Basty bet

Топ жоспарлы жұмысын ауданға арнады

Кеше ауданымызға “Бейбітшілік пен келісім” пилоттық жобасын іске асыру бойынша құрылған дін мәселелері жөніндегі топ өкілдері келді.

“Бейбітшілік пен келісім” жобасы ел бірлігі мен ынтымағын сақтау, тұрғындарды адамгершілік құндылықтарға үндеу, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни сауаттылықтың рөлін арттыру, қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеу және жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында әзірленген болатын.
Жоба аясында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров басқарып келген топтың құрамында облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің наиб имамы Бақтияр Әміреев, облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Кенжекүл Сейтханқызы, белгілі дінтанушылар мен теолог мамандар бар.
Топ жұмысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімідері және діни бірлестік өкілдерімен өткен жиналыстан бастау алды.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, қатысушыларды топ құрамымен таныстырды.
Белгілі дінтанушы мамандар мен теологтардан құралған топ облысымыздағы аудандарды шетінен аралап келеді. Біздің аудан сегізінші болып отыр.
Алғашқы сөз кезегі облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровқа берілді.
-“Бейбітшілік және келісім” пилоттық жобасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Жобаны өздеріңіз білесіздер, Қордайда болған жағдайға байланысты қолға алынып отыр.
Жоба аясында әртүрлі сала бойынша бес топ құрылған. Яғни, әлеуметтік, құқық қорғау, дін мәселелері, т.б.
Біз Қазақстандағы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға сәйкес және Экстремизм және терроризмге қарсы 2018-2022 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы аясында жұмыс істейміз.
Бүгінгі жиынға құқық қорғау органдарының қызметкерлері де шақырылып отыр. Барлығымыз бірлесіп жат ағымдардың жетегінде жүрген бауырларымызбен жеке-жеке жұмыстар жүргізуіміз керек. Біздің топ аудандарыңызда бүгін және ертең болады. Осы екі күнде біз орын алған діни мәселелерді мейлінше шешуге атсалысуымыз керек. Көкейлеріңізде сұрақтар болса, осы мүмкіндікті пайдаланып қойыңыздар. Жұмысымызды барынша пайдалы, абыроймен атқарайық.
Қоғам болғаннан кейін проблемасыз болмайды. Әрі десе сіздердің аудандарыңыз шекаралас аудан. Сондықтан бұл мәселеге ерекше мән беруіміз керек.
Жоспар бойынша біз қариялармен, имамдармен, жастармен кездесу өткізіп, жұмыстарымызды түсіндіреміз. Қойылған сұрақтар бойынша, яғни, діни мәселелер, мемлекетіміздің дін саясатын жүргізуге байланысты қандай мәселелер бар осының барлығын сараптаймыз. Өзіміз шеше алмайтын мәселелер болса, арнайы жасалған “Жол картасы” бойынша облыс әкіміне жолданатын ұсыныстарға енгізетін боламыз. Сондықтан іс-шараларға бірлесіп белсене атсалысайық,- деді Жангелді Жайлауұлы.
Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларын маңызды шараға белсенді қатысуға шақырды.
Ауданымыздағы қадірменді қариялардың бірі Кәрібай Құрмашев осы айтылған мәселелерді жүзеге асыруы үшін ауылдық мешіттер жұмысын дәстүрлі түрде жалғастырса деген өтінішін жеткізді.
Қарияның сауалына Жангелді Омарұлы жауап берді:
-Ауылдағы мешіттер ашық тұр. Мешіттер жабылған жоқ. Әркім қалаған уақытында барып құлшылық жасауға болады. Тек жұма намазды мешітте оқуға болмайды. Бұл мемлекеттің бас санитар дәрігерінің қаулысына сай, яғни індеттің таралуының алдын алу мақсатында жасалып отыр. Себебі, мемлекетімізде ең бірінші халықтың денсаулығы, амандығы бәрінен де қымбат. Сондықтан бұл уақытша мәселеге түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз.
Республикалық “Ақ ниет” ақпараттық насихаттау және оңалту орталығының облыс бойынша өкілдігінің басшысы Зұлқарнайын Зунунқожа да қысқаша жұмысы туралы баяндап өтті.
-“Ақ ниет” орталығы 2014 жылдан бастап жұмыс істеуде. Орталық үш этаппен жұмыс жасауда. Бірінші этап – түрмедегі террористік сипатта қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтармен жұмыс жасау. Екінші кезекте 2019 жылы “Жусан” гуманитарлық акциясы аясында елімізге қайтарылған азаматтармен жұмыс жүргізу. Үшінші этапта бостандықта жүрген өзінің діни көзқарасында теріс ұғымдар бар азаматтармен жұмыс жасаудамыз. Жамбыл облысындағы “Ақ ниет” орталығына келетін болсақ, олоблыста 2020 жылдың шілде айында ашылған болатын. Қазіргі таңда облыстық дін істері басқармасымен сондай-ақ, қылмыстық атқару жүйесі департаменті, қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен бірге меморандум негізінде келісімшартқа сәйкес бірлесе жұмыс атқарудамыз,- деді орталық өкілі.
