Basty bet

Жуалы аудандық мәслихатының 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы ЕСЕБІ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-1-тармақшасында белгіленген тәртіппен мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Осы Заңның 6, 8, 19, 20, 21-баптарына негізделген Жуалы аудандық мәслихаты аппаратының ережесіне және мәслихаттың Регламентіне сәйкес аудандық мәслихаттың 2020 жылы атқарған жұмысы туралы есебін назарларыңызға ұсынамын.
Депутат үлкен жауапкершілікті арқалайтын, қарапайым жұртшылықтың үніне құлақ асып, игі істерге бастайтын, халық таңдап, сайлаған сенімді өкіл.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты құндылығы – елдің татулығы мен қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен ынтымақтылығы. Сол себепті депутаттар да өз бағытында міндеттелген жұмыстарды ынтымақпен жұмыла атқаруда. Өз қызметтерін абыроймен атқарып жатқан Жуалы аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымы бүгінде білім мен тәжірибенің ұйытқысы болып отыр. Себебі, депутаттыққа сайланған тұлғалар экономика және әлеуметтік салалардың үздіктері мен белсенділері, олар халық қалаулылары ретінде бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін қолданып, қоғамдық жұмысқа белсене қатысуда.
2016 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауда алтыншы шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының 13 депутаты 38 сайлау учаскелерінен сайланды. Алтыншы шақырылған мәслихат сессиясымен мәслихат хатшысы сайланды. Бүгінгі күнге жұмыс атқарылуда.
Депутаттардың арасында түрлі мамандық иелері: мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, экономистер, техник-механик, су ресурстары және суды пайдалану өкілдері бар. Мәслихат депутаттарының 2-уі үшінші рет, 8-депутат екінші рет, 3-депутат алғаш рет сайланып отыр. Депутаттардың орташа жасы 53, депутаттық корпусқа 4 әйел сайланған. Мәслихат құрамында өзге ұлт өкілі де қамтылған.
Барлық салалар бойынша нақты мақсаттарды, міндеттерді, қол жеткізу көрсеткіш индикаторларын және барлық көздерден шығындардың болжамды көлемін айқындай отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыттары бойынша іске асырылатын аудан аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыру мәселелері депутаттардың ерекше бақылауында.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарушы органдар қызметінің нәтижелілігін терең талдаудың тиімді нысаны аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы, ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің және аудан дамуына қатысты мемлекеттік мекемелер басшыларының жыл сайынғы дәстүрлі есептері тыңдалып, онда халықтың неғұрлым маңызды проблемалары көтерілді және оларды шешу бойынша қаржыландыру жолдары мен көздері айқындалды.
Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия. Есепті кезең ішінде бүгінгі сессияны есепке алмағанда мәслихаттың 14 сессиясы өткізіліп, олардың барысында 61 шешім қабылданды, оның ішінде негізгі мәселелер бойынша 43 шешім.
Аудандық мәслихаттың сессияларында есепті жылы негізгілері ретінде келесі мәселелер қаралды:
2020 жылдың перспективалық жұмыс жоспарына сәйкес:
2019 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есебі, Жуалы ауданын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуы туралы;
Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің атқарылған жұмысы туралы есебі;
Жуалы аудандық мәслихатының тұрғындардың денсаулығын және қоршаған ортаны, тұрғындардың аз қамтылған бөлігін, мүгедектерді, аналар мен балаларды қорғау, ұлттық және азаматтық келісімді дамыту, білім, жастар ісі, спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі;
Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі;
Мыңбұлақ, Күреңбел, Қызыларық, Көкбастау, Қошқарата, Нұрлыкент ауылдық округтерінің және Б.Момышұлы ауылы әкімінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есептері.
Сонымен қатар аудан әкімінің ұсынысы негізінде:
2020 жылы ауданның ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерлерін айқындау туралы;
Жуалы ауданы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы;
Жуалы ауданы аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы;
Әкімдіктің дербес құрамын келісу туралы;
Ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың және өзге де комиссиялардың дербес құрамын бекіту туралы мәселер қаралып бекітілді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 10-бабына сәйкес Жуалы аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес Қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының шығып қалған мүшесінің орнына сайлау жөніндегі конкурс жарияланып, мәслихат хатшысының өкімімен оның құрамына өзгерістер енгізілуде.
