Basty bet
Жоба қайта түзетуге қайтарылды
Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды.
Сейітхан Шерелханұлы карантин режімінің жариялануына байланысты кеңес отырысының кейінге қалдырылып келгенін айта келіп, қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сай азаматтық қоғамның маңызды мәселелері жөнінде пікір білдіру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылатынын атап көрсетті.
Кеңес отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқы салық салу объектісінің Жуалы ауданының елді мекенінде орналасуын ескеретін аймаққа бөлу коэффициенттерін бекіту туралы аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы хабарлама жасады.
– Салық салу объектісінің Жуалы ауданының елді мекенінде орналасуын ескеретін аймаққа бөлу коэффициенттерін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндеті төлемдер туралы» ҚР Заңының 529-бабының 6-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабына сәйкес аудан әкімдігі бекітеді. Аталған салық салу коэффициенттерін қолданғанда жергілікті атқарушы органдар елді мекеннің аудан орталығына жақын орналасқандығын, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгендігін ескереді, сондықтан олардың мөлшері жыл сайын өзгеріп отырады, – деді хабарламашы.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев салық салу коэффицентінің бір ауылдық округтегі аумағындағы елді мекендер арасында әртүрлі екенін айтып, «жұрт бізден мұның себебін сұрамай ма?» деді.
– Ең жоғары салық салу коэффициенті аудан орталығында, мұнда тұрғындар жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған, ол 2,65-ті құраса, ең төмен коэффициент Шақпақ ауылдық округінің Бірлік елді мекені мен Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылында 1,0-ді құрайды. Мәселен, Жетітөбе ауылдық округінің құрамында алты ауыл болса, округ орталығы Кәріқорған ауылында салық салу коэффициенті 1,6 болса, Майбұлақ ауылында – 1,75, Қосмұрат ауылында – 1,85, ал Шыңбұлақ ауылында 2,2-ні құрайды. Шыңбұлақ ауылында жоғары болатын себебі ол ауылда мектеп, бала бақша жұмыс істейді, жақында ауызсу және газ құбырлары тартылды. Басқа ауылдық округтерде де солай. Көкбастау ауылдық округінің Теріс және Бақалы ауылдарында – 2,3, Көктөбе ауылында – 1,85, Қосбөлтек ауылында – 1,75- деп жауап берді Қуаныш Ғалиұлы.
Кеңес мүшелері Ерғали Тілеубеков, Естемес Аманбеков, Кәрібай Құрмашев хабарламаға қатысты пкірлерін білдіріп, сауалдарын қойды.
Келесі кезекте Бауыржан Момышұлы ауылы аумағында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын бекіту туралы ауыл әкімі аппаратының бөлімше басшысы Нұрпейіс Мұратов хабарлама жасады. Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің шешімімен М.Мәметова көшесінің бойынан 250 шаршы метр аумақ бір жылдан бес жыл мерзімге жеміс-жидектер мен көкөністер, сондай-ақ Жібек жолы көшесінің бойынан 300 шаршы метр аумақ шөп және сабан сату орны болып белгіленгенін жеткізді.
Қоғамдық кеңес мүшелері Ерғали Тілеубеков М.Мәметова көшесінің бойынан ашылатын стационарлық емес сауда орнын жайластыру және заңдастыру барысында жапсарлас жатқан жер телімінің иесінен келісім алынған-алынбағанын сұрады. Кеңес мүшелері бұл мәселеге аудан әкімдігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің түсініктеме беруін талап етті. Бөлімнің бас маманы Досжан Аярбек жобаны әзірлеу кезінде жапсарлас жер телімінің иесінен мұндай келісім алудың ескерілмегенін айтты.
Кеңес мүшелері бірауыздан жобаның әлі дайын еместігін айтып, оны қайта түзетіп, кеңестің алдағы отырыстардың бірінде қарауға дайындауды ұсынды.
Абылайхан Сәрсен