Basty bet

«Асылхан» шаруа қожалығы алда келеді

Биыл көктемде басталған пандемияға қарамастан шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп, оның ішінде жер жыртып, егін себуге молынан мүмкіндік берілді. Төтенше жағдайдың талаптарына байланысты қала мен аудандардың, аудан мен ауылдардың арасында блок-бекеттер қойылып, сақтық шаралары күшейтілсе де, тиісінше, шаруалардың еркін жүріп-тұруына, жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар тасымалдауына шектеу қойылған жоқ. Соның нәтижесінде болар, біздің ауданның шаруалары егіннен, бақша дақылдарынан мол өнім алды. «Балапанды күзде санайды» демекші, жаз бойы, сонымен бірге, күздің алғашқы екі айында алқаптарда қызу жұмыстар жүріп, егілген өнім ысырапсыз жинап алынды. Қуаңшылыққа қарамастан нәтиже де жаман емес.

Қары мол түсіп, алты ай бойы «ақ көрпесін» жамылып жататын Жуалы жұртшылығы қыстың қамын жазда ойлап, мал азығын, азық-түлігін, отын-суын дайындап алды.
Ендігі кезекте жуалылық шаруалар келер жылдың өнімі үшін белсене жұмыс істеуде. Бұл негізінен күздік бидай егетін шаруа қожалықтарға қатысты. Жерді тыңайту әрі ауыспалы егістік тәсілін қолданатын шаруалар биыл картоп немесе басқа да бақша дақылдары егілген алқаптарды аударып, агротехникалық шараларды сақтау арқылы қайта өңдеп, оған күздік бидай егу үстінде.
Ақсай ауылдық округінің шаруалары жоспар бойынша 392 гектарға күздік бидай себу қажет болса, қазан айының аяғына дейін барлығы 400 гектар күздік егіліп отыр. Оның 350 гектары ауылдық округке қарасты Диқан ауылында орналасқан «Асылхан» және «Олжабай» шаруа қожалықтарына тиесілі. Ал сүдігер көтеруге келсек, бұл округке берілген жоспар – 2655 гектар. Қазіргі таңда оның 1800 гектарға жуығы игеріліп отыр. Ауылдық округ әкімшілігі мамандарының айтуынша, сүдігер көтеру жұмыстары алдағы қараша айында да жалғасатын болады.
-Жаз және күз айларында болған қуаңшылыққа байланысты егістік жерлердің топырағы қатты болып отыр. Сүдігер көтеру жоспарын орындауға да топырақтың кесек-кесек болып түсуі өз кедергісін келтіруде. Алдағы қараша айында жауын жауса, шаруалар сүдігер көтеруге қайта кірісетін болады. Жалпы ауылдық округте күзгі жиын-терім жұмыстары толық аяқталып, жылдағы дәстүрмен күзгі дала жұмыстары басталып кетті. Бұл тиісінше, келер жылдың өнімінің мол болуының кепілі,- дейді Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қанатбек Жексенбаев.
Ақсай ауылдық округінде ақ егіспен айналысатын алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі – «Асылхан» шаруа қожалығы. 2001 жылы құрылған шаруашылықты Базаркүл Олжабаева басқарады. Барлық жер көлемі 789 гектарға тең. Оның ішінде егістік жерлері – 470 гектар болса, көпжылдық шөп – 120, ал жайылым жерлері 200 гектарды құрайды. Аталған шаруашылық биыл 190 гектарға бидай, 210 гектарға арпа, 60 гектарға мақсары, сонымен қатар, тоғыз гектар алқапқа картоп екті. Тиісінше, алынған өнім де жаман болған жоқ.
«Асылхан» шаруа қожалығы егін егумен қатар сауынды сиырдың басын да көбейтуге ден қойып отыр. Бүгінде сауынды сиырдың басы 50 басқа жетті. Иелігінде жеті бас бұқа бар. Одан бөлек, мал қыстауында 600 бастай қой, 20 бас қошқар бағылады. Азын-аулақ жылқылары да бар.
-Жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы жеткілікті деп айтуға болады. Шаруашылықта алты дана трактор, үш дана астық жинайтын комбайн, «КаМАЗ», «ЗИЛ» маркалы жүк тасымалына арналған қуатты техникаларымыз, одан бөлек, жер жыртуға, дән себуге, жүк тасымалдауға арналған ауыл шаруашылығы тіркемелерінің бәрі бар. Биыл «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 25 пайыз жеңілдікпен «ҮТО» маркалы трактор сатып алдық. Бұл да шаруашылық жұмысын жүргізуге үлкен көмек.
Алдағы жоспарымыз – ет бағытындағы малдың басын көбейту. Бұл бағытта нақты жоспар жасап, алдағы уақытта өз қаржымызға 50 бас ірі қара сатып алуды ойластырып жатырмыз. Сауын сиырмен қатар ет бағытында да ірі қараның басын көбейтуге барлық мүмкіндігіміз бар,- дейді «Асылхан» шаруа қожалығының мүшесі әрі аталған шаруашылықтың жұмысын жүргізіп отырған еңбекқор азамат Әсет Олжабаев.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close