Basty bet

Қайтарымсыз грант – кәсіпкерлікке нақты жол

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – жастардың бизнеспен айналысуына қолдау көрсету.
Мемлекет жүргізіп отырған саясаттың басты бағдары – жастарды кәсіпкерлік негізде оқыту, олардың бизнеспен айналысуына ықпал ету. Себебі, тәуелсіз еліміздің болашағы ойлы, білімді, іскер, еңбекқор жастардың қолында. Сол үшінде елімізде жастар саясатының тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлініп келеді. Негізінен, еңбек етуші халықтың көпшілігі шағын және орта бизнеспен айналысқанда ғана еліміздің белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізетіні анық.

Өткен жылы ауданымызда 285 жанға Үкіметтен 505 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар берілді. Бұл кәсіп ашамын деген шын ниетті жандар үшін үлкен көмек деуге болады. Көзін тапқандар осы қаражатпен кәсібінің іргетасын қалап, әрі қарай дамытуда. Алайда қаражатты алып, мақсатсыз жұмсап, қайтадан бәз баяғы қалпына түскендер де жоқ емес.
Әлима Акбазова 505 мың теңге грантқа ие болған жастардың бірі. Ол ұтып алған қаржысына массаж жасауға қажетті аппараттар сатып алып, бүгінде Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясында халыққа қызмет көрсетуде.
Әлима Оралбайқызы 1990 жылы Ташкентте өмірге келген. Атажұртқа отбасымен 2005 жылы көшіп келген. 2013 жылы Шымкенттегі педагогикалық университетті бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша, 2014-2017 жылдары Оңтүсік Қазақстан медициналық колледжін бітірген. Одан соң Шымкенттегі екі айлық массаж жасауды үйрету курсын оқиды.
-Массаж жасуды Үрпия әпкемнен үйрендім. Массаж жасауға деген қызығушылығым сол кісінің жұмысына, табысына қызығудан басталды.
2008 жылы Акбазов Мұхамедәлі деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Жолдасым диқаншылықпен, яғни қырыққабат, сәбіз, тағы да басқа көкөністерді егумен айналысады.
Өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес-Бастау» курсын оқып, сертификат алып, 2,5 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Оған сегіз бас сүтті сиыр алдық. Бүгінгі таңда отбасымызбен осы кәсібімізді айналдырудамыз.
Жолдасым екеуміз ата-анамызбен бір шаңырақта тұрамыз. Зейнұр есімді бір перзентіміз бар.
Ауылда тұрған соң мал бағып, егін егу керек. Себебі, ауылдағы негізгі табыс көзі – осы кәсіп. Ерінбей, бар мүмкіндікті пайдалануға тырысудамыз. Есесіне еңбегімізге қарай пайдасын да көріп отырмыз.
Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген соң, артынша аудандық кәсіпкерлер палатасындағы мамандардың бағыт-бағдар беруімен қайтарымсыз грантқа қатысып, 505 мың теңге ұтып алдым. Менің жобам ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қатысты, яғни массаж жасау болатын. Қаржы есепшотымызға түскен соң массажға қажетті физиотерапиялық аппараттар сатып алдық. Қазір ауылдық дәрігерлік амбулаторияның бір бөлмесінде тұрғындарға қызмет көрсетудемін. Массажға көбінде кішкентай балалар мен әйелдер келеді. Балалар дауна, ДЦП диагнозымен келсе, әйелдер остехондроз, түрлі буын ауруларымен келеді.
Жалпы қазіргі таңда массажға сұраныс көп. Маған өз ауылымыздан басқа Түктібай, Бақалы, Теріс ауылдарынан да тұрғындар келеді. Қазір карантин жағдайына байланысты көбінде науқастарды үйге жеке шақырып немесе үйлеріне барып жасаймын. Қызметімнің ақысы да қолжетімді. Түрлі сырқаттарымен аурухананың есебінде тұратындарға жеңілдіктер жасаймын,- дейді Әлима Оралбайқызы.
Иә, қайтарымсыз грант – кәсіпкерлікке нақты жол. Үстіміздегі жылы ауданда тағы да 293 жанға кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Қайтарымсыз гранттың мақсатын түсініп, мақсатты жұмсаудың тиімділігін түсінетін кез әбден жетті.
Үкімет көмегімен өз кәсібін қолға алған жастарға сәттілік серік болсын!

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close