Basty bet
Ұлтаралық татулық – біздің брендіміз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысының әкімдігі «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асырудың іс-қимыл алгоритмін әзірлеген болатын. Осы алгоритм аясында өткен апта басында Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында жиын өтсе, аптаның аяғында этнос шоғырланған Шақпақ ауылдық округінде этнос өкілдерімен кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті сақтауда маңызды саналатын жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әкімдіктің бірқатар бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, «Бейбітшілік және келісім» жобасының мақсат-міндеттерінің аймақтағы ұлтаралық келісім мәселелерін орнықтыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолымен азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сенімін күшейтуге, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, елдегі бейбітшілікті сақтап, сүттей ұйып отырған татулықтың қадіріне жетуге шақырды.
Аудан прокуратурасының аға прокуроры Елдос Ахметов мемлекет саясатының басты мақсатының бірі елімізді мекендеген барлық этнос өкілдерінің татулығын, бауырлығы мен бірлігін сақтау және күшейту болып табылатынын еске сала келе, ауданда бұл бағытта прокуратура, әкімдік, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі бірлесіп әзірлеген жоспардың іске асырылып жатқанын жеткізді.
Бір айта кетерлігі, Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында өзге ұлт өкілдері, оның ішінде әзірбайжан ұлтының өкілдері көптеп шоғырланған. Дәлірек айтқанда, ауылдық округте тұратын 4287 тұрғынның 400-ге жуығы әзірбайжан ұлтының өкілдері. Орыс ұлтының өкілдері де бар. Олар тиісінше, ауылдың қоғамдық-саяси өміріне, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен жеке кәсіпкерлік салаларында жемісті еңбек етуде. Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов өңірдегі этносаралық қарым-қатынас туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, этнос өкілдері округтің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады.
Ал келесі кезекте сөз алған «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедова Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі, соның ішінде өңіріміздегі ұлтаралық келісімді сақтаудағы рөліне тоқтала келе, барлық этнос өкілдерінің еліміздің өркендеуіне, халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің артуына мүдделі екенін жеткізді.
-1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Сол уақыттан бері Ассамблея және жергілікті жерлердегі құрылымдары – этномәдени бірлестіктері бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін, этносаралық татулықтың, достықтың , конфессияаралық бірліктің берік негізі қаланғанын паш етіп келеді. біздің елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Сондықтан бүгінгі Қазақстан достық пен татулықтың, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың шынайы мекені.
Біздің ауданда да 15 әртүрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып, еңбек ету арқылы өмір сүріп келеді. Тиісінше, біздің ұстанымымыз ең қымбат қазына саналатын ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрметті барынша сақтау. Әрине мұны кейінгі жас ұрпаққа үлгі ете отырып аманаттау. Ендігі мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендетуді дамыта отырып, ортақ Отанымыздың ертеңгі кемел келешегі мен баянды болашағы үшін адал қызмет ету,- деді Эсмира Гашангқызы.
Шара барысында аудан әкімі Н.Ергебеков, аудан прокуратурасының аға прокуроры Е.Ахметов, әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Сейітбеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Төреқұлов этнос өкілдерін жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген әзірбайжан ұлтының өкілдерімен қатар өзге де ауыл тұрғындары негізінен көше жолдарын асфальттау, атап айтсақ, әзірбайжандар тұратын Жұмабек Оразбаев көшесіне асфальт жамылғысын төсеп, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолын салуды сұранды. Байланыс қызметінің сапасы мен Интернет жылдамдығын арттыру, көшелерді жарықтандыру, мал азығының қымбаттығы, тағы да басқа өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, ауыл тұрғыны ЖаҺангир Мамедов мал азығының қымбат, ал ет бағасының төмен екенін айтты. Ал Надир Шахбазов өзі тұратын Ж.Оразбаев көшесін жөндеу мен жарықтандыру мәселесін көтерді. Аймақ басшысы Нарбай Әбілқасымұлына ауылдық округке қарасты Ынтымақ ауылының жастары атынан келген Мадияр Сайлаубай аталған ауылда спортзал мен спорт алаңшасының жоқтығынан жастар белсенді дене шынықтырумен айналыса алмай отырғанын жеткізді. Қабылдау барысында әлеуметтік, тағы да басқа салаларда сұрақтар көтеріліп, қозғалған мәселелерді шешу үшін тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
* * *
«Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру аясындағы этнос өкілдерімен дәл осындай кездесу Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында да өтіп, басқосуға аудандағы шешен, өзбек, славян этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Жиын барысында аудан прокуратурасының аға прокуроры Елдос Ахметов жобаның мақсат-міндеттері мен маңыздылығына кеңінен тоқталса, ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов қоғамдық-саяси ахуалдың барысын сөз етті. Оның айтуынша, халық көп шоғырланған ауылда тұратын этнос өкілдерінің татулығы мен бірлігі қалыпты деңгейде. Олар өз кезегінде ауылда өтетін барлық іс-шараларға, форумдар мен кездесулерге белсене қатысады.
Жиында сөз алған «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрғасы Лечи Оздамиров, «Славян» және «Өзбек» этномәдени бірлестіктерінің төрайымдары Ирина Протасова мен Зувайда Мажитова халықтар бірлігін, олардың күнделікті тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарының жергілікті халықпен тығыз байланыста екенін қуанышпен жеткізді. Олардың бұл пікірлерін «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыруға белсене атсалысып жүрген «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедова да қуаттай түсті. Басқосуда түскен сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»