Basty bet

Біз – бақытты баламыз!

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, орталық алаңда «Біз – бақытты баламыз!» атты асфальт бетіне сурет салу байқауы өтті. Байқаудың өтуіне аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және «Мехрибан-Шаңырақ» қоғамдық қорының президенті, аудандық мәслихаттың депутаты Эсмира Мамедова мұрындық болды. Жарысқа 10 мектептің оқушылары қатысты. Олар асфальт бетіне отбасына, елімізге, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласына қатысты суреттер салды.

Шараның мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін және шығармашылығын дамытып, әрбір баланың бойында елжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін оята отырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Іс-шараға «Мехрибан-Шаңырақ» қоғамдық қорының президенті Эсмира Мамедова, «Жастар ресурстық орталығының» этномәдени бірлестіктерінің жұмысын үйлестірушісі Судаба Металимова, №1 Балалар өнер мектебінің мұғалімі, суретші Нұржан Өміртай қазылық жасады. Оқушылар салған суреттерімен таныстырып, жұмыстарын қорғап шықты.
Байқаудың қорытындысымен, I орын №1 мектеп-гимназияның оқушысы Зиода Евлоеваға және №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептен келген Диана Тағайға берілсе, II орынды №1 мектеп-гимназия мен №6 А.Пушкин атындағы ОМ оқушылары Сафира Мамедова және Аяжан Сатыбалды өзара бөлісті. Сонымен қатар, III орынға №13 А.Байтұрсынов атындағы ОМ оқушысы Рабия Мамедова, №18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептен Балжан Ізетбекті және №15 мектеп-лицейдің оқушысы Мехрибан Аманжолды лайық деп тапты.
«Ең жас суретші» номинациясы бойынша №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия және №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары Нұрдәулет Жұмабай мен Ясмина Исмайлова алды. Ал, №1 МГ, №19 Д.Қонаев атындағы МГ оқушылары Юлия Некрасова мен Жансұлу Қаржаубаева «Ең үздік қылқалам шебері» болып белгіленді. Сондай-ақ, «Ең үздік сурет» номинациясы №19 Д.Қонаев атындағы МГ-ның оқушысы Зарина Кенжеқараға, №1 мектеп-гимназияның оқушысы София Головченкоға және Нұртас Мырзахметке берілсе, «Үздік бояу» номинациясы №15 мектеп-лицейдің оқушысы Қуандық Нұрмамбетке тапсырылды.
Жеңімпаздарды «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мейіржан Телеушов Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Байқау соңында оқушыларға тәтті балмұздақтар таратылды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close