Basty bet

Жұмысымыздан жақсы нәтиже күтеміз

Ақтөбе ауылдық округінде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті

Сенбі күні облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту мақсатындағы қанатқақты жобасына енген Ақтөбе ауылдық округіндегі «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне арнайы бардық.

Біз барған сәтте өндірістік кооперативтің үш су жаңа тракторлары Ақтоған ауылының жанындағы егіс алқабында жер жыртып жүр екен.
Топырақ әлі сулы. Сондықтан кей жерлерде тракторлар сәл тығылып барып жүріп жатыр. Сәл ертелеу сияқты. Алайда, «Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, әрбір ашық күнді дұрыс пайдалану маңызды.
Егіс басында кооперативтің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов, агроном Қуаныш Қайрат, «Жаңаталап» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Тәжіхан жүр. Шаруақор азаматтар сол күнге жұмыстарын жоспарлауда.
Әңгімеге кооператив төрағасын тарттық.
-Кооперативке 38 шаруа қожалығы 718 гектар жерімен бірігіп отыр. 718 гектар жердің 300 гектарына арпа, 300 гектарына жоңышқа, 50 гектарына жүгері егеміз.
56 гектар үй іргесіндегі жерге картоп, 3,9 гектарға қырыққабат, төрт гектарға қызылша егуді жоспарлап отырмыз.
952.2 маркалы екі трактор және 892 маркалы бір трактор алдық. Сонымен бірге екі соқа, бір бидай сепкіш, жүгері оратын тіркеме, тіркеме, топырақ қопсытқыш, картоп егетін тіркеме, минералды, органикалық тыңайтқыштарды себетін құрылғы алдық. Жақында бір дана «Есіл» комбайнын аламыз. Бүгінде барлығы 19 агросалаға қажетті техника алып отырмыз.
Үй іргесіндегі жерге 13 млн 500 мың теңге бөлінген. Оған ауылдан 30 тонна картоп тұқымын алдық. Енді Қарағандыдан және Ресейден элиталық картоп тұқымын алатын боламыз. Жалпы ауылдық округтегі 496 ауланың 494-ін қамтимыз.
718 гектар жерге элиталық тұқымы мен тыңайтқыштар алуға 36 млн 500 мың теңге бөлінген.
Бүгінде бірінші репродукциялық «Вакула» элиталық арпа тұқымын алдық. Бүгінгі таңда 200 гектар жер аударылып, оның 130 гектарына арпа егілді. Жұмыс әрі қарай жалғасуда.
Жалпы жоба аясында 195 адам 580 млн теңге қаржы алды. Мақсат – қаржыны алған ауыл тұрғыны 60 күннің ішінде мақсатты жұмсау болатын. Біз бұл талапты уақтынан бұрын орындап отырмыз.
Кәсіпкерлік сала бойынша бір кондитерлік цех пен екі жылыжай ашу жоспарланған. Жоба иелері қаржыларын енді алды, алдағы уақытта өз жұмыстарын бастайтын болады. Ал мал бағытында мал басын көбейту, мал бордақылау және сүт бағытында ірі қара, қой және жылқы малын алып отыр.
Техникаларымыз «Жаңаталап» шаруа қожалығының гаражында тұр. Жұмысты осы шаруа қожалық иесімен бірлесіп атқарудамыз.
Жалпы кооперативте директордан басқа бес механизатор, екі қарауыл, бір агроном, бір инженер-механик жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы да жұмысшылар алатын боламыз.
Жалпы, ауылда маман тапшылығы жоқ. Агрономымыз жаңадан оқу бітіріп келген ауыл азаматы. Жоғары білімді маман. Механизаторларымыз Мейіржан Момынәлиев, Қасым Ералиев, Әлішер Мүсірепбеков, Әділжан Тұрмысов сынды азаматтар да ауыл жастары.
Жоба аясында қаржы алғалы ауылдықтардың әл-ауқаты әжептәуір көтеріліп қалды. Қазір ауыл тұрғындары қызу жұмыс үстінде. Қарап отырған ешкім жоқ. Алла қаласа, жұмысымыз жақсы нәтиже беретініне сенімдіміз.
Алда жұмыс та, алға қойған жоспарымыз да көп. Дәл қазір техникаларымызға берілетін субсидияның құжаттарымен жұмыс істеп жатырмыз. Субсидияға қол жеткізетін болсақ, үлкен жеңілдік болар еді. Нәтижесінде, жобаға қатысып отырған ауыл тұрғындарына жеңілдетілген бағамен жем-шөп беретін боламыз.
Ауылдық округте ағын судан проблема бар. Бірақ біз «Жаңаталап» шаруа қожалығымен келісіп, жоңышқа алқабына жаңбырлатып суғару құрылғысын қоямыз деп жоспарлаудамыз.
3,5 тонна жоңышқа тұқымын алдық. 20 гектарға шетелдік «Джулия» сортынан алдық. Бірақ, жоңышқаны егуге сәл ертелеу болып тұр. Уақыты келгенде егетін боламыз.
Техникамыз аздау болып отыр. Кооперативтің шаруасын дамыту үшін алда тағы да техникалар алсақ, бірікпеген ұсақ шаруа қожалықтарды өзімізге қоссақ деген ойымыз бар.
Ірілендіру – заман талабы. Кооперативке біріккен шаруаларға мүмкіндік көп. Бар мүмкіндікті пайдаланып, заман талабына сай сапалы азық-түлікті өндіріп, отандық өнімді дамытуға үлес қосуымыз керек.
Әрине, бұл жобаның әрбір отбасының табысын көтеруге тигізер үлесі өте зор.
Ауылдықтар жоба үшін Асқар Мырзахметовке ризашылықтарын білдіріп, қуана еңбек етуде.
Қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қанатқақты жобаны қолдап, нәтижелі орындалуын қадағалап отыр,- дейді Зайырбек Сұлтанмұратов.
Біріккен тірлікте береке бар. Қай істе болмасын ең бірінші ұйымшылдық және бір-біріне деген сенім керек.
Қанатқақты жоба өз нәтижесін тапса, алдағы уақытта әрі қарай басқа ауылдық округтерде де жалғасын табады деген жоспар бар. Ендеше, ақтөбеліктердің жұмысына сәттілік тілейміз!

Перизат шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close