Basty bet

Асыраушы салада айтарлықтай табыстарға жеткен

«Ақтасты» шаруа қожалығының алға қойған жоба-жоспарлары көп

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасын өркендетіп, ауылдағы ағайынның еңсесін тіктеп, тұрмыстық табысын арттыратын аса маңызды салалардың бірі екені белгілі. Бұл орайда асыраушы сала – агросаланың дамуы, ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына мемлекет те басымдық беріп отыр.

Президенттің де халыққа арнаған жылсайынғы Жолдауларында аталған салаға серпін беру, оны жаңа технологиялармен қамтамасыз ету ісіне үнемі ден қойылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деп атап өткен Президент ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы сала жұмысын алға бастыруды басты бағдар ретінде қойып отыр.
Ауыл – бірлік пен берекенің қайнар бұлағы. Ел өңірлеріндегі ауылдық аймақтарда тіршілік кешіп жатқан тұрғындардың дені төрт түлік малдың басын көбейтумен бірге, егін егумен де тұрақты айналысады. Бұл бір жағынан ежелден келе жатқан атакәсіп саналады. Мал басын көбейтіп, егістік көлемін ұлғайту ісінде өнімді жұмыс жасап жатқан шаруа азаматтар қасиетті Жуалы ауданында да жетерлік. Төрт түлік малдың да, жанның өсіп-өніп көбеюіне қасиетті Қошқарата ауылдық округінде да қолайлы жағдайлар бар. Олай дейтініміз, қойнауы құтты өңірде мыңғыртып мал ұстауға да, гектарлап егін егуге де болады. Құнарлы топырақта өскен шөптің де шүйгін болатыны сондықтан. Ал ол құнарлы жемшөппен азықтанған мал да тез көтеріліп, тез қоңданады. Одан алынған ет немесе сүт болсын, дәмі ерекше тіл үйіреді. Сол себептен де алыс ауылда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдеріне еліміздің қай өңірінен де сұраныс өте жоғары.
Қошқарата ауылдық округінің Ақтасты ауылындағы «Ақтасты» шаруа қожалығы – аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі саналады. Аталған шаруашылық еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда құрылып, бүгінде аяғына нық тұрған. Дәлірек айтқанда, 1996 жылы құрылып, алғашында бір ғана ескі трактормен тірлік бастаған шаруашылық агросаладағы бағыттарын анық бағдарлап, жұмысты жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсті деуге болады. Шаруашылықтағы сан-салалы жұмыстың көзін таба білген қожалық басшылары ауылдағы еңбекқор азаматтарға да жұмыс беріп, сол арқылы отбасыларын асырауға да мол мүмкіндік жасап келеді.
Тынбай ізденіп, еңбектену арқылы асыраушы салада алдымен егін шаруашылығын, онымен бірге, мал шаруашылығын қарқынды дамытуды басты бағыт етіп ұстанған «Ақтасты» шаруа қожалығының иелігінде 1 000 гектардан астам егістік жер бар. Қожалық басшылары биылғы жылдың өнімі үшін 350 гектар алқапқа күздік бидай, 500 гектарға арпа, тиісінше, 300 гектарға мақсары дақылының тұқымын сепкендерін айтады. Бұдан бөлек, 250 гектарға жуық жоңышқа алқабы бар. Айта кету керек, аталған шаруашылық жерді жалға алу арқылы да жыл сайын егістік көлемін ұлғайтуға күш салуда. Бұл ретте шаруашылықтың жер өңдеудегі әлеуетінің жоғары екендігін де ескерген жөн.
Егістік жерді тиімді өңдеу арқылы айтулы табыстарға жету үшін шаруаларға ең алдымен заманауи жаңа техниканың ауадай қажет екені белгілі. Жұмысты бір ғана ескі трактормен бастаған «Ақтасты» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартуды әу баста-ақ қолға алды. Алайда жаңа техниканы ешкім әкеп бермейді. Ескі техниканы жамап-жасқап жұмыс істеуге тура келетін кездер де болады. Бұған шаруашылықтың бас инженері Зелімхан Дезиевтың техникақұмарлығы үлкен әсер еткені анық.
Бүгінде шаруашылықта жер жыртуға арналған Белорус «МТЗ-920», «МТЗ-922.2» «МТЗ-82», «МТЗ-80» маркалы доңғалақты төрт трактор, 2 бірлік К-700 қуатты тракторы, шөп оруға арналған 2 бірлік техника, 3 бірлік астық дәнін жинайтын «Нива» эффект» комбайны, онымен қоса, «КамАЗ» және бірнеше жүк көлігі, екі дана шөптайлағыш тіркеме, бірнеше ауыл шаруашылығы тіркемелері бар. Бұл – шаруашылық ісін уақтылы әрі сапалы атқаруда үлкен күш.
Сөз басында айтқанымыздай, шаруашылық негізінен егін егу ісімен дендеп айналысады. Биыл «Ақтастылықтар» күздік бидай, жаздық арпа мен мақсары дақылының дәнін тыңайтылған алқаптарға сіңірумен қатар, 70 гектар алқапқа жаңа жоңышқа тұқымын да екті. Малдың қыстық азық қоры осыған тікелей байланысты. Сапалы тұқымның мол өнім беретінін бәріміз жақсы білеміз. Ол үшін аталған шаруашылық көп жылдан бері егістік алқаптарға күздік бидайдың «Стекловидная-24», бидайдың мол өнім беретін басқа да жаңа тұқымдарын жерсіндіруге барынша күш салып отыр. Сол сияқты, шаруашылықта егілетін жаздық арпаның «Бәйшешек» аталатын тұқымы өнім көлемін ұлғайтуда. Мақсары және жоңышқа алқаптарынан алынып отырған өнім көлемі де жаман емес. Бұл – ең біріншіден жүйелі еңбек пен ұзақ жылғы ізденістің нәтижесі.