Жергілікті өкілді органның басты мәселелерінің бірі бұл бюджетті бекіту және атқаруын қадағалау.
Облыс әкімдігінің қолдауымен ауданға қосымша 1 млрд. 170 млн. 459 мың сомада нысаналы трансферттер мен кредиттер бөлінгенін атап өту қажет, нәтижесінде аудан бюджеті 14 млрд. 612 млн. 984 мың теңгені құрады (2019 ж. – 11 млрд. 338 млн. 676 мың теңге). Мұндай бюджетке алғаш рет қол жеткізілді, бұл білім беру, әлеуметтік саланы қаржыландыруды ұлғайтуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың проблемалық мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.
Мәслихатпен бюджеттің атқарылуы және ауданды дамыту бағдарламасының мәселелері бойынша облыстың тексеру комиссиясымен өзара іс-қимыл орнатылған.
Ауданның бюджеттік мекемелерінде болған тексеру комиссиясының тексеру актілері міндетті түрде мәслихат депутаттарымен қаралады, мәслихаттың ұсыныстары бойынша тексеру комиссиясына аудиторлық тексеріс жүргізу жоспары әзірленеді.
Аудандық мәслихаттың салалық бағыттардағы екі тұрақты комиссиясы өздерінің қызметін бекітілген жұмыс жоспарларына және аудандық мәслихаттың перспективалық жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады: әкімшілік аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі (төрайымы К.Айтқұлова) және тұрғындардың денсаулығын және қоршаған ортаны, тұрғындардың аз қамтылған бөлігін, мүгедектерді, аналар мен балаларды қорғау, ұлттық және азаматтық келісімді дамыту, білім, жастар ісі, спорт мәселелері жөніндегі (төрағасы К.Бегалиев).
Тұрақты комиссиялар өз жұмыс жоспарларына сәйкес 16 отырыс өткізіп (14-і бірлескен отырыстар), 49 әртүрлі салалардағы маңызды мәселелер бойынша сұрақтар талқылады. Онын ішінде негізгі мәселелер: аудан аумағында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша атқарылған іс-шаралар туралы, Жуалы ауданының халқына алғашқы медициналық-санитариялық және жедел-жәрдем көрсетудің шаралары мен жағдайы туралы, егілген тал-дарақтарды қорғау және сақтау шаралары туралы, аудандағы автомобиль жолдарының жағдайы, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және оны жақсарту шаралары туралы мәселелер қаралып, қаулылар қабылданды.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері басшыларының ауданның әлеуметтік – экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру барысы бойынша есептері үнемі тыңдалуда. Ағымдағы жылы мамыр айында аудан әкімдігінің қаржы бөлімі басшысының 2019 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есебі, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушысының Жуалы ауданын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуы туралы есептері тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында сессияға дейін алдын-ала тыңдалды.
Жуалы ауданын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленген 12 мақсат, 24 нысаналы индикатордың 23 индикаторы, 37 іс-шаралары толығымен орындалып, нәтижесінде бағдарламаның тікелей нәтижеге қол жеткізу пайызы нысаналы индикаторлар бойынша 95,8 пайызды құрады. Нысаналы индикатордың 1-уі (Негізгі капиталға тартылған инвестиция) 38,5 пайызға орындалып, толық қол жеткізілмеген.
Жалпы алғанда халық қалаулары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының оң нәтижесін атап көрсетуде. Атқарушы органдармен осындай тығыз байланыста бірлесе жұмыс жасау аудандағы маңызды мәсәлелерді шешуде оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Аудандық мәслихат өз жұмысын ауданның атқарушы органдарының, аудандағы қоғамдық ұйымдардың және қоғамдық кеңестің жұмыстарымен байланыста жүргізіп отырады.
Жуалы аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымның депутаттары ауданның экономикалық, әлеуметтік және саяси өмірінің дамуына тікелей араласып, жұмыстар атқаруда.
Есепті кезең ішінде 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджетке 5 рет, сәйкесінше ауыл, ауылдық округтердің бюджеттеріне 5 рет өзгерістер енгізілді.
