбаева мен Мейіржан Телеуішов жиналғандарға өздерін таныстырып, еңбек жолы туралы мәлімет берді.
Қоғамдық кеңес отырысын кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлерлер бойынша тиісті басшылық орындарға ұсынылатынын және орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