Basty bet

Ұлы ақынға арналған шығармашылық байқау

жас дарындарды анықтады

Абай – дана, Абай – дара қазақта. Бұл ұстаным өзгермеуге тиісті. Себебі, халқымыздың арасынан теңдессіз данагөй, арғы-бергіні болжап, асқан көрегендікпен болашақты алдын ала бағамдай білген Абай Құнанбайұлының шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл ретте, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»,- деген ұлағатты сөзі ұлтымыздың адастырмас, айнымас темірқазығы болуы керек. Абай айтқан асыл сөздің құны осы жаңа заманда да жойылған жоқ. Абай мұрасына, Абай құбыласына бет бұрған сайын өмір салтымыз да оңға баса беретіні даусыз.

Абайдың кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі. Абай – лебі, Абай – үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» ғұлама Абай бабамыздың өзі өсиеттеп, жазып қалдырғанындай, ұлы ақын мұрасына терең бойлау арқылы біз жарқын болашақтың кілтін тапқандай боламыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Абай мұрасын жас ұрпақтың арасында насихаттау үлкен маңызға ие.
Қошқарата ауылдық округі әкімінің аппараты және №9 Абай атындағы орта мектептің ұжымы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бірлесіп ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай мұрасы» атты шығармашылық байқауы өте ұйымшылдықпен өтті.
Байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқталар болсақ, ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айту. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс жасауға көмектесу, талантты жастардың ақындық қабілетін шығыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру. Поэзия және оны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау, дарынды жастарды анықтау және олар үшін көпшілікке шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасау.
Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы» атты аудандық шығармашылық байқауына ауылдық округтерден 14 пен 29 жас аралығындағы талантты, дарынды жастар қатысып, бақтарын сынады. Аталған байқауға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеуішов, республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты Нұржан Дербісалиев, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ақын Жеңіскүл Сейітқұлқызы, №9 Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мөлдіркөз Кенжебекова, айтыс ақындары одағының мүшесі, бірқатар облыстық айтыстардың жүлдегері, жас ақын Әуесхан Үркімбаев қазылық жасады.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, бірінші кезең «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталып, онда қатысушылар Абайдың шығармалары мен өлеңдерін, қарасөздерін мәнерлеп оқуға міндеттелсе, екінші кезеңде үміткерлер өз шығармашылығынан ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арнау өлеңдерін оқыды. Айта кету керек, шығармашылық байқауға аудан мектептерінен барлығы 17 үміткер қатысып, бақ сынады.
Байқаудың ашылуында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры М.Телеушов, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ақын Ж.Сейітқұлқызы сөз сөйлеп, Абай тағылымын кеңінен сөз етті. М.Телеушов Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында аудан көлемінде жастардың қатысуымен атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.
Кешті Абай атындағы орта мектептің оқушысы Жасмин Жолтай Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Ары қарай қатысушыларға кезек беріліп, онда жас ақындардың бірі, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыса, кейбірі қара сөздерін оқыды. Бұл кезеңде үміткерлердің ақын шығармаларын оқудан сүрінгендері де болды. Ал екінші кезең барысында байқаудың талаптарына сәйкес үміткерлердің Абайға арналған үздік өлеңдері іріктеліп алынды.
Қазылар алқасы жан-жақты ақылдасып, үздіктерді анықтады. Сонымен, «Абай мұрасы» атты аудандық шығармашылық байқауында өнерімен үздік шыққан №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы, аудандық айтыстарда өнерімен танылып жүрген жас өрен Санжар Даярбек І орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, аталған білім ошағының бастауыш сынып мұғалімі Ақнұр Әбдіжапбароваға ІІ орын берілді. Ал Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектептің оқушысы, ауылдың үкілеген үміті Рашид Кемелбек шығармашылық байқауда үштіктің қатарынан орын алды. Байқауда үздік өнерімен көзге түскен үміткерлер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, №9 Абай атындағы орта мектептің екі бірдей оқушысы, Ұлбосын Шымырбек және Жолтай Жасмин «Алтын қалам», «Өнерлі өрен» аталымдарына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының мүшелері «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің арнайы Дипломдары және Алғысхаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Хакім Абайдың есімі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегесі жұлдыздай жарқырап, барша адамзаттың жүрегінде жаңғыра берері хақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close