Депутат – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жеткізіледі. Сондықтан, аудандық мәслихатта депутаттық сауалдар мен атқарушы органдарға ұсыныстар енгізу сияқты пәрменді де ұтымды жұмыс формалар да кеңінен қолданылады. Депутаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасына сәйкес өз округтеріндегі қалыптасқан жағдайларды саралай келіп, ең маңызды сессияның шешімін қажет ететін мәселелерді анықтап, оларды мәслихаттың перспективалық және ағымдағы жоспарларына енгізіп, өздерінің ұсыныстары мен талап-тілектерін, депутаттық сауалдар жолдау арқылы жүзеге асырады.
Барлық депутаттардың бағдарламаларында бірінші кезекте тұрған мәселелердің ішінде елді мекендерде жолдарды жөндеу, жол белгілерін орнату, көшелерді жарықтандыру, ауыз су тарту, мектеп ғимараттарын жөндеу және басқа да әлеуметтік мәселелері тұр.
Бүгінгі күні мәслихат депутаттарымен тиісті мекемелерге 14 сауал (2019 жылы 31 сауал) жолданып, бірқатар сауалдардың оңды шешімі табылды. Мысалы:
С.Қожановтың депутаттық сауалы бойынша №15 мектеп-лицейдің сыртқы келбетін жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 34 млн 232 мың теңге қаржы қарастырылды.
К.Айтқұлованың депутаттық сауалы бойынша Б.Момышұлы ауылы Әулие бастау көшесін жөндеуге 28 млн 069 мың теңге бөлінді.
Н.Тыныбековтың депутаттық сауалы бойынша Амансай ауылының Б.Көпбаев көшесін орта жөндеуге 15 млн 385 мың 190 теңге қаржы бөлінді.
С.Жұмашевтың депутаттық сауалы бойынша Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылы Бейбітшілік көшесіне арық лоток орнатуға 13 млн 992 мың теңге қаржы көлемі қарастырылды.
З.Сұлтанмұратовтың депутаттық сауалы бойынша Бәйтерек ауылы Ынтымақ көшесін орта жөндеу жұмыстарына 15 млн 400 мың теңге қаржы қарастырылды.
Э.Мамедованың депутаттық сауалы бойынша Талапты ауылдық клубына әдіскер штат бірлігі берілді.
Қ.Сыдығалиевтің депутаттық сауалы бойынша Қайрат ауылы Ә.Беделбаев көшесінің бір бөлігіне ағымды жөндеу жұмыстарына 4,0 млн теңге қаржы қарастырылды.
Р.Сайлаубаев депутаттық сауалы бойынша Қарабастау ауылындағы Билікөл ауылдық округі әкімшілігінің тозығы жеткен кабинеттерін ағымды жөндеу және айналасын абаттандыруға 2,0 млн. теңге қаржы қарастырылды.
Тікелей араласуымның нәтижесінде Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылы, Б.Момышұлы көшесіндегі 13 үйге 7 млн 500 мың теңгеге және Ақсай ауылдық округі, Қайрат ауылы Абай көшесіндегі 9 үйге 4 млн. 500 мың теңгеге газ тартылды, аудан бойынша барлық ауылдық клубтарға қосымша әдіскер штат бірліктері берілді, Қошқарата ауылында бокс мектебі және Нұрлыкент ауылында аула клубының филиалы ашылды.
2018 жылы орташа жөндеуден өткен облыстық маңызы бар «Б.Момышұлы-Қошқарата-Қызтоған автомобиль жолының 0-15 шақырымы аралығында пайда болған ақаулар мердігерлік мекеме «Компания Инвест МК» ЖШС тарапынан кепілдемелік мерзімі аясында қалпына келтіріліп, 340 м2 шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мәслихат депутаттарымен аудандық бюджеттің ысырапсыз, тиімді жұмсалуы және мақсатты пайдалану туралы мәселелерге көп көңіл бөлінеді. Мысалы мәслихат депутаттарының араласуының нәтижесінде:
1) қыс мезгілінде автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қарастырылған 40,0 млн. теңге қысқартылып 28 млн. 245 мың теңге болып бекітілді.
