Basty bet
Тәлімдік дайджест
Адамдарды өзіңізге дұшпан етіп алмаңыз
Теодор Рузвельт Ақ үйде болған кезінде жүз жағдайдың жетпіс бесінде жеңіп шықсам, одан артық ештеңенің қажеті жоқ деп мойындады. ХХ ғасырдың ұлы адамдарының бірі осылай айтса, онда сіз бен біз не дей аламыз?
Сіз адамға оның дұрыс емес екендігін сөзбен емес, көзқарасыңызбен, дауыс ырғағыңызбен немесе қимыл-әрекетіңізбен әдемілеп жеткізе аласыз, ал егер айтар болсаңыз, сіздің айтқаныңызға келісуге мәжбүр еткізесіз бе? Ешқашан да. Олай жасасаңыз ақыл-ойына, ойлау қабілетіне, өзімшілдігіне жұдырықпен тікелей ұрғанмен бірдей боласыз. Бұндай жағдайда оның тек өшпенділігін оятасыз, ал өз пікірін ол ешқашан өзгертпейді, себебі сіз оны ренжітіп алдыңыз.
Әңгімені ешқашан да «Мен сізге мынаны-мынаны дәлелдеймін» деген сөзден бастамаңыз. Олай дегеніңіз: «Мен сізге қарағанда ақылдымын. Мен сізге бірдеңені айтамын, ал сіз өз пікіріңізді өзгертуіңіз керек» дегенмен бірдей естіледі.
Бұндай сөздер сізбен әңгімелесетін адамның іштей қарсылық білдіруін және сізбен тартыс-таласқа түсуіне деген тілегін ғана оятады.
Адамдарды қолайлы жағдайда да райынан қайтаруға тырысу өте қиын нәрсе. Ал неге біз өзімізге өзіміз қиыншылық тудырамыз?
Егер сіз бірдеңені дәлелдегіңіз келсе, бұл жайлы ешкім білмесін. Бұны ешкім сезбей де қалатындай етіп, шебер жасауға тырысыңыз.
Егер сіз адамдармен карым-қатыныс жасауды, өз-өзіңізді басқара білуді, бойыңыздағы өзіңізге тән қасиеттерді жетілдіргіңіз келсе, американ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың бірі болып саналатын Бенджамин Франклиннің өмірбаянын оқыңыз.
Өз өмірбаянында Бен Франклин өзінің бойындағы ерегісуге дайын тұратын жаман әдетін жеңіп, қазірде Америка тарихындағы ең бір жақсы адамдардың біріне айналғандығы туралы әңгімелейді.
Бен Франклиннің жас кезінде бір жақын досы оны шетке шығарып алып, былай деген: «Бин, сенің мінезің қызық. Сен пікіріңді өзіңмен келіспеген адамды ренжітіп тастайтындай етіп айтасың. Достарыңның өзі сен қастарында жоқ кезде уақыт қызықты өтеді деп есептейді. Біреу бірдеңе айтайын десе, оны да сен білетін болып шығасың. Бір жағынан олар да білетіндерін саған айтқысы келмейді, өйткені олар сенің өздерін ыңғайсыз жағдайға қалдыратыныңды біледі. Сен егер бүйте берсең, ертеңгі күні бар білетініңнен айырылып қалуың мүмкін».
Бен Франклин естіген сөздерін ой таразысына салып, елеп-екшей алатын ақылды адам болатын. Алдағы уақытта оның жолында көп қиыншылықтар кездесіп, абырой-беделін төмендетіп аларын біле тұрса да, ол өзінің адамдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі мінез-құлқын 180 градусқа бұрды.
«Мен, – деп жазды Франклин, – басқа адамдардың пікіріне қарсы болуды, сондай-ақ өзімнің көзқарасымда сенімді түрде қалуды қоя бастадым. Мен тіпті өзімнің нық шешімімді аңғартатын кейбір сөздерімді, мысалы, «әрине», «күмәнім жоқ», және т.б. сөздерді «менің ойымша», «күмәнім бар», «маған солай сияқты» деген сөздермен алмастырдым.
Егер біз өзіміздің дұрыс екенімізді біліп тұрсақ, адамдарға оны сыпайылап түсіндіруді, ал егер қателессек – өз қатемізді тез түзеуді үйренейік. Бұндай тәсіл тек жақсы нәтижелер беруі тиіс. Естеріңізде болсын: «Жұдырықпен ала алмаған нәрсені кешіріммен қарау арқылы алуға болады».
Егер адамды өз жағыңызға тартқыңыз келсе…
«Егер сіз маған келгенде жұдырығыңызды түйіп келсеңіз», – дейді Вудро Вильсон, – онда мен де жұдырығымды түюім мүмкін, ал егер «Келіңіз, екеуміз отырып оңаша сөйлесейік, ал егер пікір қайшылығы болып жатса, қай жерден қате жібергенімізді түсінуге тырысайық» десеңіз, шынында да ақыр аяғында біздің қайшылықтарымыз айтуға тұрмайтындай болып шығады, кемшілік жіберген жерлеріміз аз да, ойымыздың ұштасуы, бірігуі артығырақ болады, ал егер бізде азғантай шыдамдылық, келісім жасауға деген ынта-ықылас болса, онда біз келісімге келуіміз мүмкін».
