Basty bet
Оқырманың көп болсын, ауыл кітапханасы!
Кітапхана – рухани азық алатын, жан дүниеңді байытатын, біліміңді шыңдайтын, жетілдіретін ошақтардың бірі. Сонымен қатар, ешқашан адам өмірінде орнын жоғалтпайтын шоқтығы биік білім ордасы. Осындай рухани ошақтардың қатарына Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылдық кітапханасын жатқызуға болады. Кітапхана 1954 жылы ашылып, сол уақыттан бері оқырмандарын білім нәрімен сусындатып отырған жайы бар. Ал рухани ошақтың есігін оқырмандарға айқара ашып, тұрғындарға қызмет ететін кітапханашы Гүлсім Жұмаханова.
Жалпы үш бөлімнен, яғни абонемент, балалар бөлімі мен ақпараттық цифрландырылған орталықтан тұратын кітапхананың қорында 9 309 кітап бар. Оның ішінде 5 526-сын мемлекеттік тілдегі кітаптар құрайды. Аталған ауылдық кітапханада ақпараттық цифрландырылған орталық биылғы жылы тамыз айында ашылған болатын. Орталықта тұрғындарға «e.gov» электронды үкімет порталы арқылы оннан астам анықтама беріледі. Тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы ала алады. Қазіргі таңда тұрғындар мұнда көптеп келіп, ақпараттық орталықтың қызметіне жүгінуде. Бұл орталықтың ашылуы ауылдық кітапханаға бір жағынан тұрғындарды тартуға септігін тигізуде.
– Кітапхана – адам бойында ғылым мен мәдениетті қалыптастыратын ошақтың бірі. Мұнда қазақ әдебиетінің небір майталмандары мен дүлдүлдерінің тарихи шығармалары бар. Ол кітаптарды оқырмандарға жеткізу біздің басты мақсатымыз саналады. Сонымен қатар кітапханаға оқырмандарды көптеп тарту мақсатында түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізілу үстінде. Рухани ошаққа таяуда ашылған ақпараттық орталықтың пайдасы мол болып отыр. Әсіресе, балаларға. Себебі, олар жаңашылдықты жандары сүйеді. Кітапханаға келіп, керекті кітаптарын оқып, танысып, мәз болып тарқасады, – дейді кітапханашы.
Кітапхана «Балалы ел – бақытты ел» мақсатты кітапханалық бағдарламасы аясында жұмыс жасауда. Осы ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру арқылы кітапханада оқырмандар аясын кеңейтуді, бүгінгі жас ұрпақты елін, жерін сүйетін, егеменді еліміздің ертеңі болар білімді, ұлтжанды, саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеуге, олардың сана-сезімін оятып, рухани байытуға атсалысады. Сонымен қатар, Қарабастау ауылдық кітапханасының кітап қорын халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық әдебиет пен жазба үлгілерін, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толықтыра отырып, осы бай мұраны оқырмандарға кеңінен насихаттауды мақсат тұтады.
– Аталған «Балалы ел – бақытты ел» бағдарламасы аясында балалар ақын-жазушыларының еңбектері аясында жарыққа шыққан басылымдарды оқырмандарға тарату мақсатында түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктермен бірлесе отырып, көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Ұлттық мәдениет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктерінің кітапхана қорларына жетіп, оны оқырмандар арасында кеңінен насихаттау мен тарату – Қарабастау ауылдық кітапханасының мақсаты, кітапханалық бағдарламасы аясындағы жұмыстардың негізгі бағыты,- дейді Гүлсім Жұмаханова.
Ауылдық кітапханада жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуы, елдің саяси өміріндегі жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру, жас адамдардың өнегелік және рухани дамуын қалыптастыру, оларды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Мерей» қызығушылық клубы ерікті түрде құрылған. Клуб терең ойлы, өткір сөзді, тың идеялар мен тұшымды пікірлерін ортаға салатын жалынды жастарды біріктіріп, ауыл көлемінде жұмыс атқарады. Үйірме мүшелерін №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары құрайды.
Кітапханашы үйретуші ұстаз іспетті. Демек, көркем әдебиет арқылы оқушылардың рухани дүниесі байып, халық өсиеттерінен нәр алып, кітапқа деген ынтасы артады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, мектеп оқушылары оқығандарын көңілге тоқи жүріп, біраз жетістіктерге де жетіп, нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, аудандық «Абай оқулары» байқауынан жүлделі ІІ орынды Ұлболсын Ермағамбет иеленсе, тұрақты оқырманның бірі Айшабибі Ақберген аудандық «Әлемді кітап арқылы танимын» атты байқаудан жүлделі І орын иегері атанды. Ал, Ұлжан Қожамбаева мен Айшат Мейірхан да аталған байқауға қатысып, өз өнерлерін көрсете отырып, ІІ, ІІІ орынды қанжығаларына байлап қайтты. Сонымен қатар өзге де белсенді оқырмандар кітапханаішілік белгілі бір мақсатты шараларға тұрақты түрде қатысып, өз үлестерін қосуда. Мұның бәрі ауылдық кітапхананың жанынан құрылған «Мерей» қызығушылық клбуының балалармен жүйелі жұмыс жасағандығының көрінісі.
«Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, әр адам кітапханаға білімін шыңдаймын деп келсе, онда ол адамның рухани баюына жол ашады. Ендеше, біз де ауылдық кітапханаға оқырмандарыңыз көп болсын деген тілек білдірдік.
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»