Биыл ауданның мәдениет саласында екі бірдей нысан пайдалануға берілді. Оның алғашқысы – аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесінің қарсаңында қайта пайдалануға берілсе, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйі тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аудандағы үлкен елді мекендердің бірі Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы Нұрлыкент ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу мәселесі тұрғындар тарапынан бірнеше жылдан бері көтеріліп келген еді. Атап айтқанда, бұл мәселе соңғы бес жылдың көлемінде аудан және облыс әкімдерінің халық алдында есеп беру, кездесу жиындарында тұрақты көтеріліп жүрді. Ауылдың байырғы тұрғыны, жанашыр азамат Нұржігіт Бәйдібеков бұл мәселе жөнінде облыс басшысында бірнеше рет қабылдауда болған. Содан кейін ғана Нұрлыкент ауылында мәдениет үйін салу мәселесі жан-жақты зерделеніп, нәтижесінде 2020 жылдың қыркүйек айында аталған ауылдан 180 орындық мәдениет үйінің алғашқы қазығы қағылып, оның құрылысы биыл толықтай аяқталып отыр.
Жоба құны 101 миллион 360 мың теңге. Жобаны тараздық «Нұрбек» ЖШС жүргізді. Жобаның құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылғанын да айта кеткен жөн. 180 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимараты негізгі үш бөлмеден тұрады. Оның бір бөлігі кітапханаға арналған үлкен бөлме болса, сол қапталда негізгі көрермен залы орналасқан. Көрермен залының ұзындығы 18 метр болса, ені 8,61 метрді құрайды. Айта кету керек, кітапхана оқырман және кітап сақтайтын екі бөлмеден тұрады. Ғимараттың жалпы көлемі 356 шаршы метр.
Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында Нұрлыкент ауылындағы мәдениет үйінің ашылу салтанаты болып, оған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Бес мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы мәдениет үйі ашылуының салтанатты жағдайда өтуі бір жағынан заңды да. Өйткені, бұл тұрғындар көптен күткен қуаныш болатын. Оның үстіне мәдени ошақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында ашылып отыр.
Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа берілді.
-Қадірлі жерлестер!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл ел өмірінде ерекше жыл. Олай болатыны, биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі өте қастерлі әрі мерейлі мереке. Қастерлі болатыны – бұрынғы өткен ата-бабаларымыз азаттықтың ақ жолында арпалысып, ел егемендігін ғасырлар бойы аңсап өтті. Тәуелсіздіктің арайлы таңын қарсы алу бақыты біздің бағымызға бұйырған екен.
Ең алдымен сіздерді ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын. Қазақстан азаттықтың 30 жылы ішінде қандай сынақтардан өтіп, қандай жетістіктерге жетті, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы жылдардың ішінде Қазақстан Республикасын әлем елдері мен дүниежүзілік қауымдастық мойындады. Ел экономикасы бірнеше есеге өсіп, халқымыздың әл-ауқаты да артып келеді. Мұның бәрі әрине, ең бірінші кезекте халқымыздың ауызбірлігі мен еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгер көшбасшылық қасиеті мен сындарлы саясатының арқасы деп білгеніміз жөн
Халқымыз өнерді, руханиятты, өнер адамдарын қадірлеп, жоғары бағалайды. Осыған сәйкес халық арасында өнердің бағасы да артады. Мен ойлаймын, осы Нұрлыкент ауылынан өнердің нағыз майталмандары өсіп шығады. Ол үшін мынау ашылғалы отырған мәдениет үйі бұл мақсатта жұмыс істейтін болады. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ашылған жаңа ғимарат құтты болып, халыққа қызмет көрсете берсін. Мерейлі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға жақсылық пен табыс тілеймін,- деді Бердібек Машбекұлы.
Келесі кезекте ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Нұрлыкент ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назарұлы, жастарды өнер мен білімге, отаншылдық рухта тәрбиелеуде мәдениет ошағының маңыздылығын айтып, оның салынуына ықпал жасаған облыс басшылығына алғысын жеткізді. Ал ауданның Құрметті азаматы, батагөй қария Аманжол қажы Дүрәліұлы қуанышқа жиналған қауымға арнап бата берді. Жаңа нысанның лентасын Қалдан Назарұлы мен ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым қажы Ергебеков салтанатты жағдайда қиды. Ауыл әжелері шашу шашты.
