Basty bet
ТҰРҒЫНДАР ҚОЙҒАН ТАЛАП: АУЫЗ СУ, ЖОЛ ЖӨНДЕУ, КӨШЕ ЖАРЫҒЫ
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың ағымдағы жылдың 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдардың жұмыс істеу алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптаның аяғында Ақсай ауылдық округіне атбасын бұрып, әлеуметтік нысандарды аралады.
Аудан орталығымен іргелес жатқан ауылдық округке арналған әкімнің сапары ауылдық әкімшіліктің аппаратымен танысудан басталды. Мұнда аудан әкімі Нарбай Ергебековті ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков күтіп алып, әкімшілік ғимаратымен және қызметкерлердің жұмысымен кеңінен таныстырды. Сонымен бірге ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында пошта байланыс бөлімшесі, ветеринариялық пункт орналасқан.
Аудан әкімі келесі кезекте Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне бас сұқты. Музейдің тыныс-тіршілігінен ғылыми қызметкер Сағадат Шілдебайұлы хабардар етті. Айта кету керек, келер жылы даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толмақ. Осыған орай музейдің айналасын абаттандыру, сонымен бірге кейбір жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Округтегі «Мөлдір бұлақ» балабақшасы 2011 жылы ашылған. Мұндағы басты проблеманың бірі – балабақша асханасы шатырының талапқа сай еместігі болып отыр. Бөлек орналасқан асхананың шатыры өте төмен. Осы мәселе бойынша балабақша меңгерушісі Айша Дәулетбаева айтып, аудан басшылығы тарапынан көмек көрсетуін сұрады. Аудан әкімі «Шапағат» балабақшасында да болып, мекеменің проблемаларымен танысты. Атап айтсақ, балабақшаның кейбір бөлмелерінің едендері тозған. Одан соң мекемеге кіре берістегі пандус талапқа сай емес. Бұл жөнінде балабақша меңгерушісі Ақбота Ибрагимова хабардар етті.
Ынтымағы жарасқан Қайрат ауылында өткен жылы көпшіліктің күшімен және кәсіпкер азамат Ерік Тастановтың қаржылай қолдауымен қазіргі заманға сай сәулетті мешіт бой көтерген болатын. Мұнда келетін жамағатқа барлық жағдайлар қарастырылған. Мешіттің имамы Сауран Сарыпбеков аудан әкімі Нарбай Ергебековке мешіттің күнделікті жұмысын, сонымен бірге Рамазан айындағы атқарылып жатқан сауапты істерді тізбектеді.
Аудан әкімі округке қарасты Диқан ауылына да барды. Аудан басшысы алдымен ауылдық мешіттің жағдайымен танысты. Одан соң төрт келушіге арналған медициналық пунктті аралап көрді. Мекеменің жұмысымен аймақтық медбике Мөлдір Алдиярова таныстырды. Келесі кезекте Диқан орта мектебіне аялдаған аудан әкімінің назарына мектептің проблемалары ұсынылды. Директор Майра Молдақұлова білім ошағының 80 орынға арналғанын, ал бүгінде мұнда 227 бала қысылып-қымтырылып оқып жатқанын, мектеп асханасының және акт залының, спорт залының талапқа сай еместігін баса айтты. Осы орайда аудан әкімі Диқан ауылына таяу жылдары 180 орындық мектеп салынатынын, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберілуге дайындалып жатқанынан хабардар етті.
Көпшілікке белгілі, Диқан ауылы бұрыннан-ақ мал және егін шаруашылығын барынша өркендетіп келеді. Осы орайда округте 2016 жылы «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылғаны мәлім. Ауыл тұрғыны Бибігүл Сариева аталған кооперативке мүше болып, бес миллион теңге несиеге қол жеткізген. Сауынды сиырдың басын көбейтіп, сол арқылы аудан орталығындағы ірімшік зауытына сүт өткізуді мақсат тұтқан шаруашылық бүгінде сүт өндірумен және мал бордақылаумен айналысады. Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Ақсай ауылдық округіне жасаған сапары Мыңбұлақ орта мектебінде тұрғындар жиынымен қорытындыланды. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Қорытынды жиынды аудан әкімі Н.Ергебеков ашып, облыс әкім Асқар Мырзахметовтың арнайы өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдардың алгоритмі туралы кеңінен түсінік беріп, бұл міндетте атқарушы орган басшылыры мен ауыл тұрғындарының арасында кері байланыс орнайтынын баса айтты. Ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жасау алгоритмі негізінде атқарған және атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен баяндады.
– Аталған жұмыс алгоритмін орындау мақсатында Ақсай ауылдық округі әкімінің ағымдағы жылғы жұмыс кеңесінің хаттамасы бекітілді. Жұмыс алгоритміне сәйкес іс-шаралар жоспары жасалып, кесте бекітілді. Елді мекендерді аралау жұмысы Диқан ауылынан басталып, аралау кезінде ауыл тұрғындарынан сұрақтар мен проблемалар жинақталды. Атап айтсақ, ауылдағы басты мәселе – ауылішілік жолдарды жөндеу, жаңа мектеп ғимаратын соғу, ауыз су құбырларын жаңарту және жайылым мәселелері. Округтің орталығы Қайрат ауылында да ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз су құбырларын жаңарту, жаңа тұрғын үй алабына инфрақұрылым жүргізу және жайылым мәселесі басты назарға алынып отыр.
