Basty bet

Оттегі концентраторын сыйға тартты

Пандемия деп танылған коронавирустық инфекциясы әлемді әлі де әбігерге салу үстінде. «Көппен көрген ұлы той» десек те, аты жаман аурудың бәсеңдейтін түрі көрінбейді. Қазіргі таңда адамдарға жеке басының қауіпсіздігін ең бірінші орынға қойып, сақтанып жүрген абзал болмақ. Сақтансаң, сақтайды. Ауру біздің елімізге алғаш тараған тұста шыны керек, көпшіліктің бұл аты жаман кеселдің бар екеніне сенбегені рас. Сақтанбаудың және ауруға мән бермеудің салдарынан көп адамның ажал құшқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Өкініштісі сол, бірі ата-анасынан, бірі бауырынан, әйтеуір ет жақындарынан айрылып қалды. Ауру мен ажалдың адам таңдамайтынына көзіміз анық жеткендей…

Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде жақынына жанашыр болған азаматтардың игілікті істерін көпке үлгі ету мақсатында аудандық газет бетінде бірталай мақала жарық көрді. Қысылғанға қол ұшын созып, жан жүрегінің жылуымен бөліскен азаматтарға Алланың нұры жаусын дегіміз келеді.
Жақында «Боранды» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясына бір дана оттегі концентраторын және бір дана оксиметр, термометрлер сыйға тартты. Бұл құрылғылар коронавирус инфекциясымен және өкпе ауруымен ауырған науқастарға оттегі жеткізуде үлкен маңызға ие.
Халық қалаулысы Айбек Елекбаевтың дәрігерлік амбулаторияға жасаған сыйын аталған медициналық мекеменің меңгерушісі, білікті дәрігер Нұрладин Ермеков қабылдап алып, оттегі концентраторының науқастарға аса қажетті құрылғы екенін баса айтты.
-Пандемия кезінде науқастардың өкпесін жасанды желдететін дәл осындай қондырғы бізге аса қажет болды. Пандемияға байланысты әлемде болып жатқан жағдайларды өздеріңіз білесіздер. Алдағы уақытта да біздің елде ахуалдың қалай қалыптасатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан кез келген жағдайға дайын отыруымыз қажет. Осы ретте мекемеге аса қажетті қондырғыны сыйға тартып отырған азаматқа алғыс білдіреміз. Айбек Орынбасарұлының отбасына ұжымның атынан мықты денсаулық, табыс тілеймін,- деді білікті дәрігер.
Ал аудандық мәслихат депутаты Айбек Елекбаев: «Аурудың айтып келмейтініне коронавирустық инфекция таралған тұста ел-жұрт боп көз жеткіздік. Адам өміріне аса қауіпті аурудың салдарынан көптеген қиын кезеңдерді бастан кешірдік. Құдайға шүкір, қазір елдегі жағдай оңалып келеді.
Бұл ауру егде жастағы қарт кісілерге өте ауыр тиеді екен. Оны 78 жастағы анамыз ауырғанда байқадым. Анамның өкпесі қабынып, дем жетпей қатты қиналды. Содан аудандық аурухананың провизорлық бөліміне апарып, аурудан аман алып қалдық. Қазір анамның жағдайы жақсы. Аурудан айығып келеді. Өз отбасымда келіншегім және мен де жеңіл-желпі ауырып, ем-домын үйде жасау арқылы жазылдық. Мұндай қиын жағдайды адамның басына бермесін. Еліміздің болашағы саналатын жастар ауырмасын. Деніміздің саулығын дүниеде ештеңеге айырбастап ала алмаймыз. Сондықтан жуалылық жерлестеріме айтарым, аурудан сақтанып жүріңіздер. Сақ жүрсек, сау жүретініміз анық»,- дейді ол.
Қайырымдылық жасау ешқандай да дүниенің немесе ақшаның көптігімен өлшенбейді. Ең бастысы, қайырымдылыққа берілген дүние шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек-қолдау болса болғаны.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close