«Егер адамның жүрегінде сізге деген көңіл толмаушылық пен күмәнділік орын алса, ол адам сіздің көзқарасыңызға, ой-пікіріңізге ешқашан қосыла алмайды. Ұрсу, жеку немесе доқ көрсету арқылы олардың өз көзқарастарын өзгертпейтініне ұрысқақ ата-ананың, қатігез қожайынның, долы әйел мен ашушаң күйеудің көз жеткізетін кезі болды. Адамдарды менің не сіздің пікіріңізге қосыл деп мәжбүр етуге болмайды. Ал егер жылы-жылы сөйлеп, ақылмен әрекет жасасаң, бұған қол жеткізуге болар еді».
Линкольн бұл сөзді бұдан жүз жыл бұрын айтқан болатын. «Бір табақ ащы өттен гөрі бір тамшы тәтті балға шыбын көп үймелейді» деген ескі мақал дұрыс айтылған. Бұл сөзді адамдарға қатысты айтар болсақ: егер адамды өз жағыңызға тартқыңыз келсе, алдымен оны шын ниеттес дос екендігіңізге сендіре біліңіз. Міне, жоғарыда айтылып отырған, оның жүрегін жаулап алар бір тамшы бал осы. Осы арқылы оның ақыл-ойына жол табасыз.
Өзін ұлы адам санайтын Дэниел Уэбстер алдыңғы қатарлы адвокаттардың бірі болды. Ол сот кезінде өзінің көз жеткізген нақты дәлелдерінің (аргументтерінің) өзін достық қалыптағы мынадай сөздермен бастайтын. Мысалы, «Айтылған сөзді назарға алу-алмау – алқада отырғандардың өз еркі…», «Бұл туралы, мырзалар, ойлануға тура келеді», «Мына бір-екі фактіні сіздер естен шығармайды деп ойлаймын», «Сіздердің білім деңгейлеріңізбен бұл сөздің астарын түсіну қиынға соға қоймас» т.б. Ол еш қиналмастан осындай қарапайым сөздер айтатын. Ол ешкімге өзінің пікірін артып қойып жатпай-ақ, осындай қарапайым да жайлы әдісті қолданды, сол арқылы ол зор табысқа жетіп, аты елге танымал болды.
Адамдарға өзі туралы жақсы сенім мен абырой әкелетін қасиетін қалыптастыра біліңіз
«Болдуин локомотив» фирмасының басқарма бастығы Самюль Воклейннің пікірі бойынша, «айналаңыздағы адамдар сізді сыйласа, сіз адамдарды қандай да бір қасиеттеріне бола сыйласаңыз, қарапайым адамдарды басқару қиынға түспейді».
Бір сөзбен айтқанда, адамды кейбір жағдайда дұрыс жолға салғыңыз келсе, онда оның мінез-құлқындағы аталмыш қасиетті оның жақсы қасиеттерінің бірі деп қараңыз. Сіздің оның бойынан көргіңіз келген қасиет онда бар деп есептеңіз. Сіз оған абырой келтіруге тырыссаңыз, ол сіздің көңіліңізден шығу үшін бар-күш жігерін жұмсап, сол қасиетін қалыптастыруға тырысады.
Жоржет Леблан өзінің «Естеліктер: менің Метерлинкпен бірге сүрген өмірім жайлы» кітабында бельгиялық қарапайым қыздың өз өмірін өзі өзгерткендігі туралы әсерлі суреттейді.
«Жақын жерде орналасқан бір қонақ үйден бір қызметші қыз маған тамақ әкеліп тұратын еді, – деп жазды ол. – Оның лақап аты Марисудомойка болатын, себебі ол қыз жастайынан асханада ыдыс жуушы болып жұмыс істейтін. Ол шынында да ұсқынсыз болатын, көзі қыли, аяғы қисық, өзі арық және қашан көрсең де, ұнжырғасы түсіп жүретін.
Бірде маған тамақ әкелген кезде мен оған: «Мари, сіздің бойыңызда әлі ашылмаған қаншама асыл қасиеттер жатқанын сіз білмейсіз ғой» – дедім.
Мари сәл-пәл үндемей тұрды да, тәрелкені үстел үстіне қойып, күрсіне дем алып: «Ханым, мен бұл сөзге ешқашан сенбеген болар едім» – деді. Ол күдіктенген де, ешқандай сұрақ та қойған жоқ. Үнсіз ғана асханасына кетіп қалды. Ол жаққа бара сала мен айтқан бір ауыз сөзді бірнеше рет нық қайталап, өзін-өзі сендіруге күш салды. Сол күннен бастап адамдар оған құрметпен қарай бастады. Келе-келе өзінің бойында ашылмаған асыл қасиеттер бар екендігіне өзін-өзі сендірген Мари үсті-басына қарап, бет күтіміне мән бере бастады.
Көктем гүліндей құлпырған Маридің жастық шағы қайта келгендей болып, сырт пішініндегі анау-мынау кемшіліктері көзге еленбейтін де болды.
Екі ай өткеннен кейін, қайтуға жиналып жатқан кезімде Мари маған келді де, бас аспазшының жиеніне тұрмысқа шыққалы жатқандығын қуанышпен хабарлап, алғысын айтты. Қарап отырсаңыз, бір-ақ ауыз сөз оның өмірін түбегейлі өзгертті».
Жоржет Леблан Мариге сенім сыйлады. Мари оны алдына мақсат етіп қойып, соған жетуге тырысты. Сол мақсат арқылы өз өмірін өзі түбегейлі өзгертті.
«Адамға жала жабу – оған өлім тілегенмен бірдей». Одан да оған жақсы сенім қалыптастырсаңыз, олар оны ақтауға тырысады.
(Жалғасы бар)
Гүлтас Сайынқызының
«Қоңырау» атты кітабынан.
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы