Basty bet

«Өлінің қамын тірі жер»…

Тәттібай ауылындағы көпке үлгі боларлық сауапты іс

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге жанашырлықпен қарау, оған атсалысыу, құндылықтарды қадірлеу, өмірден өткен бабалар рухына тағзым ету мәселелері жан-жақты атап көрсетіліп, атқарылатын жұмыстардың да жай-жапсары кеңінен қозғалды. Осыған сәйкес ел өңірлерінде бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынып, атқарылу үстінде. Соңғы жылдары байқап жүрміз, ауданға қарасты ауылдарда әр жылы мектеп бітірген түлектер сауапты істер жасап, ауыл ақсақалдарының алғысына бөленіп, ауылдастарының батасын алып жүр. Олардың атқарып жатқан жұмыстарының бірпарасы ретінде ауыл маңындағы қабірстанның маңын қоршап, оған барар жолды жөндеп жатқанын айтуға болады. Бұл жұмыстар әр ауылда әрқалай жүруде.

Жақында ішкі істер саласының генералы, жерлесіміз Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында тұратын Қаңлы атаның ұрпақтары, оның ішінде Сейітқұл ата ұрпақтары зиратқа барар жолға шағал төсеу жұмыстарын жүргізіп, әруақтарға Құран бағыштады. Атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары туралы осынау сауапты істің басы-қасында жүрген ауылдың түлегі, ішкі істер саласының ардагері Махатбек Өтелбаевпен бірге барып көрген болатынбыз.
– Туған ауылымыз туған анамыз іспеттес. Бұрынырақта Амангелді, ал тәуелсіздік алған жылдары генерал-майор Тәттібай Дүйсебайұлының есімімен аталған ауылда туып-өскенбіз. Амангелдінің қымызы, еті еліміздің бірқатар өңірлеріне танымал екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Өзім ауылдан жас кезімде көшіп кеткенмін. Қызмет бабымен облыстың бірқатар аудандарында, одан соң өзіміздің ауданда жұмыс істедік. Әйтсе де туған ауылға жиі-жиі барып тұрамыз. Онда ағайын-туыстарымыз тұрып жатыр. Өмір бар жерде өлімнің де болатыны айдан анық. Қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Ауыл шетіндегі ата-бабаларымыз, апаларымыз бен бауырларымыз мәңгілік тыныс тапқан бейітке барар жолдың жайы мені біраз жылдан бері толғандырып жүрген болатын. Атап айтар болсам, ауылдан бастысқа қарай екі шақырымдай болатын қара жол көктем және күз айларында балшық болып езіліп, көлікке де, жаяу адамдарға да жүруге мүмкіндік бермейді. Қыстың күндері мұнда қар мол түсетіндіктен жол жабылып қалады. Сондай қиын қолайсыз ауа райында қайтыс болған адамдарды қабірстанға жеткізу оңай жұмыс емес.
Жақында ауылдың ақсақалдарымен, белсенді жанашыр азаматтармен ақылдаса келе ауыл мен бейіттің аралығын жалғап жатқан екі шақырым жолға құмшағал төсеу керек деп шешкен болатынбыз. Алдымен ауыл тұрғындарынан қаражат жиналды. Әркім мүмкіндігіне қарай беріп жатыр. Бұл сауапты іске басқа өңірлерде тұратын немесе жұмыс істейтін ауылдас азаматтарды да тартып жатырмыз. Істі бастадық. Бастамамыз жаман емес сияқты. Ауыл азаматтары жұмылып жұмыс жасауда. Біз бұл ретте жеке жүк көлігі бар азаматтарға үлкен сенім артып отырмыз. Осы орайда, құм-шағалды жүк көліктеріне тиеуге ауылға магистральды ауыз су құбырын тартып жатқан қосалқы мердігер «Казспецстрой» серіктестігінің жүктиегіш көлігі көмекке келіп отыр. Біз ауыл тұрғындарының атынан серіктестік басшылығына алғысымызды білдіреміз,- дейді Махатбек аға.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, аталған елді мекеннің ақсақалдары мен аға буын өкілдері де сауапты іске баталарын беріп, іске кіріскен ауылдастарына қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, ауылдың қадірлі ақсақалдары Қуандық Аманбаев, Лесбай Назарбаев ауылда қордаланған бірқатар проблемалдарды да сөз етті.
–Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан осында тұрған. Ол уақытта әр әулет өз алдына бұлақтардың басында, сайлардың жағасында мал бағып, егінін егіп, тіршілік кешкен. 1958 жылдан бастап ауыл болып біріккен екен. Біз онда бозбала едік. Содан осы ауыл біздің құтты қонысымыз. Ауыл тұрғындарының айналысатын негізгі кәсібі – мал бағу, егін егу. Тиісінше, төрт түліктен ет, сүт, қымыз өндіріп сыртқа шығарамыз. Ауылда сауда-саттықпен де айналысатын кәсіпкер азаматтар баршылық.
Ауылда барлығы төрт көше бар. Оның біреуінде ғана асфальт жол бар. Қалған үш көшеге осы уақытқа дейін бірде-бір рет асфальт жамылғысы төселген емес. Жазда шаңнан көз ашпаймыз. Немерелеріміз көшеге шығып ойнай алмайды. Биылғы жылы ауылға ауызсу құбыры тартылып жатыр. Оған қуанамыз әрине. Ауызсуды да тұрғындар көп жылдан бері күтті. Біздің облыс, аудан басшыларынан сұрайтынымыз – көшелердің жолын жөндеу. Тағы бір айтатынымыз, ауыл ішіндегі электр бағаналарының әбден тозығы жеткен. Кей жерлерде бағандарды бетон тіреуіштердің арматуралары ғана ұстап тұр. Бұл тұрғындар үшін, оның ішінде жас балалардың өміріне өте қауіпті. Ұялы байланыс пен интернеттің мәселесі тағы бар. Қазір студенттердің бәрі ауылда қашықтықтан сабақ оқып жатыр. Оған бірінші кезекте байланыс пен интернет қажет-ақ. Жаңа технология ғасырында осы айтылған мәселелерге мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар,- дейді зейнеткер ұстаз Лесбай Назарбаев.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді дана халқымыз. Татулық пен ынтымақ, ауызбіршілік бар жерде ғана берекелі тірлік болатынын өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеп қойған. Жуалы ауданында 50-ге жуық елді мекен болатын болса, оның ішінде ынтымақты ауылдарға қарап көңілің сүйсінеді. Мұның ішінде Т.Дүйсебайұлы ауылының да аты аталады. Аталған ауылда бұған дейін де көпшіліктің күшімен көптеген шаралар атқарылды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл игі істердің басында жүрген «Амангелді» шаруа қожалығының төрағасы Ермекбай Райымқұлов, ауылда құрылған өндірістік кооперативтің төрағасы Қуат Жапарқұлов, сонымен қатар, Нияз Шопаев, Құрман Райымбеков, Мелдебек Баубеков, Пернебек Өмірәлиев, Мықтыбек Қанаев т.б. азаматтардың белсенділігін атап өтуді парыз санадық. Одан бөлек, 1963 жылғы туған ауыл азаматтары мешітке көмек қолын созуды ұмытпай, құдайы тамақ жасауға қажетті үстел жабдықтарын да алып беріпті.
«Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің,
Өлгенде ғана білінер» деп жырлаған екен өмірден ерте озған ақын Нұрлан Мәукенұлы. Өмірден құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын бұл өлеңінде әруақтарға құрмет жасау тірілердің парызы дегенді жыр жолдарымен жеткізіп отыр. Өмір бар жерде ажалдың да бар екенін ұмытпайық. Ел қорғаған, жұрт болып ұйысуды аманат етіп қалдырған ата-бабаларымыздың, тіршілік жібін жалғап, ұрпақтар жалғастығына себепкер болған аналарымыздың рухына тағзым ету – бәріміздің қасиетті борышымыз.

Нұржан Манасұлы,

“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close