Basty bet
Жауапкершілік танытайық
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бүгінгі күні мына аты жаман індетті ауыздақтаудың ең тиімді жолы вакцина салдыру болып отырғаны баршамызға белгілі. Бұл ең біріншіден, өзіміздің, отбасымыз бен жақындарымыздың саулығы мен амандығы үшін аса маңызды болып отыр.
Қазіргі еліміздің эпидахуалын бағамдайтын болсақ, жағдай көңіл көншітерлік емес. Оны бұқаралық ақпарат құралдарын көріп, оқып біліп отырмыз. Елімізде індетті жұқтырушылардың саны артып, салдарынан қаншама жақсы-жайсаң жандарымыздан айырылып жатырмыз.
Қауіп қайдан демеңіз? Қауіптің қай жерден келетіні белгісіз. Аудандық газеттің тілшісі ретінде аудан тұрғындарын індеттен сақтандыру мақсатында түрлі тақырыптарда мақала әзірлеп жүрмін. Оның ішінде індетті жұқтырып, жеңіп шыққан жандармен де сұхбат ұйымдастырып, көзі қарақты оқырмандарымызға ұсынудамыз. Сонда мақала кейіпкерлері індетті қай жерден, қалай жұқтырып алғандарын білмеген. Көпшілік арасында, жиын-тойларда жүріп, сақтық шараларын қатаң сақтамай жүріп, індетпен бетпе-бет келгендерін өздері де аңғармай қалған. Міне, індетті жеңгендердің айтқандарына қарап-ақ қауіптің қайдан келетінін білмейтініміз байқалады. Сондықтан жақында өзім үшін және жақындарымның амандығы үшін аудандық орталық ауруханаға барып, екпе салдырдым.
Екпе салдырмас бұрын тіркеу бөліміне барып тіркеліп, мамандардан кеңес алдым. Медицина қызметкерлері екпе туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның қалай әсер ететіні жөнінде ақпараттармен бөлісті. Екпе салдырған соң күту залында жарты сағат дәрігердің бақылауында болдым. Сонда екпе салдыруға келген ерікті жандардың көп болғанын аңғардым. Онда тұрғындар індетті жеңудің бірден-бір жолы вакцина екендігін жақсы түсінетіндерін жеткізді. Әрине, мұндай пікірдегі жандарды кезіктіріп, өзімізге де рухани демеу алдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырған болатын. Барша қазақстандықтардың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ екендігін де баса айтты. Сайып келгенде, баршамыз қалыпты өмір сүру қалпына оралу үшін вакцинациядан өтеуіміз қажет. Ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге сенбей, білікті мамандардың айтқан кеңестеріне құлақ асуымыз керек. Ендеше бір-бірімізге жанашырлық танытып, амандығымыз үшін екпе салдырайық, ағайын!
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»