Жұмыс кестесінде көрсетілгендей, салық түрлері бойынша жұмыстар жүргізілді. Бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мақсатында округтегі аула иелеріне өзіне тиесілі аумақты қоқыстардан тазалау туралы ескерту парақшалары таратылды. Елді мекеннің әлеуметтік төлқұжатын әзірлеу тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда Ақсай ауылдық округіндегі барлық әлеуметтік нысандарға талдау жүргізілді. Сонымен бірге елді мекеннің экономикалық дерекқорын жасау, мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіру мәселелері басты назарда тұр.
Жыл басынан белгіленген негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша ағымдағы жылдың қаңтар, мамыр айларында оң динамика сақталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауылдық округ экономикасының барлық салаларында өсімге қол жеткізіліп отыр. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімі арасындағы 19 индикатор бойынша межелі келісімдер ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен толықтай орындалды, – деді Марат Сайлауұлы.
Жиын барысында ауыл тұрғындары атынан Аманжол Дүрәліұлы, Толымбек Айдарбеков сөйлеп, кейбір мәселелерді сөз етті.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиынды қорытындылай келе, ауылдық округтегі ағын су, ауыз суды пайдалануда ысырапшылдыққа жол бермеуге, тиісті аумақта тазалықты сақтауға, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға көңіл бөлуге, ауыл әкімінің тұрғындармен жиі-жиі кездесуі жайына баса назар аударды. Аудан әкімі қазіргі таңда басшылық қызметтегі тұлғаларға жоғары тұрған органдар тарапынан және халық тарапынан үлкен талаптар қойылып отырғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге ауыл-аймақтағы шешімін күткен кейбір мәселелерді терең талдап, оның шешілу жолдарын бірлесіп қарастыру керектігін еске салды.
* * *
Облыс әкімінің өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық орталық аурухананың ұжымымен кездесті. Онда аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай денсаулық сақтау саласының 2019 жылдың үш айлық қорытынды жұмысы туралы баяндады.
-2019 жылы ауруханаға тіркелінген тұрғындар саны – 47667 адамды құрап отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар -16282, жасөспірімдер-2372, ересектер – 25829, 65 жас және одан жоғары – 318. Тұрғындарға аудандық орталық аурухана, емхана, сегіз дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт және 32 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Кадр мәселесіне келсек, аудандағы денсаулық сақтау саласында барлығы 662 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде дәрігерлер саны – 83, 32 – дәрігердің еңбек өтілдерінің бес жылға жетпеуіне байланысты, санатты дәрігерлер 24,1 пайызды құрап отыр.
Медицина қызметкерлерінің білімдерін үнемі жетілдіріп отыру жұмысы дұрыс жолға қойылған. Жыл басынан бері 37 дәрігер мен 29 орта буын медицина қызметкері, оқу базаларында білімдерін жетілдіріп келді.
«Бала – болашағымыз» демекші, балалардың өмірін сақтау – басты міндетіміз. Осы ретте сәбидің өліміне әкеп соқтырған негізгі себеп – баланың іштен туа біткен ақауының асқынуы және мерзімінен ерте босанудан туылған өте аз салмақтағы сәбилердің шетінеуі.
Оның шешілу жолдары ретінде өлім жағдайының осындай фактілерін болдырмау және ұйымдық-әдістемелік қорытындыларды қабылдау мақсатында жауапты тұлғаларды (аға дәрігерлерді, акушер-гинекологтарды, фельдшерлерді, акушерлерді) қатыстыра отырып, әр өліммен аяқталған жағдайды тәптіштеп талқылау және тиісті бағдарлама жұмысын әрі қарай жалғастыру.
Аудан тұрғындарына стационарлық көмек орталық аурухананың емдеу және қосалқы бөлімдерінде көрсетіледі. Стационарлық көмек 15.12.2009 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №2136 Қаулысымен бекітілген «Азаматтардың тегін медициналық көмектік кепілдік берілетін көлемі» шеңберінде көмек көрсетіледі,- деді бас дәрігер.
Ол сонымен бірге мекемедегі қордаланған мәселелер ретінде лифттің істен шыққанын, маммография, флюрография қондырғыларының ескіргенін, зертхана мен жұқпалы аурулар бөлімінің ғимараттары жөндеуді қажет етіп отырғанын еске салды.
Жиын барысында аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөйлеп, қатысушылардың назарын бірқатар мәселелерге аударды.
– Соңғы кездері аудандық орталық аурухананың қызметкерлеріне тұрғындардың шағымы жиілеп кеткенін жасыра алмаймыз,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Денсаулық сақтау саласы – үлкен сала. Сіздер ең алдымен адам өміріне жауап бересіздер. Сол себепті мұнда ем алуға келген азаматтармен дұрыс қарым-қатынаста болып, жанашырлықпен қызмет ету керек. Қазір біздің қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі жетіспей отыр. Соңғы жылдары жарақаттардан, оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімдердің саны едәуір артқан. Мұның да себептерін анықтауымыз қажет. Қазір барлық саланың қызметкерлеріне қойылатын талап жоғары. Әйткенмен соның үдесінен шыға білу қажет.
Жиын барысында басқа да мәселелер бойынша пікірлер алмасылды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»