Basty bet

Кафелер мен тамақтану орындарын аралады

Коронавирустық инфекцияның ел аумағында таралуына және оның алдын алуға байланысты карантин және санитарлық талаптарды күшейту маңызды болып отырғаны белгілі. Сақ болсаң, сау болатынымыз анық. Осы ретте аудан аумағында қауіпті індеттің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды денсаулық сақтау саласы өз алдына жоспарлы түрде атқарып жатса, жергілікті атқарушы органдар да тұрғындар арасында сақтық шараларын тұрақты жүргізіп келеді.

Аудан әкімінің тапсырмасымен құрылған төрт бірдей мониторинг тобы елдімекендерге шығып, сақтық шараларын, оның ішінде ел аумағында енгізілген карантин талаптарын, карантинге байланысты тамақтану орындары, тұрғындар көп жиналатын әрі қызмет алуға көптеп баратын мекемелерге, сонымен қатар, қоғамдық орындарға арнайы шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Апта басында аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақовтың жетекшілігіндегі мониторинг топ мүшелері аудан орталығындағы қоғамдық тамақтану орындары мен кафелерді аралады. Алғаш болып «Керуен саз» кафесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Біз барғанда кафе ішінде маскасыз жүрген клиенттерді де байқадық. Дегенмен, тамақтануға және қоғамдық моншаға келген кей клиенттер карантин талаптарына бойұсынып, медициналық бетперде тағып, басқа да талаптарды сақтауға бейіл екендерін танытуда.
Топ мүшелері көз жеткізгендей, кафеде санитарлық талаптар сақтаулы. Кәсіпкерлік нысанының иесі Е.Ортаевтың айтуынша, кафенің кіреберісіне орын жасақталып, мұнда антисептик, басқа да қорғаныс құралдары орналастырылған. Ғимарат ішін өңдеуге арналған дезинфекциялық ерітіндісі де жеткілікті. Ол сонымен қатар, клиенттерді медициналық бетпердесіз қабылдамауға, санитарлық талаптарды сақтауға барынша көңіл бөліп жатқанын жеткізді.
«Керуен саз», «Жібек жолы», «Береке» кафелерін аралау барысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Шолпан Мешелова Жамбыл облысы бас санитар дәрігерінің №39 Қаулысының талаптарын кеңінен түсіндіріп, тамақтану орындарындағы тазалық жұмыстарын қалай ұцымдастыру, кафе қызметкерлерінің санитарлық талаптарының сақталуы жөнінде кеңестер берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close