Basty bet

ҒҰЛАМАНЫҢ АТЫН АЛЫП ЖҮРУ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Өзі өмір сүрген ғасырға дейінгі және өз тұсындағы ғылымдардың барлық саласына қаламтартқан Әбу Насыр әл-Фарабидің философия, логика, математика, физика, педагогика, психология, химия, филология және басқа да ғылымдарға қатысты мұралары ұшан-теңіз.
870-950 жылдары өмір сүріп, Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларында білім алған, әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі, отырарлық Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки — түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ұстазы» атанған ғұлама. Биыл туғанына 1150 жыл толуы аталып өтіп жатқан осы ғұламаның есімімен аталатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы.
Университеттің 85 жылдан аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.
Еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы бірінші Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері, Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес білім беру бағдарламалары бойынша топ 220-ға енген университетімізде еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс жақын шетелден келген студенттер білім алады.
Оқытушы-профессорлар құрамы – 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университеттің 15 факультетінде механика-математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультеті секілді беделді ғылыми мектептер шоғырланған.
Әлем ғұламасының атындағы жоғарғы оқу орыны ретінде де Қазақ Ұлттық университеті өз мойнындағы жауапкершіліктің салмақты жүгін абыроймен көтеріп келеді. Әбу Насыр әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін үздіксіз жүргізіп келе жатқан ҚазҰУ-де Фарабитану орталығы құрылған.
1993 жылы 1 қаңтарда «әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы негізінде құрылып, жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми қызметті жүзеге асырып келе жатқан әл-Фараби орталығы өзінің алғашқы құрылғанынан бері фарабитану мен жалпы Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Әл-Фараби мұрасын қазақстандық рухани мәдениеттің дамуын ұғыну контексінде зерттеу бүгінгі күні де өте өзекті. Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде.
Биыл 2020 жылы 29 қаңтарда Қазақстанда әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталғаны бәрімізге мәлім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осы күні жаңартылған «Әл-Фараби орталығының» тұсаукесерінен бастап бірқатар іс-шараларды өткізу құрметіне ие болды. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарына сәйкес осы жыл ішінде арнайы жобаларды іске асыру шеңберінде ғылыми-білім беру орталықтары мен үй-мұражайларының қызметін үйлестіретін, дүниежүзілік фарабитанушы-ғалымдарды біріктіретін Халықаралық Фарабитанушылар орталығын құру жоспарланды. Әл-Фарабидің ғылыми-философиялық мұрасын халықаралық деңгейде тарату үшін әлемнің он екі жетекші ЖОО-да әл -Фараби орталықтарының желісі құрылды, Стамбулда және Делиде әл-Фараби мұражай-үйлері ашылды. Қосымша БАӘ, Болгария, Жапония, Литва және Египетте осындай орталықтарды ашу жоспарлануда.
Әл-Фараби орталығының миссиясы – әл-Фараби мұрасын зерттеу және насихаттау негізінде дүниетанымның интегралды құндылықтарын қалыптастыру, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Ұлттық ғылыми-білім беру және инновациялық кластерді қалыптастыру; Фарабитану, қазақ және түркі философиясы саласында ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу; Әл-Фараби трактаттарының аударма және баспа жұмысын ұйымдастыру; Әл-Фараби мұрасын сақтау, қайта құру және насихаттау бойынша таяу және алыс шетел мамандарының халықаралық ынтымақтастығы және күш-жігерін үйлестіру.
Бұл шаруалардың басы-қасында болған Қазақ философиясының тарихы, Шығыс философиясы, әл-Фараби шығармашылығын зерттеу бойынша жұмыстары бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов әл-Фараби орталығын құрудың идеялық бастамашысы әрі алғашқы жетекшісі екенін айту ләзім.
Орта ғасырдағы араб, парсы және басқа тілдерде жазған Ән-Надим, әл-Баиһақи, Ибн Саид әл-Кифти, Хаджи Халифа, Венике, Камерариус сықылды ғұламалар арқылы, жаңа дәуір кезеңдеріндегі Леонардо да Винчи, Спиноза, И.Г.Л.Козегартен, Г.Зутер, Ф.Диетереци, К.Брокель, Дж.Сартон, М.Штейншнейдер, Д.С.Марголиус сынды Батыс Еуропа мен Америка ғалымдары арқылы, жиырмасыншы ғасырда В. В.Бартольд, Е.Э.Бертельс, Б. Ғафуров, С. Н. Григорьян, В. П.Зубов, А.Сагадеев, Ю.Завадовский, түріктер А.Сайылы, Х.Үлкен, сондай-ақ, Кеңес Одағы шығыстанушы ғалымдары, Ә.Марғұлан, А.әл-Машани, О. Жәутіков, А.Қасымжанов, А. Көбесов, М. Бурабаев, Ә.Дербісәлиев, І.Жарықбаев, Ш.Хайруллаев сықылды Қазақстан мен Орта Азия оқымыстылары арқылы бүгінгі күнге жетіп отырған ғұламамыздың мұралары біздің университет үшін ғана емес, келешегін кемел дамытуды көздейтін бүкіл жас ұрпақ үшін де өте маңызды. Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығына көз жеткіземіз. Шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты «жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы; ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы; сабақ процесінің алатын орны» делінетін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп, дәйектеп алуды шарт санаған. Дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берген.
Бір сөзбен айтқанда, Фарабитану орталығы атақты ғұлама атындағы ҚазҰУ студенттері мен ғалымдары үшін халықаралық деңгейде оқып, ізденіп, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады.

Д. КӨБЕНТАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дің «Экономика және Бизнес Жоғары мектебі» факультеті «Менеджмент» мамандығының магистранты.
С.КУПЕШОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

Таңдаулы материалдар

Close