* * *
Аталған топтың жұмысы әрі қарай “Достық” мәдениет үйінде ауылдық мешіт имамдары мен қариялармен кездесумен жалғасты.
-Негізгі мақсат – аудандағы діни мәселелерді зерделеу, имамдармен, қариялармен пікірлесу. Қандай мәселеге көңіл бөлу керек? Жалпы Сіздердің ой-пікірлеріңізбен, ұсыныстарыңызбен бөлісу. Бұл өте үлкен мәселе. Себебі, оның ар жағында жас ұрпақтың тәрбиесі тұр,- дей келіп, Жангелді Жайлауұлы сөз кезегін облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің наиб имамы Әмірев Бақтияр Амантайұлына берді.
-Құрметті имамдар, жиналған көпшілік!
2019 жылы 23 қазанда Муфти хазіретімізбен “Жеті рухани қазық” құжаты қабылданған еді. Менің үлкен мақсатым – осы Жеті рухани қазықты Сіздерге баян ету.
Бірінші рухани қазығымыз – имандылық, екінші – отаншылдық, үшінші – білімділік, төртінші – ауызбіршілік, бесінші – еңбекқорлық, алтыншы – мәдениеттілік, жетінші – әділдік.
Яғни, руханияттың алғашқысы имандылықтан басталған. Алла тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында имандылық туралы айтады. Себебі, имандылық дегеніміз – адамның өміріне ең қажет дүние. Алла Тағала “Асыр” сүресінде “Мен асыр уақытпен ант берейін, расында адам баласы қасіретте. Бүкіл адам баласы қасіретте, тек қана иман келтіргендер қасіретке ұшырамайды. Яғни, салиқалы амал жасағандар, өздерінің арасында ақиқатты және бір-бірлерін сабырлыққа шақырғандар, үгіттегендер” дейді. Яғни, адамды қасіреттен алып шығатын – ол имандылық. Бұл біздің руханиятымыздың ең маңызды тұсы. Имандылықтың үркіндері не? Иман дегеніміз – тілмен айту, жүрекпен бекіту. Яғни, “Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхамед оның елшісі” деп тілмен айтып, оны шын жүрекпен бекіту.
Екіншісі – отаншылдық. Ата-бабамыз “Отан оттан да ыстық” деп бекер айтпаған. Отаны жоқтың ділі де, діні де, тілі де жоқ. Біздің осы отырысымыздың өзі Отанымыздың, Отанымыздағы бейбітшіліктің арқасы. Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтерінің ең үлкені – Отаны. Сондықтан адам баласында Отанға деген құрмет, махаббат болуы тиіс.
Білімділік – адамды адамдық шыңға көтеріп тұрған құндылық.
Ауызбіршілік – Алла Тағаланың ең жақсы көретін қасиеттерінің бірі.
Еңбекқорлық – адам баласына тән қасиет.
Жалқаулықты Алла Тағала да сүймейді. Әр адам өзінің нәпақасын адал еңбегімен табуы керек.
Мәдениеттілік – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу. Адамдармен дұрыс, сыпайы, мәдениетті қарым-қатынас жасай білу. Дөрекі қарым-қатынас жасамауымыз керек. Алайда, қазірігі қоғамда біздің осы жағымыз ақсап жатыр.
Жалпы, дін дегеніміз – көркем мінез.
Рухани қазығымыздың соңғысы – әділдік. Құран Кәрімде екі адамның арасын әділдікпен жарастырыңдар дейді. Расында Алла Тағала әділдікті жақсы көреді. Қандай жағдайда да қиын болса да әділдікпен шешу керек,- дей келіп наиб имам осы жеті рухани қазығымызды жақындарымызбен бөлісуге шақырды.
Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жасқанбайұлы “Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мақсаттары мен міндеттері” туралы баяндады.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев қорытындылады.
Ернұр Маратұлы халық үшін, жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды, пайдалы кездесу ұйымдастырғаны үшін Дін істері басқармасының басшысына алғысын білдіре келіп, елдің ұйытқысы деп білетін имамдарымыздың білімі қаншалықты деңгейде, олардың діни білімі мен мәдениеті, адамдармен қарым-қатынас жасау, сөйлесу, жеткізе білу қабілеттерін жетілдіре түсу қажеттегі туралы ойымен бөлісті. Аудан әкімінің орынбасарының бұл пікірін облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров та қуаттап, имам барлық сұраққа жауап бере алуы үшін үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп отыруы қажеттігі, халық имамның сөзіне, біліміне, іс-әрекетіне қарап бой түзейтінідігі жайлы айтты.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close