-Көктемгі дала жұмыстарын жақында ғана аяқтап болып, ендігі кезекте алдағы шөп орағына қызу дайындық жасаудамыз. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген. Әр күніміз, әр сағатымыз есептеулі. Олай болатыны, шаруашылықта жұмыстың көлемі көп. Алда жауапты шөп ору науқаны тұр. Бұл кезде біз малдың қыстық азық қорын жасақтаймыз. Қазір қолда бар техниканың ақаулары анықталып, жөнделу үстінде. Техника бөлшектерін табудың өзі оңай жұмыс емес. Ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері негізінен Шымкент қаласынан жеткізіледі. Дәнекерлеу, токарьлық станокпен атқарылатын жұмыстар, басқа да ұсақ-түйек қызметтер аудан орталығында қолжетімді. Әр күніміз еңбекпен өтуде. Таңның атысы, күннің батысы техниканың жанынан шықпаймыз. Техникалардың науқандық жұмыстар кезінде түзік күйде болуы ең біріншіден өзімізге жақсы,- дейді шаруашылықтың инженері әрі басшысы Зелімхан Дезиев.
Техника демекші, шаруа қожалық соңғы жылдары техника паркін де біршама жаңарты үлгерген. Атап айтқанда, бірер жыл бұрын 2 бірдей доңғалақты жаңа трактор сатып алынса, оның біреуі лизинг жүйесімен, ал екіншісі жеке қаражатқа сатып алынған. Жерді өңдеу ісінде қуатты жаңа техниканың пайдасы орасан. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі бағдарламалар арқылы қазір жаңа техникалар сатып алуға мүмкіндік те мол. Шаруашылық басшысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген бағамен екі жаңа шөптайлағыш сатып алғандарын айтады. Оған қоса, дән бастыратын жаңа комбайндар да сатып алыну үстінде. Бұл жұмыстар өз кезегінде шаруашылық ісін жаңа бағытқа бастайтыны анық.
Жерді өңдеу ісі шаруа адамнан іскерлік пен агрономиялық білімді талап ететіні сөзсіз. Бұл ретте шаруашылық ісін жетік меңгерген ағайынды Дезиевтердің қожалығында егістік жерлердің тозып кетпеуі үшін көбінесе ауыспалы егістік жүйесі кеңінен қолданылады. Өйтпесе жер де тозып кетеді. Жер тозса тіршілікке де қауіп төнетінін шаруа азаматтар жақсы білсе керек. Адамзатты асырап отырған қасиетті жерге жанашырлықпен қарауымыз қажет. Адал еңбек етіп, теріңді төксең қара жер де құр қалдырмайтыны анық…
Ағайынды азаматтардың күш біріктіруімен аяққа нық тұрған «Ақтасты» шаруа қожалығы егін шаруашылығын дамыту арқылы мал шаруашылығын да өркендетуді жолға қойып отыр. Шаруашылықтың мал қыстауында бір отар қой, 60 басқа жуық мүйізді ірі қара, оның ішінде, сауынды сиырлар бағылады. Одан сауылған сүт күнделікті аудан орталығындағы сүт өңдейтін зауыттарға өткерілуде. Мұнда қойдың басы да мол. Мал қыстауында отбасылы қойшы отырады. Сиыр сауу, малды қарап, күтіп-баптау үшін мұнда бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, шаруашылықта науқан кезінде 20-ға жуық адамға жұмыс көзі де қарастырылған. Шаруа қожалықта Зелімханның аға-інілерімен қатар, ауылдың еңбексүйгіш азаматтары – Дулат Өмірзақов, ағайынды Қайсар мен Руслан Несіпхановтар, Әділет Керімқұлов, т.б. жігіттер науқандық жұмыс уақтысында білек сыбана еңбек етіп жүр.
Зелімханның өзі отбасында бес ағайынды. Ол Ақтасты ауылындағы қара шаңырақта жұбайы Айман Әлиева екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған ұлағатты ата-аналар. Шаруашылық инженері З.Дезиев бізбен әңгімесу барысында болашақта асыл тұқымды малдың басын көбейтіп, онымен қоса, тұқым шаруашылығын да жолға қойып, қожалықты кеңейту арқылы фермерлік шаруашылық құру туралы ойымен де бөлісті. Осы мақсатта шаруашылықта бірнеше жыл бұрын жалпы сыйымдылығы 3 000 тоннаны құрайтын астық сақтауға арналған қойманың құрылысы жүргізілген. Бұл – тұқым шаруашылығын дамытудың бірден-бір алғышарты. Алыс ауылда мұндай көлемде қойма салу әрине қажырлы еңбек пен қомақты қаражатты талап ететіні белгілі.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, асыраушы салада еселі еңбек етумен бірге, айтарлықтай табысқа жетіп, өз кезегінде ауылдастарына да жұмыс көзін ұсынып, адал еңбегімен елге сыйлы болып жүрген еңбекқор азаматтардың ажары қашанда нұрлы болмақ…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close