Basty bet
Полицияға келуіме нағашымның ықпалы көп болды
Жуалы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Сейітқұловпен сұхбат
– Ербол Сағындықұлы, сұхбатымыздың басында өзіңіздің өмір және еңбек жолыңызға тоқталсаңыз.
– Мен Жуалы ауданының Қызылдихан ауылында 1982 жылы дүниеге келдім. 1989 жылы Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке барып, оны 1999 жылы аяқтадым. Сол жылы Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрылыс факультетіне оқуға түсіп, 2004 жылы аяқтап шықтым. Университетте оқып жүріп, оқу орнының әскери кафедрасын оқып, запастағы офицер, яғни лейтенант шенін алған болатынмын.
2004 жылы оқуымды аяқтап, Тараз қаласындағы шекара қызметінің 2035 әскери бригадасының сапер ротасында бір жыл қызымет атқардым. Келер жылы Астана қаласындағы ІІМ-нің мемлекеттік мекемелерді күзету басқармасына инспектор болып жұмысқа орналасып, сол жерде 3 жыл жұмыс атқардым. Содан 2008 жылы Жуалы АПБ-нің кезекші инспектор лауазымына ауысып келдім. 2010 жылдан 2012 жыл аралығында Көкбастау ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында, ал 2012-2014 жылдар аралығында Жуалы АПБ-нің жедел кезекші лауазымында жұмыс атқардым.
2014 жылдан 2020 жыл аралығында Жуалы АПБ табиғатты қорғау тобының аға инспекторы лауазымында болдым. 2020 жылдың маусым айынан бастап Жуалы АПБ-нің жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына тағайындалдым.
– Полицей мамандығын таңдауға не түрткі болды? Жас кезіңізде кімдерге еліктеп өстіңіз?
– Бала кезімде әскери киімдерін киіп, ауылға ағаларымыз әскерден келіп және әскерде жүрген уақытта суреттерін хатпен жібергенде соларды көріп қашан үлкен жігіт болып мен де форма киеді екенмін деп қызығатынмын. Содан студенттік жылдары Таразда оқып жүргенімде, нағашы ағам Тілеухан Ақышевтің үйінде жүрдім. Ол кісі Тараз қаласындағы 1 полиция бөлімінде патрульдік полиция қызметінде жұмыс істейтін. Сол кезде де қызығып армандайтынмын.
Сол нағашы ағам мен жеңгем Мадина екеуі Астана қаласына жұмыстарын ауыстырып көшіп кетті. 2005 жылы маған ұялы телефонмен хабарласып, «Астана қаласында полиция қызметіне қабылдап жатыр, жұмысқа кіретін болсаң, кел» деп, мені сол жаққа жұмысқа орналастырды. Жұмысқа орналасып, 2006 жылы Қарағанды қаласындағы «Фемида» заң академиясының заңгер мамандығын сырттай оқып аяқтадым.
Жоспарым алдағы уақытта елімізге адал қызмет жасау, және қарамағымдағы қызметкерлерге адал қызмет етіп, еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау.
– Жергілікті полиция қызметі немен шұғылданады? Қарамағаңызда қанша УПИ бар? Олар жергілікті тұрғындармен қаншалықты тығыз қарым-қатынаста?
– Жоғарыда айтылып кеткен лауазымдарды барлығына тоқталатын болсақ, Полиция қызыметінің жұмысы, қандай лауазымда болсын, оңай емес. Әрбір полиция қызыметкері өзінің үстіне мемлекет берген арнайы киімді киген кезде ол өзінің алдында көптеген міндеттерге жауапты екенін сезінеді. Біз де адам баласымыз. Бірақ мемлекет осылай ел арасында ерекше сеніммен ерекшелендіріп киіндіріп, халқымыздың тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау үшін көптеген міндеттер артқан. Қазіргі таңда менің қарамағымда, яғни жергілікті полиция қызметінде 28 қызметкер жұмыс атқарады. Соның ішінде аудан орталығында 4 учаскелік инспектор, қалған округтерде бір инспектордан қызмет атқарады. Бұл ҚР ІІМ бұйрығында көрсетілген ережеге сәйкес әр УПИ-ге бекітіп берілген тұрғындар саны 2 000 адамнан болуға тиіс. Біздің жағдай қазіргі таңда әр УПИ-ге 3 000-3 500 халықтан келеді. Сонымен қатар, ЖПҚ құрамында кәмелет жасына толмағандардың ісі жөніндегі 8 учаскелік инспектор және бір УПИ көмекшісі бар. Бұлардың барлығына күнделікті таңертеңгі жиналыста белгіленген тәртіпке сәйкес халықпен тығыз қарым-қатынаста және кішіпейілдікпен, адал жұмыс жасауға бағыт беріп, білмеген жерін өзім үйретіп бірлесе жұмыстар атқарудамыз. Халқымыз қандай жағдай болса да ең бірінші полиция қызыметкерінен көмек сұрайды. Бұндай жағдайда тез арада бар күш-жігерімізді салып көмек беріп заң аясында арыз-шағымдарға шешім қабылдау және жолдау бағытында жұмыстар атқарамыз.
– УПИ материалдық-техникалық жабдықталуы қай деңгейде? Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде бұл құралдар жеткілікті ме?
– Ауданда 14 УПИ тірек пункті бар. Олардың барлығы қызметтік автокөлікпен, телефон байланысымен, компьютер жабықтарымен және басқа да жұмысқа қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.
– Ауданның криминогендік ахуалын сауықтыруға УПИ қосып жүрген үлесі қандай? Қылмыстың жедел ашылуына қандай септігін тигізеді? УПИ ықпалымен қанша қылмыс ашылды?
– УПИ қызметкерлерінің жұмысы туралы айта кететін болсақ, өздеріне бекітіп берілген әкімшілік аумақтарда қылмыстың алдын алу, ескерту, адам саудасын болдырмау, «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша ұсақ бұзақылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қорғау, зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің жолын кесу, жалпылама айтқанда, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Қазіргі кезде пандемияға байланысты карантин ережесіне сәйкес алдын ала ескерту және ережелерді бұзған деректерді анықтау, жолын кесу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 9 айында аудан көлеміндегі криминогендік ахуалға тоқталатын болсақ, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда 63,3 пайызға азайған. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 9 айда 1 306 дерек әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, ЖКО саны 15 пайызға төмендеген. 180 дерекке азайған. Аудан аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 37 ЖКО орын алып, салдарынан 9 адам қайтыс болып, 62 адам әртүрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған. Мал ұрлығы бойынша айтар болсақ, ол 38,5 пайызға төмендеген. Мұның бәрінде УПИ-лардың қосқан үлесі бар.
Аудандық ПБ ЖПҚ полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті сақтауда жұмыстарын одан әрі жалғастыра береді.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Әрбір полиция қызметкері бос уақытында спортпен айналысуы қажет. Мен де бала кезімнен спортқа, боксқа, күреске әуестеніп өстім. Және де қарамағымдағы қызметкерлердің бәрінен үнемі спортпен жүйелі түрде айналысуды талап етіп отырамын. Себебі, полицей кез келген жағдайға дайын, ширақ болуы тиіс. Жұмыстан тыс уақытта инспекторлар өзі тәртіп бұзбай, халыққа үлгі өнеге көрсете білуі қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»