Basty bet
Жас кәсіпкермен онлайн-экскурсия өтті
Қарасаз ауылында «Мен кәсібімді қалай ашамын?» атты жастарға кеңес беру мақсатында жас кәсіпкерлердің кәсіп орындарына онлайн экскурсия өткіздік. Кездесудің мақсаты – жастарды кәсіпкерлікке, еңбекқорлыққа баулу. Ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етіп жүрген кәсіпкерлердің еңбегін жастарға насихаттау.
Шара барысында Қарасаз ауылында орналасқан «Ерсайын» шағын маркетіне экскурсия жасап, егесі Ерсайын Баетовпен сұхбат жүргізілді. Жас та болса, үлгі боларлықтай дәрежеге жеткен, кәсібін жолға қойып, еңбекқорлығымен, іскерлігімен көзге түсіп жүрген Ерсайын Серікұлы Қарасаз ауылында туып-өскен. 2011-2015 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тамамдаған. 2017 жылы отау құрып, қазір жарымен бірге бір қыздың ата-анасы атанып отыр.
2015 жылы азық-түлік дүкенін ашып, өз жұмысын бастаған. Кейіннен бұл бизнесті кеңейтіп, ауылымызда алғаш болып шағын маркет ашты. Ауылдық жерден бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкерге қойған алғашқы сұрағым – «Неге ауылды жерден?». Себебі, көптеген жастар қалаға кетіп, көтеріліп, жұмыс жасап жатады. Дегенмен, өзінің туып-өскен жерінде кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкеріміз ауылдың жағдайын жақсарту, көркейіп, дамуына өз үлесін қосу мақсатында осындай шешім қабылдаған. Жұмыс барысында соққан қандай қиындықтар болса да, іскерлігімен, ауыл тұрғындарымен, яғни, дүкенге келушілермен жақсы қарым-қатынас орнатып, кәсібін жүргізіп отырған. Негізгі мамандығы да бұл істе өз көмегін тигізген. Себебі, заң талаптарын сақтай отырып, жұмыс барысында келеңсіздіктерге жол бермеген. Болашаққа нақты жоспар құрып, алдына мақсат қоя білген Ерсайын Серікұлы кәсібін бұдан әрі дамытқысы келетінін айтып қалды. Ауылымызды одан әрі көркейтіп, жастарға пайдасы тиетін, жобалары бар екендігін жеткізді. «Кәсіп ашуға ниетті жастарға алдарына мақсат қойып, соған жетуге ұмтылсын. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бағдарламалар арқылы кәсібін ашсын», деген ақыл-кеңесін айтты.
«Жас келсе, іске!» демекші жастардың ауылда өсіп-өркендеуі, өз кәсіптерін ашып, туған жерінің дамуына үлес қосуы қуантарлық жағдай. Ерсайын Серікұлының жұмысына тек сәттілік, толағай табыс, отбасына амандық тілей отырып, сұхбатымызды аяқтадық.
Аружан Қуанышбай,
Қарасаз ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі инспекторы