Basty bet

«Індетке немқұрайды қарап, жауапсыздық танытпау қажет»

«Денсаулық – зор байлық» демекші, бүгінгі күні деніміздің саулығын, халқымыздың амандығын басты байлығымызға санап отырғанымыз белгілі. Адам өмірінен қымбат дүние жоқ. Мұны әлемді шарпыған аты жаман індет есімізге қайта салып, қадірін білуімізге септігін тигізді. Әрине, өткен күндегі қиын-қыстау кез ешкімнің есінен шыға қоймады. Әлі де адам бойында үрей мен қорқыныш бар. Бәрі де мамыражай, қалыпты өмір сүру қалпына оралғысы келеді. Ол үшін әрекет етуіміз қажет. Санитарлық талаптарды қатаң сақтанып, сақтық шараларын күнделікті өмір сүру тәртібіне енгізген жөн. Мұны індетті жұқтырып, өмір үшін арпалыста болған, індетті жеңген азаматтар жақсы біледі. Аты жаман ауруды бастан өткергендердің оқиғасын тыңдасаң, бір сәттік күлкіні емес, болашақтың қамын ойласың.

«Бұл індетке немқұрайды қарап, жауапсыздық танытпау қажет» деген аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі, реаниматолог Әлімжан Хайтметов сол бір қиын кезеңдерді еске алып, індетті қалай жеңгені туралы айтып берді. Сонымен қатар, дәрігерлік кеңесін беріп, індеттен сақтанудың жолдарымен бөлісті.
-Аудандық орталық ауруханада 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Негізінен жан сақтау бөлімі халі ауыр жағдайдағы науқастар түсетін бөлім. Жауапкершілігі жоғары. Мінезімнің, болмысымның осы салаға жақындығы еңбек жолымды жансақтау бөлімінде бастауыма септігін тигізді. Маған өз жұмысым ұнайды. Әрине, бұл уақытқа дейін де біз ауыр жағдайдағы науқастармен бетпе-бет келдік. Олардың өмірі үшін күрестік. Өз тәжірибемде 7-8 адамның жүрегін қайта соқтырдым. Бұл жердегі ең қиыны –науқастың туысқанына суық хабар жеткізу. Оны екінің бірі айта бермейді. Дәрігерге жүректілік керек.
Індет өмірімізді өзгертті. Күнделікті жұмыс пен өмір сүру тәртібі өзгерді. Осы сәтте антымызға деген адалдықты танытуымыз қажет болды.
Бөлімге 21 маусымда алғашқы індетті жұқтырған науқас түсті. Оның ПЦР талдауы алынып, жауабы оң нәтиже беріп, науқаста індет анықталды. Оған емдеу шараларын жасап, төрт-бес күннен кейін жағдайы жақсарған соң облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Содан шілде айының басында менде індеттің белгілері байқала бастады. Екі жауырынымның ортасынан бастап, терлеп, әлсіздік пайда болды. Мұндай менде ешқашан болмаған. Содан жайлап сүйектерім, буындарым қақсады. Дәм, иіс сезе алмай қалдым. Бәрінен мақрұм қалғандай күйдемін. Дене қызуымды өлшесем 37,1 градусты көрсетті. Дене қызуым көтеріліп, бойым әлсіреп, ауырып жүрмін.
Бұл белгілер мені елеңдетіп, ПЦР талдауын тапсыруға бекендім. Бұл кезеңдерде пандемияның өршіген тұсы. ПЦР тесттің жестіспеушілігі, оның жауаптарының кешігуі орын алды.
Содан 3 шілде күні менен ПЦР талдауы алынды. 10 күннен кейін жауабы келіп, менде оң нәтиже көрсетті. Бұл өте қиын күндер еді. Бөлімде үш дәрігер қалғанбыз. Бір дәрігерді облысқа алып кетті. Күннен-күнге жағдай өршіп, қызметтік орынды тастауға мүмкіндік болмады. Жанталас. Бөлімдегі алты орында жеті адам жатыр. Төсек-орын, тыныс алу аппараты жетіспейді. Науқастар үсті-үстіне түсіп жатыр. Барлығы пневмония, індетті жұқтырғандар. Кейбірі ауруханаға жете алмай қайтыс болды. Қаншама науқас жұқпалы аурулар ауруханасында жатты. Үйінде ауырып, емделгендер қаншама.
