Basty bet

“Отбасындағы үйлесімділік пен татулық – ең үлкен жетістік”

“Отан отбасынан басталады” дейді дана халқымыз. Олай болса, Отанның тыныштығы әр отбасындағы ынтымақ-бірліктен, тәлім-тәрбиеден басталары сөзсіз. Адам өмірінде тәрбиенің рөлі өте жоғары. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде “Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие” деген. Бұл – тәрбиенің маңызын меңзейтін хадис. Шын мәнінде, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Ғұламалардың бірі “Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат” деген екен. Яғни, әлсізді мықты, мықтыны тұлға қылатын құндылықтар тәрбие мен тектілік адамның бала кезінен отбасында қалыптасады.

Көлбастаулық көпбалалы отбасы Мұхтар Сыдығалыұлы мен Жанар Болысбекқызы бес қыз тәрбиелеп отыр. Оның төртеуі спортты жанына серік еткен. Спортшы қыздардың сабақ үлгерімдері де жақсы.
Мұхтар аға қыздарының спорттағы жетістіктерін қуанышпен жеткізді.
-Тұңғышымыз Фатима бүгінде Тараз мемлекеттік университетінде грант негізінде білім алуда. Фатиманың болашақ мамандығы – мұғалім.
Қыздарымның дзюдо күресімен айналысқанына бес-алты жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында олар көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Тұңғышымыз аудандық жарыстардың жеңімпазы. Екінші қызымыз Гүлжанат пен үшінші қызымыз Зейнеп облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды. Бүгінгі таңда екеуі де Қазақстан біріншілігіне дайындалуда. Гүлжанат – спорт шебері. Гүлжанат 10 сыныпта, Зейнеп 8 сыныпта оқиды.
Төртінші қызымыз Әмина 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған аудандық жарыста жеңімпаз болды. Ақеркеміз 2 сынып оқиды. Ол әзірге қатыспайды.
Қыздардың барлығы мектептегі үйірмеге қатысып, осындай дәрежеге жетіп отыр. Жаттықтырушылары Данияр деген жігіт.
Әмина биылғы оқу жылында орыс тілі пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, І орынды жеңіп алды.
Дзюдо әрине қыз бала үшін қиын. Бірақ, өздері қатысқылары келген соң беттерін қайтармадық. Себебі, спорт бір жағы денсаулықтарына жақсы. Әрі ел көреді, жер көреді. Ой-өрісінің дамуына да берере пайдасы көп.
Менің әкемнің суретшілік өнері бар еді. Сурет көрмелеріне қатысатын. Сондықтан болар қыздарымыздың сурет салуға деген құмарлығы да бар. Үлкеніміз бен кіші қызымыз математикаға жақын. Бұл да бір өнер.
Қыздар жарысқа барып келген сайын жеңіп келсін, мейлі жеңілсін бір торт алып, дастарқан басында бір-бірімізге тілек айтып бірге шүйіркілесіп отыруды дәстүрге айналдырғанбыз. Спорт болған соң, кейде жеңіліп, кейде тіпті жарақат алып келетін кездері де болады. Сондықтан барлық сәтте жандарынан табылып, демеу боламыз.
Балалармен табиғат аясына саяхат жасайтын да отбасылық дәстүріміз бар.
Отбасында имани тәрбиеге көп көңіл бөлеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерін айтамыз.
Өмірде ең пайдалы адам – елге, қоғамға пайдасын тигізе алатын адам. Адам баласы өнерімен болсын, кәсібімен болсын, әйтеуір бір қырымен пайдасын тигізгені дұрыс. Сондықтан балаларды пайдалы адам болуға, сабырлы, қолындағы барына шүкір етуге, еңбекқор, бір-біріне мейірімді болуға тәрбиелейміз.
Адал еңбекпен үйімізді тұрғыздық. Қазір он шақты сауынды сиырымыз бар. Жалпы, ауылда тұрған соң негізгі айналысар кәсібіміз – егін мен мал шаруашылығы.
Отбасындағы үйлесімділік пен татулық – ең үлкен жетістік. “Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген. Сондықтан балалар үйлесімді, тату отбасында алаңсыз тәрбие-білім алып, бақытты болуын қамтамасыз етуге тырысамыз,- дейді отағасы Мұхтар Сыдығалыұлы.
Иә, тұғырлы болған, негізді болған, уызға жарыған деген қандай жақсы… Халқымыздың баға жетпес рухани байлығы, ұлттық құндылықтарымыздан нәр алған, ұлағатты ұрпақ өрбіте білген отбасыларымыз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close