Basty bet

Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткіңіз келсе…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы үшінші бастамасында «Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынамын. Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталандырады. Сонда олар зейнетақы жүйесінің, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналады. Бұл мәселеде науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Бизнестің жұмысында іркілістер мен шығындар болмауы үшін тиісті төлем жүйесін даярлау қажет. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауға тиіс» деп атап өткен болатын. Одан бөлек те ел Президенті жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлік саласын назардан тыс қалдырмайды.
Осы ретте, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды.
Палатаның басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету.
ҰКП-ның негізгі қызметтеріне келер болсақ, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өңірлерде кәсіпкерлік қызметке жасалынған жағдайлардың, кәсіпкерлік белсенділіктің қоғамдық мониторингін жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, отандық өндіріске қолдау көрсету.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасының қатысушылары тағы да онлайн фоматта оқып жатыр. Оқу жүйесі өзгерген. Бүгінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша аудан әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығы белсенді жұмыстар жүргізуде. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды түсінбей жатқан тұрғындар да бар. Осы сұрақтар төңірегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына келіп, кәсіпкерлік негіздерін оқып беруді және бизнес жоспар жасап беруді сұрайтындардың қатары көбейіп отыр. Бұл дұрыс емес. Әрбір оқуға қатысушы «Бастау Бизнес» сайтына кіріп, ондағы ақпараттармен жіті танысып отыруы керек. Сонда ғана тұрғындар арасында түсініспеушілік туындамас еді.
Ресми сайтта «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» заңын ашып, қарайтын болсаңыздар кәсібін жаңадан бастамақшы болып отырған азаматтар алаяқтың арбауына ілінбес еді.
«Бизнес Бастау» оқу курстарына азаматтар өзінің жеке ЭЦҚ кілтімен тіркелетінін және мемлекеттік грантты алу комиссиясына бизнес жобасын қорғауға тек жеке өзі қатысатынын айтқым келеді. Себебі, тұрғындар арасында оқу курсына қатысты және бизнес жоспар әзірлеу жұмыстары бойынша түсініспеушіліктер туындап отыр. Ал, осындай сәтті пайдаланып, «Бизнес Бастау» оқу курстарынан өткізіп беруге, 400 АЕК мемлекеттік гранттың комиссиясына өтініш берушінің қатысуынсыз грантты алып беруге болатынын айтып жүрген азаматтардың бар екендігі жөнінде ауызша шағымдардың түсуіне байланысты ондай алаяқтардан сақтануды қатаң түрде ескертеміз!
Аталған алаяқтықпен айналысып жүрген азаматтарға кезіккен жағдайда құзырлы құқық қорғау оргазндарына жүгінуді сұраймыз!

Руслан АЙТБАЕВ,
«Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры

Таңдаулы материалдар

Close