2) Ақтасты ауылының негізгі көшесін жөндеу жұмысына жоспарланған 59 млн. теңге қаражатың бөлініп қойылған 26 млн. теңгесі тоқтатылып, ағымды жөндеу жұмысы 9 млн.теңгеге жүргізілді.
Ағымдағы жылы сайлаушылармен 14 кездесу өткізілді. Есепті кезеңде өздерінің депутаттық өкілеттіктерін орындау барысында депутаттарымыз Бегалиев Керімқұл Мамырұлы, Елекбаев Айбек Орынбасарұлы, Сайлаубаев Руслан Бахытұлы, Сұлтанмұратов Зайрбек Жақсыбекұлы белсенділік танытты.
Мысалы, Нұрлыкент ауылының бес көшесіне асфалть төселуіне «Бурное-солар» ЖШС-нің 60 млн. тенге қаржы бөлуіне ықпал етті (К.Бегалиев).
Көктөбе ауылында ауызсу құбырларын ағымды жөндеу үшін бөлінген 11 млн теңгеге «Жуалы-Су» мекемесі жұмыстар жүргізуде.
Хатшылық қызметте аудандық мәслихат жұмысына басшылық жасап, сессия төрағасымен бірге мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешімдердің орындалуын, тұрақты комиссиялардың қаулыларының және депутаттардың сауал, талаптарының іске асуын ұйымдастырып, мәслихат аппаратына басшылық жасай отырып атқарамыз.
Аудандық мәслихат аппараты – мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме болып табылады және оның құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітілген.
Депутаттық жұмыстың нәтижелілігі белгілі бір дәрежеде мәслихат аппараты қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты. Аудандық мәслихат аппараты өз жұмысын жауапкершілікпен, адал және кәсіби орындайтын мамандардан тұрады. Сессия мен тұрақты комиссиялардың отырыстарын әзірлеу, өткізу, депутаттарды құжаттармен таныстыру, саяси-көпшілік шараларға қатысу туралы ақпараттарды хабарландыру әр депутатқа бекітілген маман ұйымдастырады. Депутаттар өз жұмыстарын атқаруға қажетті барлық анықтамалықтармен, қажеттіліктерімен қамтылып отырады. Сонымен бірге сессияның материалдары заңда белгіленген мерзімде олардың электрондық поштасына жіберіліп отырды, материалдардың жазбаша нұсқалары депутаттарға алдын ала таратылып беріледі.
Мәслихат аппараты сессия отырыстарында айтылған депутаттардың ұсыныстары мен сын-ескертпелерінің орындалуын бақылау жөнінде іс-шаралар ұйымдастырды, тұрақты комиссиялармен бірлесе отырып, орындалу барысына бақылауды жүзеге асырылды. Депутаттық сауалдардың уақытылы қаралуына есеп және бақылау жүргізді. Баяндамалардың, шешімдердің, анықтамалардың және мәслихат қызметі бойынша басқа да құжаттардың жобаларын дайындап, ұйымдастырды. Мәслихаттың нормативтік құқықтық актілерінің түпнұсқаларын ресімдеуді және сақтауды қамтамасыз етіп, сессия хаттамаларын жүргізіп, талапқа сай әзірледі. Белгіленген тәртіп бойынша мекемелер мен ұйымдарға, мәслихаттың шешімдерін және оның тұрақты комиссияларының қаулыларын жеткізіп, олардың орындалуын қадағалауда.
Жеке және заңды тұлғалардың, өтініштерін, арыздары мен шағымдарын, хаттарын қабылдап, тіркеуді жүргізіп, есепке алып, олардың уақытылы қаралуын ұйымдастырды.
Аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік органдардың интернет порталына қосылып, барлық мемлекеттік мекемелерімен осы жүйе арқылы хат алмасу мүмкіндігі жасалған. Бұл тек хат алмасу ғана емес, барлық ақпараттарды жеделдетіп алып, мәселені түпкілікті шешуге өз ықпалын тигізуде. Сонымен қатар жұмыс барысында пайдалану үшін электрондық пошта, арнайы ақпараттық портал, “Е-қызмет” ықпалдастырылған жүйесі, электрондық құжат айналымының біріңғай жүйесі ЭҚАБЖ және басқада жұмысқа қажетті бағдарламалар орнатылған. Аудандық мәслихаттың интернет-ресурсына (zualu.maslihat.zhambyl.kz) мәслихаттың атқарылған жұмыстар, мәслихат сессияларының шешімдері, сессия шақыру туралы хабарландырулар және өзге де хабарландырулар мен жаңалықтар жүйелі түрде жарияланып отырады.
