Basty bet

Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті сараланды

Өткен аптаның соңында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев Жуалы ауданына іссапармен келіп, бірқатар ауыл шаруашылығына қатысты мекемелер мен нысандарды аралады. Берік Болатұлының назарына ең алдымен Қарасаз ауылдық округінде жөндеуді қажет етіп отырған «Береке» су тоғаны таныстырылды. Сыйымдылығы 300 мың текше метр болатын тоғанның құрылысын жүргізуге 22 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Аталған су тоғаны «ҚазСуШар» мекемесінің Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміне алынған. Кеңес Одағы тұсында аталған окургтің бірқатар бөлігін суландырған су тоғаны іске қосылған жағдайда 40 гектардан астам егістік алқабын суландыруға мүмкіндік туатын көрінеді. Бұл туралы «ҚазСуШар» мекемесінің облыстағы өкілдерімен қатар, Қарасаз ауылдық округінің қоғамдастық төрағасы Ермахан Қойлыбаев та айтып отыр.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің жұмысшыларымен кездесіп, шаруашылыққа қарасты Ақсай айналымындағы қарағай өсіретін тәлімбағын да аралап көрді. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарды мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы Рүстембек Дәуітов кеңінен айтып берді. Тиісінше, шаруашылықтағы орман қоры 103 мың гектарды құрайды. Оның 48 проценті орман жолағымен көмкерілген.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның да жұмысымен танысқан Б.Нығмашев аталған сүт зауытына сүт өткізетін кәсіпкерлермен де кездесіп, проблемаларымен танысты. Кездесу барысында бірқатар сүт өткізуші кәсіпкерлер сүтті сиырдың басын көбейту, жем-шөп қорын молайту мақсатында жеңілдетілген несие алуда бірқатар қиындықтар бар екенін айтып, мемлекет тарапынан көмек болса деген тілектерін жеткізді.
-Жуалы ауданының шаруалары негізінен сүт бағытына бейімделген. Себебі, бұл қасиетті мекеннің шөбі шүйгін, жері де мал асырауға өте қолайлы болып келеді. Мұнда өндірілетін сапалы сүт өнімдері қазіргі таңда ішкі нарықпен қатар көршілес Ресей нарығына да шығарылуда. Әлбетте, бұл салада бірқатар проблемалар бар екенін білеміз. Пандемияға байланысты ел Үкіметі ауыл шаруашылын одан әрі дамыту мақсатында жаңа бағдарламалар қабылдауда. Онда шаруаларға жеңілдіктер мен қолдаулар көптеп қарастырылып отыр. Осы орайда мен ауданға жасаған сапарым аясында сіздермен кездесіп, салада туындап отырған мәселелермен танысайын деп ұйғардым. Ұсыныстарыңызды жеткізіңіздер. Тиісінше, біз де осыған байланысты шешімдер қабылдайтын боламыз,- деді Берік Болатұлы.
Кездесу барысында жеке кәсіпкерлер Назим Бакиров, Ермахан Қойлыбаев, Нұрлан Сармұрзин, Сағыныш Жақсылықов ұсыныстарымен бөлісті. Олар негізінен жеңілдетілген несие алудың қиындықтарын, оған қол жеткізудің машақаттарын ашып айтты. Келесі кезекте «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әбдібек Пошқаев малды асылдандыру арқылы ғана сүтті сиырдың басын молайтуға болатынын айтты. Бұл бағытта аудан шаруаларының әлеуетін тиімді пайдалану керектігі де баса айтылды. Қызыларық ауылдық округінда орналасқан «Ахмет» шаруа қожалығында өткен кездесуде де сүтті бағыттағы сиырдың басын көбейту мәселелері кеңінен талқыланды. Шаруашылық төрағасы Сұлтан Ахметов осы бағытта еңбектеніп жатқанын айтып, облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашевты 400 бас сауын сиырға арналып салынып жатқан заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысының жобасымен таныстырып, құрылысқа көмек сұрады.
Атап айтқанда, аталған шаруашылық біраз жылдан бері 122 бас асыл тұқымды сиыр ұстап, одан сауылатын сапалы сүтті күнделікті аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткізіп отыр. Ол бұл кәсіпті алдағы уақытта дамытуға, сауын сиырдың басын көбейтуге Үкімет тарапынан нақты көмек-қолдаулар жасалса дейді.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев келесі кезекте аудан орталығында сүт өңдеумен айналысатын «LF» компаниясының, Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруа қожалығының картоп алқабын, сонымен қатар, ондағы жаңа технологиялармен танысты. Атап айтар болсақ, аталған шаруашылық 20 жылдан бері картоп егумен тұрақты айналысып келеді. Биылғы жылы 80 гектар алқапқа картоптың «Кроне», «Удача» деп аталатын элиталық сұрыптарын еккен екен. Шаруашылық басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев өнімді тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы егіп жатқанын айтады.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру мақсатында қанатқақты жоба аясында несие алған Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, мұнда құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің атқарып жатқан жұмыстарымен кеңінен танысты. Бұл жұмыстар бойынша Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Арабхан Заппаров, «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов кеңінен баяндады. Кездесу барысында тұрғындардың өтініш-пікірлері, ұсыныстары да назарға алынды.
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жоба аясында Жуалы ауданынан таңдалып алынған Ақтөбе ауылдық округіндегі жұмыстармен танысқан Берік Нығмашев ең алдымен ауылды дамытуға, тұрғындардың табысын арттыруға арналған бұл бірегей жобаның тиімділігіне тоқталып, тұрғындарды өнімді әрі тиімді жұмыс жасауға шақырды.
Айта кету керек, облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашевтың ауданға сапары барысында араланған нысандардың жұмысымен аудан әкімі Нарбай Ергебековпен бірге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов таныстырды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close