Бөлімдегі менен де басқа медбикелер мен дәрігерлер де ауырды. Бірақ, отбасын, өзін ұмытып осында өмір үшін күресті. Менің бойымды да қорқыныш пен үрей биледі. Қалай болар екен, жеңіп шығамынба деген сауал мазалап, өз-өзімді жоғалтуға шақ қалдым. Тек досымның жігерлендірген сөзінен кейін есімді жидым. Науқастармен бірге мына мылтықсыз майданда күрестік. Бүкіл өміріміз көз алдымызға келді.
Екі күн қорқынышпен жүріп, өз-өзімді емдеуге жұмыста жүріп кірістім. Себебі, жұмысты тастауға мүлдем болмайды. Әріптестерімнің өзі менен демеуді қажет етті. Оқшауланып, 18 күн бойы отбасыма жақындамадым. Себебі, егде жастағы ата-анам, кішкентай балаларым бар. Анама сол кезде ота жасалған болатын. Олар Шымкент қаласында тұрады. Жұмыста да әріптестерім ауырып жүріп, науқастардың қасынан табылды. Бір-бірін алмастырып, бір-біріне ем-домын жасады. Ешкім қызыл аймақты тастап кетпеді.
Уақтылы жасалған ем-дом мен үрейге бой алдырмауымнан індетті он-он екі күннің ішінде жеңдім.
Қазір бұқара халық індет басылды деп, жасырын той тойлап, думандатып жатыр. Бұл олардың қоғамға деген жанының ашымағандығы, өзімшілдігі. Жауапсыздық танытуы. Қазір той тойлайтын кезең емес, терең ойлайтын уақыт. Көп адамда бұл кезеңге дейін сенбеушілік болды. Неше түрлі қауесеттер тарап, жалған ақпараттар таратылды. Шілде айында індеттің шарықтау шағында ғана ел арасында үрей басталды. Нағыз қиын кезең. Адамдардың көздерінен қорқыныш көрінетін. Кейде науқастар жаны қиналып, көмек сұрағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Олармен бірге өзімізде қиналдық. Жанымыз күйзелді. Дегенменде індетпен күресте табандылық таныттық. – деп сол қиын күндерін еске алды.
Ақ халатты абзал жандардың адам өмірі үшін күрестегі еңбегі ұшан-теңіз. Олар өз бастарын тәуекелге байлап, өзгенің өмірі үшін арпалысты. Анттарына адалдықтарын танытып, абыройлы медициналық қызмет көрсетті. Осы ретте, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, Әлімжан Қамалжанұлы індетке қарсы вакцина жоқтығын, оның адам өміріне қауіптілігін ескеріп, сақтық шараларын ұстануды айтады.
-Дәрігер ретінде жұртшылыққа ең бірінші қарапайым қол жуу ережесін үйренуге кеңес беремін. Қоғамдық орындарда, көшеде медициналық бетпердесіз жүрмеу керек. Адамдар көп шоғырланатын орындарға бармай, қорғаныс құралдарын үнемі қолдану қажет. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Өз-өздеріңізді оқшаулап, құнарлы тамақтанып, пайдалы іспен айналысыңыздар. Бір мезгіл таза ауада дем алып, спортпен шұғылдануды әдетке айналдырыңыздар. Тазалықты ұмытпаңыздар. Тағы бір айта кетерлігі, алкогольдік ішімдіктерге әуестенбеңіздер. Ішімдік індетке қарсы ем емес. Сонымен қатар, өздігінен кез келген дәрі-дәрмекті де ішпеген абзал. Дәрігердің кеңесіне жүгініңіздер.Дүкендегі тәтті-сусынды емес көбірек суды ішіңіздер, – деп дәрігерлік кеңесін берді.
Дәрігер Әлімжан Қамалжанұлы да мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенін айтып, енді ешкімнің ауырмағанын, індетпен бірге күрескен күндер өткеннің еншісінде қалғанын қалайды. Лайым, жұртымыз аман, еліміз тыныш болғанын тілейді. Майдансыз соғыс қайталанбас үшін әр адам жақынына жанашырлық таныту қажеттігін айтады.

Таңдаулы материалдар

Close