Basty bet
Тазалық жұмыстары жалғасын табады
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен кезекті аппарат жиналысы өтті. Жиналыстың күн тәртібінде үстіміздегі жылдың күзгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстарының атқарылуы туралы мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков баяндама жасады.
– Ауданда 2020 жылғы көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыру мақсатында Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округ әкімдері және аудан әкімдігі тарапынан аудандағы барлық мекеме ұжым және ұйымдарға елді мекенінде орналасқан көшелер мен аумақтар бекітіліп, сегіз рет сенбіліктер ұйымдастырылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аудан бойынша егілетін тал дарақтарға тоқталсақ, жоспары 19555 дана болса, зерделеу жұмыстары барысында орындалғаны 13775 дана болып, 70 пайызды құрады.
Оның ішінде Ақтөбе, Билікөл, Боралдай, Шақпақ, Көкбастау ауылдық округтері жоспарды толық орындаған. Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Мыңбұлақ және Нұрлыкент, Қызыларық, Жетітөбе ауылдық округтері толық орындамаған. Ал, Күреңбел, Қошқарата, Қарасаз ауылдық округтерінде мүлдем егілмеген.
Арық және каналдар тазалау жоспарда 91,15 шақырым болса, орындалғаны округтердің мәліметі бойынша 91,15 шақырым, 100 пайызды құрайды. Алайда зерделеу жұмыстары барысында төмендегідей кемшіліктер анықталды. Яғни, Жетітөбе ауылдық округі бойынша: Тасбастау ауылы Үсіпбаев көшесіндегі арық-атыздар тазаланбаған. Кәріқорған ауылы Қожаназаров көшесіндегі арық-атыздар тазаланбаған. Күреңбел ауылдық округінде Жуалы, Қарабастау көшелеріне арық-атыздар тазаланбаған. Боралдай ауылдық округінде Көлтоған ауылы Қонаев көшесінің арық-атыздары тазаланбаған. Көкбастау ауылдық округі бойынша: Көктөбе ауылы Иманалы көшесінің арық-атыздары тазаланбаған.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Нұрлыкент ауылдық округі бойынша: Байғазиев, Замбаев көшелерінде арық- атыздары тазаланбаған. Қызыларық ауылдық округі бойынша: Қызыларық ауылы Тастандиев көшесі және Ақтөбе ауылы Руханият көшесінің арық-атыздары тазаланбаған. Ақтөбе ауылдық округі бойынша: Жаңаталап ауылы Расылхан көшесі бойының арық-атыздары тазаланбаған. Бәйтерек ауылына кіре-берісте арық-атыздары тазаланбаған.
Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындар мен полигон саны-13, оның 1-полигон – «Жасыл-Жуалы» МКК, 12 дана-ТҚҚ тастайтын орын. Бүгінгі күнге «Жасыл Жуалы» мекемесі арқылы ЖОЮ ҚОРЫ ашылды (ликвидационный фонд). Оның ішінде: бесеуінің қоршауы жоқ. Атап айтқанда: Қошқарата, Жетітөбе, Көкбастау, Шақпақата, Қарасаз.
Оңтайландыру мәселесі бойынша жақын орналасқан 2 дана-ТҚҚ орындары оңтайландырылуға жатады деп шешілген. Олар: Шақпақ, Қарасаз ауылдық округтері. Аталған ауылдық округтерде қоршауы жоқ. Жою қоры құрылған. Аталған елді мекендер жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тұрмыстық қатты қалдықтарын басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, жоғарыда аталған елді мекендер оңтайландырылуына байланысты қоршауды қажет етпейді.
Ал,қоршауы жоқ Жетітөбе, Көкбастау, Қошқарата. Бүгінгі күнге қоршауға ЖСҚ дайындалуда,- дей келіп баяндамашы көшелерді күл-қоқыстан тазарту, саябақтар мен скверлерді тазалау жұмыстарына тоқталды. Және де зерделеу жұмыстары қорытындысымен көрсетілген кемшіліктерді 7 қарашаға дейін жоюды ұсынды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы баяндаманы тыңдай келе, орын алған кемшіліктерге тоқталды.
-Қай жұмыс болмасын дер кезінде орындау керек. Қанша рет айтылып жатыр. Оның үстіне биыл қоғамдық жұмысшылардың да қатары көбейді. Бірақ жұмыс әлі де нашар. Ауылымыздың, ауданымыздың тазалығы ол біріншіден халықтың денсаулығы үшін керек. Әрі ол халықтың мәдениетінің деңгейін көрсетеді.
Одан кейін оңды-солды ағаш кесуді тоқтатуымыз қажет. Апатты жағдайда тұрған ағаш болмаса, кесілмесін. Табиғат – біздің байлығымыз. Оны қорғау – барлығымыздың парызымыз. Тал-дарақтарды егіп, оны қоршап, күтіп-баптап жатқан ауылдық округтер жоқ? Жұмысты көзбояушылықпен емес, жанашырлықпен істеу керек. Әр тұрғын ауласына, бау-бақшасына тал-дарақтарды өзі үшін егуде. Ал, ауылдық округ әкімдері ауылға ауылдың көркі үшін егуді ұйымдастыру қажет. Барлығы қажетті қаржыға дер кезінде сұраныс жасап, жұмысты дұрыс ұйымдастырғандарыңызға байланысты.
Тазалық – баршамызға ортақ іс. Оған әрбір тұрғын үлес қосып, халыққа түсіндіре білуіміз керек. Орын алған кемшіліктер тез арада жойылсын. Тазалық жұмыстары күзгі айлық аясында шектелмейді. Әрі қарай жалғасын табуы тиіс,- деді аудан әкімі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»