Basty bet

Еленбей кеткен ер

(Ұлы Отан соғысында шейіт болған гвардия лейтенанты Қасым Ералыұлы атамның рухына арнаймын)

Өткен ғасырдың ең сұрапыл оқиғаларының бірі 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы болды десем, әсте қателеспеймін. Миллиондаған адамның өмірін жалмап кеткен бұл қасіретті жеңуге, қас-дұшпанға қарсы тұруға қазақ халқы да орасан өзіндік үлес қосты. Соның бірі де бірегейі Боралдай өңірінен шыққан сондай-ақ намысты, елі мен жұртын сүйген абзал азаматтардың бірі – Ералиев Қасым Ералыұлы болатын. Ол кісі 1945 жылы Боралдай өзенінің жағасы әйгілі Қостұра тауының баурайындағы Қанай Кәрі-Асу жайлауында дүниеге келген.

Кез келген тұлғаның артында іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, халықтың санасынан ақырын бірте-бірте өше беретіні ақиқат. Күндердің күнінде әулет ұрпағын, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын майданда шейіт болған Қасым атамның жоқтаушысы ретінде жарғақ құлағым жастыққа тимей сабылып жүретінімді ол кісі қайдан білсін?!
Әулет намысын қастерлей білетін жігіт ретінде әуелі әзірленіп жатқан облыстық «Боздақтар» зерде кітабының редакциясына бірнеше дүркін телефон соғып, атамның тізім-тізбеде бар-жоғын анықтадым. Атам Қасым Ералиевтың тізімге ілінуіне мұрындық болдым. Қандай себеп болғанын білмеймін, кітапқа әскери суреті шықпай қалыпты. Гвардия аға лейтенанты шенінде танкіге қарсы қару ротасының командирі болғанын біле тұра менің намысшыл көңілім тыныш таппай, ақыры облыстық «Боздақтар» зерде кітабының редакторы марқұм ақын Жақсылық Сәтібекұлының жұмыс кабинетіне өзім бардым.
Сол кезде менің жалт-жұлт еткен жанарымнан алыс жылдарда шалғай мекенде шейіт болған атама деген сағыныш пен мақтаныш ұшқынын анық байқауға болар еді. Сағынышым да, мақтанышым да заңды. «Зерде» кітабына енетін отыз мыңнан астам жамбылдық боздақтың арасында қазақ жігіттерінен шыққан офицер шеніне жеткендері бірен-саран ғана. Соғыс басталғанға дейін-ақ, жас жауынгерлерді Отан қорғау машығына тәрбиелеп жүрген, соғыстың алғашқы жылдарынан сол жауынгерлерін бастап майданға аттанған мұндай азаматты қалай мақтаныш етпеске.
Ақын Жақсылық Сәтібековке ақкөңіл, албырт жігіт атам жайлы әңгімемді аптыға баяндап отырып, талай сырдың тиегін де ағытып салдым. Ералы атам мен Орынкүл әжемнің он бір перзентінің тоғызы бірдей шетінеп кетуі тегін болмауы да мүмкін. Қазақта ғана емес қай халықта болмасын «тіл-көз» деген бар ғой. Бұл ғылымда да дәлелденген қағида. Сол он бірден «тіл-көзден» аман қалып, ат жалын тартып мінуге қалғаны Қасым атам және менің әкем Әбдәлі еді.
-Қасым аға мүлде бөлек жаратылған жан еді ғой,- дейді оның өкшелес інілерінің бірі, марқұм қадірменді қария Зиябек Толымбаев. -Дене бітімі құрыштан құйылған мүсіндей, қос жанары көк аспандағы жарық жұлдыздай жалт-жұлт етіп нұр шашып тұратын. Қимылы шалт, жүріс-тұрысы өте ширақ сыптығырдай жігіт еді. Қасекеңнің кісілігі мен кішілігі бірден өзіне баурап алатын. Бойына ойы сай, келбетіне кемелдігі үйлескен аптал азамат еді. Шалғай жатқан шағын ауылға жаңа заманның жаңалықтарын дәріптеуші бірден-бір азамат сол кісі десем, артық айтқандық болмас. Бүгінгі жастардың бойына артық күш