«Цифрлы Қазақстан» мемелекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жергілікті өкілді органдардың қызметкерлерін «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерін пайдалану үнемі жүргізілуде. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Skype қосымшасы арқылы қашықтан оқытуға аудандық мәслихат аппаратынан жауапты қызметкер қатысып, бүгінгі күнге «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін пайдалануда.
Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының талаптарына сәйкес сессияның құқықтық нормалар берілетін шешімдері әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтіп, Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізілді. Осы уақыт аралығында әділет органдарында 17 нормативтік құқықтық акті тіркеліп, жергілікті «Жаңа өмір» газетінде жарияланды және мәслихаттың интернет-ресурсында орналастырылды. Осы қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауға алынып отыр.
Аудандық мәслихатымен бекітілген нормативтік құқықтық актілерге заңдық мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде заң талабына сәйкессіздігі бар шешімнің күші жойылып отырады. Жыл басынан бері 4 нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 30-бабы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының «Сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы» 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 69 бұйрығының қолданысқа енгізілуіне байланысты Жуалы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 6 желтоқсандағы «Жуалы аудандық мәслихаты аппаратының қызметтік куәлігін беру Қағидаларын және оның сипаттамасын бекіту туралы» № 8-15 шешімінің күші жойылды. Сондай-ақ 12 нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгертулер енгізілді, мысалы «Жуалы ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 6 маусымдағы № 31-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәслихат шешімі. Сонымен қатар мониторинг қорытындысымен шешімдер сапасының жақсарып келе жатқанын, алынған шешімдердің заңға және уақыт талабына сай қабылданып отырғандығын көрсетеді.
Ауданның жергілікті өкілді органының негізгі қызметінің бірі азаматтардың өтініштерін қарау. Әрбір үндеудің артында проблемалары мен қажеттіліктері бар нақты адам тұрады.
Есепті кезеңде аудандық мәслихатқа 175 хат, сондай–ақ 24 жеке және заңды тұлғалардан – 3 өтініш келіп түсті, сонымен қатар 204 шығыс хат-хабарлар дайындалды, 46 өкімі қабылданды.
Есепті кезеңде 34 адам жеке қабылдауымда болды. Олардың жайылым жер мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, үйіне дейін газ тарту, мектеп жанынан спорт үйірмесін ұйымдастыру, балық өсіру шаруашылығын дамыту туралы өтініштеріне заңнама аясында түсініктемелер берілді.
Аудандық мәслихат тарапынан ауданда жақсы жетістіктерге қол жеткізген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан аудан тұрғындарын марапаттау жұмысы да өз кезегімен атқарылуда. Мәслихат депутаттары арасынан марапаттау комиссиясы құрылып, мекемелер мен кәсіпорындардан еңбеккерлерді марапаттау үшін түскен барлық ұсыныстар мұқият қаралып, лайықты деп танылған азаматтар марапаттауға ұсынылды. 2020 жылы 3 азамат Жуалы ауданының Құрмет грамотасымен, 18 адам Алғыс хатпен марапатталды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жасы 90-нан асқан Қайрат ауылының тұрғыны Р.Құрманқұлованың және Б.Момышұлы ауылының тұрғыны көпбалалы ана Қ.Мухамедованың шаңырақтарына барып сый-сияпаттар жасалып, бағалы сыйлықтар берілді.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Көлтоған ауылына Ұлы Отан соғысы ардагерінің жұбайы Ж.Қонашеваның, тыл еңбеккері Н.Ляшенконың шаңырақтарына барып, сый-сияпаттар жасалып, бағалы сыйлықтар берілді.
Елбасының тапсырмасы бойынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» акциясы аясында коронавируспен күрес жағдайында көмекке мұқтаж, көпбалалы 36 отбасыға 295 мың теңгеге азық-түлік, медициналық бетперде түрінде көмек көрсетілді.