Иә, бұл күні ауылдық мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының қатысуымен тұрғындарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің мүшелері, ауданға танымал өнер және мәдениет майталмандары ән-жырдан шашу шашты. Бұл мерекелік шараға аймақ басшысы Б.Сапарбаев та қатысып, жуалылық өнерпаздардың өнеріне тәнті екенін жеткізді. Сонымен бірге, мәдениет үйінің ішінде орналасқан ауылдық кітапхананың да жұмысымен танысты.
Мәдениет ошағының ішінде мерекелік шаралар мен кітап көрмесі ұйымдастырылса, ал аулада қазақтың арқан тарту, асық ату, т.б. ұлттық ойындары қатар болып жатты. Ал одан бөлек, ауыл тұрғындарына арнап азық-түлік жәрмеңкесі де өткізіліп, онда тауарлар нарық бағасынан арзанырақ саудаланды.
* * *
Аймақ басшысы Б.Сапарбаев Жуалы ауданына жасаған арнайы сапары барысында Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Аймақ басшысы шаруашылықтың сыйымдылығы 650 тонналық картоп сақтауға арналған қоймасында болды. Шаруашылық биыл егіс алқабына Қарағанды облысынан жеткізілген І репродукциялы картоп тұқымын егіп, одан алынған өнімді қоймаға жинап алды. Қазір мұнда сұрыптау жұмыстары жүруде. Шаруа қожалықтың жұмысымен жан-жақты танысқан Бердібек Машбекұлы өз сөзінде, Жуалы ауданы картоп өсіруге қолайлы өңір болғандықтан, бұл аудан экологиялық таза картоппен бүкіл облыс халқын қамтамасыз ету қажет екендігін айтып, шаруаларды осы мақсатқа жұмыс істеуге шақырды.
Б.Сапарбаев келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда облыстық тұрақтандыру қорынан 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының біршама қоры жеткізілген. Тауар түрі мен көлемін одан да көбейтуге мүмкіндік бар екенін айтқан аймақ басшысы, мынадай қымбатшылық қысқан уақытта әлеуметтік азық-түлік тауарларын шекті бағадан асырмауды мықтап тапсырды. Аймақ басшысының назарына бұдан соң алма өсіруде көп жылдық тәжірибесі бар «Таң» шаруа қожалығының жұмысы ұсынылды. Қазіргі таңда шаруашылықтың жеміс-жидек қоймасында 10 түрлі алма сортының 100 тоннадай қоры сақтаулы.
Биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында алғаш рет үш қабаттан тұратын 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды осындай көпқабатты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аудан басшылығының тұрақты назарында. Осы орайда алдағы жылдары әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Ол үшін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілген.
18 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысқан облыс басшысы Б.Сапарбаев аудан басшысына бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан спорт-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылысты тараздық «Әділ Құрылыс и К» ЖШС жүргізуде. Мердігер мекеме жоба құрылысында бірқатар кемшіліктерге жол берген. Мекеме басшысына құрылыста орын алған кемшіліктерді тез арада түзету керектігі тапсырылды.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жасаған сапарын аудан активінің жиынымен қорытындылады. Онда аудан әкімі Олжас Қаржауов өңірдің ағымдағы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамын баяндады. Онда өңірлік өнім көлемінің артып отырғаны сөз болып, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл ауданда 15 жобаның жүзеге асырылып жатқаны мәлім болды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, т.б. салалар бойынша өсімге қол жеткізіліп отырғаны, республикадан берілген қаржылардың жыл соңына дейін толық игерілетіні айтылды.
Актив жиынын қорытқан облыс әкімі Б.Сапарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір басшыларына берген тапсырмаларының дер кезінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге күш салу, экономикалық көрсеткіштердің республика көрсеткішінен кем болмауын, тиісінше, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып, соның аясында аудан басшысына бірнеше тапсырма жүктеді.
-Ағымдағы жылды қалай қорытындылаймыз, келер жылдың негізі де осыған сәйкес қалыптасады. Сол үшін барлық салада көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Бәріміздің міндетіміз біреу, ол – өңір халқының әл-ауқатын арттыру, оларға өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасау. Сол үшін әлеуметтік саладан бастап, денсаулық, білім салалары мен қоғамдық-саяси ахуалды да тұрақты назарда ұстау қажет. Әсіресе, тәуелсіздік мерекесі күндері ауылдардағы аз қамтылған отбасыларға азық-түліктей көмек жасаңыздар. Азық-түлік бағасын тұрақты түрде назарда ұстауды тапсырамын. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды ары қарай жалғастыра беріңіздер. Негізгі міндеттер осы. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,- деді Бердібек Машбекұлы.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»