Basty bet
Қысқа дайындық барысы пысықталды
Ауданымызда жыл сайын өтетін «Қыс-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Оқу-жаттығуда азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар құрылымдары жоспарға сәйкес Б.Момышұлы ауылы Жібек жолы бойындағы «Қазавтожол» РМК-ның аумағына сапқа тұрғызылды. Өңірімізде қыс маусымындағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау мақсатындағы бұл шараға жеке құрам түгел қатысты. Қолда бар техникалар мен құрал-жабдықтардың қызметтік сапасы тексеріліп, төтенше жағдайларға әзірлік мәселелері пысықталды.
Бұл – қысқы маусымға әзірлікті шыңдай түсетін дәстүрлі республикалық оқу-жаттығу. Алдымен, аудан әкімі Нарбай Ергебеков сап түзеген азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар құрылымымен тілдесті. Қаз-қатар тізілген жедел топтың техникалық базасымен танысты.
Сап түзеп тұрған көліктердің алдағы қысқа дайындығын пысықтау барысында аудан әкімі Нарбай Ергебеков алдымен азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар құрылымдарының, яғни медициналық, өрт сөндірушілік, авариялық-техникалық, инжернерлік, байланыс, сауда және тамақтандыру, көліктік, қоғамдық тәртіпті сақтау, жан-жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, эпидемиологиялық, барлау қызметі, құтқарушылар, ақпарат қызметінің қызметкерлерімен тілдесті. Техникалық базасы мен керекті құрал-жабдықтарының жай-күйін көрді.
Сонымен қатар, бірнеше мекемелерге ескертулер берді. Әлі де дайындықты ширатып, қысқа дайындық сақадай-сай болу қажеттігін ескертті. Аудандық газ шаруашылығына қыстың күндері тұрғындарға дер кезінде газдың өшкендігін ескерту керектігін назарға алды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен де сөйлесіп, төтенше жағдай кезінде қосымша мобильді тіркемені ұйымдастыру керектігін айтып өтті. Уақтылы тасымал қызметін қолға алып, төтенше жағдайға сай көлікті әзірлеуді тапсырды. Әлемді шарпыған індетті де естен шығармай, сақтық шаралары мен санитарлық талаптарды ұмытпауды жеткізді.
-Құрметті әріптестер, ауданда жыл сайын қысқа дайындыққа арналған оқу-жаттығу өтеді. Биыл да міне, осы үрдіспен техникалардың дайындығы тексерілу үстінде. Біздің өңірдің қатал ауа райын ескере отырып, бұл істе қырағылық танытуымыз керек. Ең бастысы, мәселе адам өмірінің қауіпсіздігін ұмытпауымыз қажет. Қысқа дайындықты ширатып, сақадай дайын тұру қажет. Ешқандай түсінбеушілік орын алмай, адамдарға көмек көрсетілмей қалмауы тиіс. Баршамыз жауапкершілікті сезініп, алдағы уақытта ел игілігі үшін сапалы қызмет көрсетуді ұмытпағанымыз абзал. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, аты жаман індетті де ескеріп, қызметкерлердің денсаулығының қауіпсіздігін ұмытпай, санитарлық талаптарды да орындауымыз керек, – деп аудан басшысы оқу-жаттығуды қорытындылады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»