Basty bet

Сақтанайық, өзімізді сақтайық!

Бүгінгі күнде бүкіл әлем коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына дайындалуда. Бұл жұмыс Жуалы аудандық орталық ауруханасында да тың қарқынмен жүруде.

Пандемия басталғаннан бері қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың басым бөлігі бүгінде сауығып, үйлеріне аман-есен оралды. Демек, біздің елде коронавирустық инфекциямен күрестің дұрыс жолы таңдалды. Қазақстан, барлық елдер сияқты, оның ішінде біздің ауданымыз да коронавирус инфекцияның болуы мүмкін екінші толқынына дайын болуы керек.
Қазіргі таңда біздің ауруханамыз бен емханамыз 47 400-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхананың қызметі барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Кіреберісте арнайы мамандар емдеу мекемесінің аумағына дене қызуын өлшеп, сұрыптауды жүргізеді. Науқастарды қабылдау қатаң түрде алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Санитариялық тазартқыштар емханаға кіреберісте, дәліздерде, баспалдақ алаңдарында орнатылған. Келушілердің әлеуметтік арақашықтығын және қозғалыс бағытын қамтамасыз ету үшін еденде арнайы белгілер қойылған.
Емхана мен аурухана «лас» және «таза» аймақтарға бөлінген. Сонымен қатар, ол коронавирус инфекциясының күшеюін алдын алу мақсатында аудан бойынша уақытша 9 мобильді топ құрылды. Мобильді топ құрамы бір жалпы тәжірибелік дәрігер, бір медбике, бір зертханашыдан тұрады.
Мобильді топтың іс-қимыл алгоритмі келесідей: тіркеу орнына қоңырау түссе, немесе науқас емханаға жүгінсе, қоңырау мобильді топқа ауысады, ол COVID-19-ға күдіктіні жағдайды тексеру парағы бойынша анықтайды, қажет болған жағдайда шақыртуға барады, оқшаулау шарттарын анықтайды, қажет болса импульстік оксиметрлермен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді, тәулік бойғы стационарға госпитализациялау үшін COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар науқастың жағдайын уақтылы бағалайды.
Олар учаскелік дәрігерге немесе мейірбикеге пациентті қарау нәтижелері туралы хабарлайды, қажет болған жағдайда емдеу жоспарын түзете отырып, оларға одан әрі қашықтықтан бақылау жүргізу үшін ақпаратты және медициналық құжаттарды береді.
Сонымен қатар, күз, қыс, көктем айларында инфекцияның жаңа толқыны болуы мүмкін деген болжам жасалғанын айтты. Бұл кезде әдеттегідей суық тию, бактериалды инфекция, тұмау мен пневмония аурлары белең алатын көрінеді.
Пандемияға байланысты осы аралық қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан барлық медициналық ұйымымызда дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұмаудың алдына алу бойынша халықтың осал топтарына, жиі ауыратын 18 жасқа дейінгі балаларға, созылмалы ауруы бар тұлғаларға, жүкті әйелдерге, 60 жастан асқан ересектерге тұмауға қарсы екпе салынып, 100% қамтылды.
– Коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына дайындықты күшейту мақсатында ауруханада медициналық құрылғылардың, дәрі-дәрмектер мен дезинфекциялық заттардың, жеке қорғаныс заттарының қоры жасақталды. Коронавирус ауруы кезінде әрекет ету алгоритмі әзірленді. Оған қоса коронавирус ауруының алдын алу жөніндегі ақпараттық ескертпелер айтылып, кітапшалар таратылуда.
Коронавирустық инфекцияны жұқтырмаудың жолдары өте оңай, ең маңыздысы – әлеуметтік арақашықтық және бетперде. Сол үшін де сақтанайық, өзімізді сақтайық! – дейді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Қалдыбайқызы Айтбаева.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close