Әлеуметтік жағдайына байланысты мектеп оқушыларына оқу құралдарын, мектеп формасын, спорт киімдерін және аяқ киімге жан-жақты көмек көрсету мақсатында, «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін қосып келеді. Жалпы олар қайырымдылық іс-шараларға кеңінен араласып, көптеген мұқтаж жандарға өз қамқорлығын аяған емес.
Халық қалаулылары ауданда өтетін түрлі көпшілік мәдени, спорттық шараларға, саяси және ұлттық мерекелерде демеуішілік жасап, тіпті кез келген уақытта әрдайым халыққа қолдарынан келгенше көмек жасауда.
Есепт3 кезең ішінде жергілікті газетте аудандық мәслихаттың ақпараттық жұмыстары шеңберінде 15 мақала, сұхбаттар жарық көрді. Мысалы «Jańa ómir» аудандық газетінде «Барымызды бағалай білейік, ағайын» «Жуалы» газетінде «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» (аудандық мәслихат хатшысы (Е.Тлеубеков), «Қазпочтаның жұмысы бір жүйеге келмей, іс өнбейді», «Мемлекеттің қайтарымсыз гранттары кімдерге беріледі» (З.Сұлтанмұратов) депутаттардың мақалалары жарық көрді. Телебағдарламаларға мен және аудандық мәслихаттың депутаттары А.Ахметова, А.Елекбаев да қатысты.
Әлеуметтік желілерде мен де, аудандық мәслихаттың басқа да депутаттары аккаунттар ашқан болатынбыз. Алдағы уақытта да біз әрқайсымыз өз жұмысымызды әлеуметтік желілер арқылы көрсетуге тиіспіз.
Аудандық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықта жұмыс істейді және билік пен азаматтық қоғам арасында байланыстырушы болып табылады, аудан халқының тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін барлығын жасайды.
Аудан тұрғындары шешім қабылдауға қатысуға, олардың орындалуын бақылауға және бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалап ұсыныстар айтуға және үлес қосуға құқылы. Осыған байланысты мен аудандық мәслихаттың депутаттарына, қоғамдық кеңестің мүшелеріне, жергілікті қоғамдастық өкілдері мен халық өкілдеріне жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді түрде араласуды сұраймын. Депутаттық корпус үшін қандай да бір мәселелерді шешуде пікірлеріңіз өте маңызды болып есептеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында:
«Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» бағытында мәслихаттар қызметінің ашықтығы, өңірді дамыту, шешімін таппай келе жатқан түйіткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция (лат: petito: мемлекет басшысына немесе жоғары өкімет органының атына берілетін көпшілік өтініші, талабы) беруге, бақылауды күшейту, яғни мәслихаттардың тексеру комиссияларын күшейту керектігі, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен байланысты күшейту сонымен қатар отырыстың ашықтығын орнатып онлайн-көрсетілімдерді батыл енгізіп, тұрақтандыруды тапсырды.
Мәслихаттар үшін маңызды басымдықтардың бірі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту болып табылады. Жергілікті өзін-өзі басқару қоғамды жергілікті мәселелерді шешуге белсенді түрде тартуды көздейді.
Алдағы уақытта аудандық мәслихаттың сессиясына енгізілетін негізгі мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеу үшін тұрақты комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу тәжірибесін енгізетін боламыз.
Мәслихаттар қызметінің ашықтығына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мәслихат сессиялары онлайн режімінде ашық өтетін болады.
Аудандық мәслихат депутаттарының қызметі алдағы уақытта да сайлаушылармен тығыз байланыста және мемлекеттік құрылымдармен, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен өзара келісілген іс-қимылдар негізінде жүзеге асырылатын болады және Президенттің бағдарламалық құжаттарындағы барлық мемлекеттік органдардың алдына қойған негізгі міндеттерін орындауға бағытталады. Мен, аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы өз борышы мен жауапкершілігін түсінетінін және осы кезеңде бірлесе отырып алдымызда тұрған міндеттерді лайықты орындайтынымызға сенімдімін.

Таңдаулы материалдар

Close