біте қалғандары сол қасиетін мықтағанда төбелеске жұмсап «көзге түседі» ғой. Ол кездегі біз ауыл балалары күш-қуаттың да жұмсалар орны бар екенін Қасым ағаның мінезінен, күнделікті қимыл-қарекетінен көріп өстік. Басқасын былай қойғанда, бұлшық еттері бұлтылдап, өзі қолдан жасаған турникте неше түрлі өнерлер көрсеткенде аузымыз аңқиып, жасаураған жанарымыз шарасынан шыға жаздап есіміз ауып қалғандай болатынбыз. Онысына бала түгілі үлкендер де таң-тамаша қалар еді. Сұңғақ, жауырынды дене бітіміне әркім-ақ қызыға қарайтын.
«Өткір кездік қап түбінде жата ма?». Кейін ойға келе беретін әңгіме ғой, өзінен бірер жасы үлкен, өзінен бірер жыл бұрын әскерге алынған Бауыржан ағасының Қасым атамызға әсері, ықпалы болды-ау деймін. Ол кісі де әскерге соғыс басталмай кетті. Елін қорғайтын азаматта бөлек бітім, оған қоса ерекше дайындық болу керектігін сол кезде-ақ ойына алған шығар бәлкім.
«Бауыржан ағасының әсері» деген сөздің жаны да, жөні де бар сияқты. Тіпті, әскерге өзі сұранып кетпегеннің өзінде соғыс басталғанға дейін мұндай жағдайлар кездесе бермеген Қасым Ералиевтың алда азаматтық борыш күтіп тұрғанын терең сезінген, оны жадында мықтап сақтағаны шындық. Ал, соғыс басталғанға дейін Пермь облысы Соликамск қаласы түбіндегі Калиец поселкесінде лейтенант шенінде әскери қызмет атқаруы оның ә-дегенде-ақ арнайы оқу орнында білім алғанын аңғартады.
Тағдырлардың тоғысуы дегеніңіз кейде күтпеген жағдайда бола кетеді ғой. Олай деуге дәлел Полина дейтін орыс қызының Воронеж облысында туып, кейінірек шешесімен бірге Ленинград маңына, одан шалғайдағы Карелия-Фин жеріне қоныс аударуы, ақыры соғыс басталған аптаның аяғында тағдыр айдап Қасым атам әскери қызметін өтеп жатқан Калиец поселкасына көшіп келуі сияқты көрінеді.
Бетқаратпас дауылдай болып басталған соғыстың алғашқы айларында жаудың біздің әскерлерді жойқын күшпен ығыстыра алға жылжып келе жатқаны кімнің болмасын жүрегін шайлықтырып, өлім өткелі күн санап жақындап келе жатқандай, аңғал көңіл емес, жағдаятты таразылай білетін түбегейлі ой солай пайымдағандай кезең еді ғой.
Дәл сондай қысылтаяң кезеңде азды-көпті жасының екі мүшелін артқа қалдырған есті жігіт Қасым атамның ойына бір кіндіктен екі-ақ перзент қалғаны, соңына ерген жалғыз інісі менің әкем Әбдәлінің әскер жасына жете қоймағаны, ол жасқа жете қалған күннің өзінде отау тігуге мүмкіндігі бола қоймайтыны түскен шығар, мүмкін. Пешенесіне жазылуы тиіс қаракөздер қол жетпес қиырда қалды. Әулет ұрпағының жалғасын ойлайтын азаматқа ойының түйінін қысқа жіп күрмеуге келмейтін мынадай алмағайып шақта шұғыл шешу керек шығар, бәлкім. Осылай болжам жасағанда «перзент» дейтін асыл арманның, талассыз мақсаттың жас жігіттің қолына «тәуекел» тізгінін ұстатқанын анық аңғарғандайсың.
Қасым атам сол 1941-ші жылдың соңында Полинамен көңілдері жарасып, некеге тұрды. Содан төрт ай өткенде өзі де өз еркімен сұранып майданға аттанды. Алдағы күндердің күңгірт-күмәндығына қарамастан келіншегінің бойында өмірінің жалғасы қалып бара жатқанына анық көзі жетіп, көңілі толып аттанды…
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы
(Жалғасы бар)

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close