Basty bet
Күзде 80-ге жуық шақырылушы әскерге шақырылады
Болашақ сарбаздар білуге тиісті 8 сұраққа жауап
Биыл күзде 19-27 жас аралығындағы 80-ге жуық азамат әскерге шақырылады. Олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етеді. Қазіргі таңда Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі күзгі әскерге шақыру науқанының алдында жастарды зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте әскерге қалай іріктелетінін және қандай негізде әскери борышын өткермей-ақ әскери билет алуға болатынын хабарлаймыз!
№1. Әскерге шақырылған азаматтар қалай іріктеледі?
Өкілетті орган жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылушылардың сауалнама деректерін қарап, азаматпен және оның ата-анасымен әңгімелеседі.
Зерделеу барысында жастардың:
• мамандығы;
• моральдық және іскерлік қасиеті;
• денсаулық жағдайы;
• дене бітімі;
• жалпы білімі;
• арнайы дайындығы;
• отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
№2. Кім қай әскери салаға бара алады?
Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылады. Мәселен, шақырылушының бойы 185 см-ден кем болмауы керек.
Десант-шабуылдау әскерлерін жасақтау үшін әскерге шақырылғандарды іріктеу жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар, дене бітімі жақсы дамыған, бірінші кезекте парашютші спортшылар қатарынан іріктеледі. Шақырылушының бойы 175 см-ден кем болмауы керек.
Ұлттық Ұланға, танк, авиация, зенит-зымыраны бөлімдеріне және азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін бітірген әскерге шақырылушылар жіберіледі. Ұлттық ұланға баратын жастың бойы 165 см-ден кем болмауы керек. Ал танк бөліміне баратындар үшін бойдың ұзындығы маңызды емес.
Зымыран, авиация, танк техникасын және радиотехника аппаратурасын шығарумен байланысты ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтар аталған әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі.
Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша іріктеледі.
Математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар радиотехника, зенит-зымыраны бөлімдеріне, Қарулы Күштері барлық түрлерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының байланыс бөлімдеріне жіберіледі.
Медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген жастар ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына кіші медицина маманы лауазымдарына алынады.
Сарбаздар қатарынан сержанттарды, кіші мамандарды даярлауға арналған оқу-жаттығу бөлімдері мен мектептерге кемінде жалпы орта білімнен төмен емес білімі және жоғары мораль қасиеттері бар әскерге шақырылғандар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі.
№3. Кімдерді денсаулығына байланысты әскерге алмайды?
Барлық жас жігіт әскерге шақыру қағазын алады. Оны әскерге шақырылушының өзіне беру міндетті емес. Ата-анасына немесе жұмысына жіберуге болады. Ең бастысы – қол қою.
Бұдан кейін жастар дәрігердің тексеруінен өтеді. Олар кімнің әскери қызметке жарамды екенін және кімнің мерзімін кейінге қалдыруын шешеді. Жарамдылықтың 6 санаты бар:
• “А” – әскери қызметке жарамды;
• “Б” – кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамды;
• “В” – әскери қызметке шектеулі жарамды (келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге және әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлеріне қатысты);
• “Г” – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
• “Д” – бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
• “Е” – әскери есептен басқа әскери қызметке жарамды емес.
Денсулық жағдайына байланысты әскерден босатуға жататын аурулардың тізімі бар.
Егер ауруы емделетін болса, әскерге шақыру мерзімі шегеріледі.
№4. Кімдер отбасылық жағдайына байланысты әскерден босатылады?
Әскери борышты өтеу мерзімін отбасылық жағдайға байланысты да кейінге шегеруге болады. Ол екі рет беріледі. Оны үйленген және кемінде бір баласы бар немесе туыстарының жалғыз асырушысы болып отырған жігіттер әскери борышын өтеуден босатылады.
Туысқандар қатарына:
• Әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе асырауындағы І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар атасы мен әжесi;
• Сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-қарындастары;
• Әскерге шақырылушыдан басқа І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар немесе 18 жасқа толмаған бiр және одан да көп баласы бар және оларды жалғыз тәрбиелеп отырған анасы/әкесi;
• Өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар бір және одан да көп жалғызiлiктi туысы (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды жалғыз асырап отырған анасы (әкесi);
• І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
• Анасы тәрбиелеп отырған балалары;
• Ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына, сотталуына байланысты кемiнде екi жыл бойы асыруындағы балалар жатады.
№5. Неліктен әскери кафедрада оқығандар әскерден босатылмайды?
Оқу оқып жатқан 18-ден 27 жасқа дейінгі жастарға әскери борышын өтеу мерзімін кейінге шегеруге болады. Оның ішінде:
• жалпы орта білім алуға;
• күндізгі оқу нысанында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алуға;
• жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру үшін.
Университеттің әскери кафедрасында оқығандар оқу орнын бітірген кезде лейтенант шенін алады және әскери қызметке шақырылмайды. Алайда кейбіреуі әскерге баруға міндеттеледі.
№6. Қалай 35 күнде әскери билет алуға болады?
“Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” заңына өзгертулер енгізілген. 2013 жылғы наурыздан бастап азаматтарға әскери билетті бір ай ішінде алу мүмкіндігі ұсынылды. Одан 24-27 жас аралығындағы, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамды немесе жарамдылығы шектеулі, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар өте алады.
Ақылы әскери оқу құны – 263 318 теңге.
№7. Тағы кімдер әскерге шақырылмайды?
Әскери қызметке сәйкес келмейтіндер санатына төмендегі санаттағы адамдар жатады:
• басқа мемлекетте әскери (балама) қызметті өткерген;
• “Қазақстан Республикасының арнайы органдары туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 51 бабының 9 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында қызметті өткерген;
• оқу туралы растау құжаттарын ұсынуда докторлық ғылыми дәрежесі барлар;
• діни бірлестіктерде тіркелген дін жолындағы адамдар;
• орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогикалық білімі бар және ауылдағы білім беру ұйымдарында мамандығы бойынша жұмыс істейтін педагогтар;
• ауылдық жерлерде өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлер;
• Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары немесе жергілікті өкілдік органдар сайлаған әскери міндеттілер;
• мемлекеттік органдарда қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс істейтін азаматтар;
• мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналы;
• соттылығы бар азаматтар.
Жасы 27-ге толған азаматтар да әскери билет алуы керек. Ол үшін жергілікті әскери билік органдарына хабарласып, не үшін әскери борышын өтемегенін түсіндіріп, растауы қажет.
№8. Әскерге барудан қашатындарға қандай жаза көзделген?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әскерге шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруден жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мәселен:
• Әскери есепте тұрған азамат, жергiлiктi әскери басқару органының шақыртуына көрсетілген мерзiмде себепсіз келмесе, сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе үш айдан астам мерзiмге емделуге келіп, келген жері бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына 7 жұмыс күні ішінде әскери есепке тұрмаса – 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады;
• Медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтарғандарға – ескерту жасалады немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады;
• Ал әскери қызметтен жалтарғандар үшін Қылмыстық кодекстің 387-бабына сай 1 мың АЕК айыппұл немесе түзеу жұмыстары немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған;
• Өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы, аурумын деп жалған сылтаурату жолымен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы әскерден жалтарғандарға – 3 мың АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Марлен ТОҚСЕЙІТ,
Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі
бөлімі бастығының м.у.а, майор