Basty bet
Жуалы жұрты арыстықтармен бірге!
Аптаның алғашқы күні оқыс оқиғамен басталды. Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында апат болды. Жан түршігерлік жойқын жарылыс салдарынан дүмпулер орын алып, іле-шала өрт басталған. Алапат апат туралы бүкіл ел әлеуметтік желілерде таралған бейнесюжеттерден лезде-ақ хабардар болды.
Арыстықтардың жағдайына алаңдап, қабырғасы қайысқан ағайын жан-жақтан көмек қолын созуға жұмылды. Ең әуелі, тиісті мемлекеттік органдармен бір мезетте басқа да қарапайым азаматтар жарылыс кезінде дағдарып қалған тұрғындарды, ата-анасы көз жазып қалған балаларды қауіпсіз жерге жеткізуге атсалысты. Қоғамдық ұйымдардың бастамасымен арнайы көмек қорлары құрылды. Еңбек ұжымдары біркүндік жалақысын аударып үлгерді. Бұл ежелден қанымызға сіңген ағайынгершілік қасиетіміздің, қысылтаяң шақта бір үдеден табылатын адами парызымыздың, ең бастысы, елдігіміздің, береке-бірлігіміздің белгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орын алған алғашқы сәттен-ақ тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді және өзі де апат аймағына арнайы ұшып келді. Ауыр жағдайға ұшыраған арыстықтардың шертер күйіне, шағар мұңына назар аударды. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау жасалатынын айтып, адамдардың алаң көңілін демеді. Иә, ел барда ешкім де далада қалмайтыны анық. Апаттан жарақат алғандарға медициналық көмектен бастап, үй-жайынан айырылған тұрғындарға дейін барлық қажетті көмек көрсету шаралары жүргізілуде.
Орын алған оқыс оқиғадан қала тұрғындары үй-жайларын жаппай тастап кетуге мәжбүр болды. Зардап шеккен біраз азаматтар Жуалы ауданына да келіп, мешіттерге, аудан орталығы мен жапсарлас елді мекендердегі туған-туыстарының үйлеріне жайғасты.
– Ауданымызда арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. Штаб мүшелері Арыс қаласынан келген азаматтарға тиісті көмек беру, азық-түліктерді қалаға жөнелту жөнінде тиісті шаралар қабылдауда. Күні кеше Арыс қаласынан ауданымызға туыстарының үйіне келген бір топ отбасылармен кездесіп, тиісті көмектердің көрсетілетінін айттым. Арнайы әзірленген орындарға қоныс аударуды ұсындым. Олар туыстарының үйі ыңғайлы екенін, осында болатынын жеткізді. «Nur Оtаn» партиясы аудандық филиалы жанындағы қажетті жабдықтар мен азық-түліктерді қабылдау пунктінен, тиісті мекемелер тарапынан көмектер беруді тапсырдым, – дейді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.
Ауданға тұрақтаған азаматтармен «Nur Оtаn» партиясы аудандық филиалы, ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшылары да кездесіп, жағдайларын біліп, оларды сабырға шақырды. Арыстан келген азаматтарға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылып, қажетті ас-су, азық-түлік, көкөніс, жемістер, киім-кешектер, гигиеналық заттармен медициналық көмектер көрсетілді.
Ауданда зардап шеккендерге әлеуметтік жәрдем беру шаралары алғаш күннен бастап қолға алынды. Бауыржан Момышұлы атындағы қайырымдылық қорына зейнеткерлер, еңбек ұжымдары өкілдері мен қарапайым тұрғындар ақша аударуда. Апат аймағындағы тұрғындарға ауданнан жалпы сомасы 1,3 миллион теңгені құрайтын 3,5 тонна азық-түлік керуені жөнелтілді. Сондай-ақ Арыс және Шымкент қалаларынан «Жуалы» мешітіне келген сегіз ересек және алты балаға тиісті көмектер көрсетілді.
Бүгінде аудандағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойына, темір жол бекетіне тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған. Аудан орталығындағы екі мектеп базасында және «ҚазАвтожол» жылыту пунктінде арнайы қабылдау орындары әзірленген.
Арыстықтардың иығына түскен ауыртпалық барша елдің басын біріктіре, топтастыра түсті. «Орнында бар оңалар» дегендей, Алла қайырын берсін!
Бет қатталып жатқанда, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалы басшылығының одақ мүшелерінің бір жылдық жарнасын толығымен Арыс ауданында жарылыстан зардап шеккендерге көмек қорына аудару туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»