Basty bet

Ғасырға бергісіз ұлы істер жылнамасы

1993 жыл
Тәуелсіздіктің екінші жылында дағдарыстың басталуымен тұтыну нарығынсыз, шикізатсыз және айналым қаражатынсыз қалған көптеген қазақстандық кәсіпорындар өндірісті қысқартуға, тіпті жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, 114 мың адам жұмыс істейтін отандық 130 ірі кәсіпорынның біразы жұмысын толығымен немесе жартылай тоқтатты. Өнеркәсіптің құлдырауы жылына 15 процентті, кейінгі жылдары тіпті 28 процентті құрады.
Әсіресе, кеңес үкіметі кезінде одақтық бюджеттен демеуқаржы алып келген ауыл шаруашылығы саласына ауыр соқты. Ұжымшарлар мен кеңшар басшылары жаңа нарықтық жағдайда жұмыс істеуге әзір болмай шықты. Өңделетін егіс алқаптары қысқарып, мал басының қомақты бөлігі көтерме бағамен сатылды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі айтарлықтай төмендеп, тіршілігі ауырлаған ондаған мың қазақстандық ауылдардан қалаларға амалсыз қоныс аударды.
Қазақстан осы жылдары мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге түбегейлі бетбұрыс жасады. Президент бекіткен «Қазақстанды тәуелсіз мемлекет есебінде қалыптастыру мен дамытудың стратегиясында» барлық мемлекеттік активтердің 60-70 проценті жекеменшікке өтуге тиіс деген міндет қойылды.
1993 жылдың басына қарай 5 мыңға жуық объект жекешелендірілді.
28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын мақұлдады. Алайда тұңғыш Ата Заңның ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Конституция күшіне енісімен, оның ақиқаттан алшақтығы мен мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізі бола алмайтыны байқалды. Ел үшін өтпелі болған сол кезеңде ол басталған қайта құру процесіне көмектеспек түгілі, оны тежеді.
5 наурызда «Қазақстан Республикасындағы мемлекетсіздендіру және жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы» қабылданды. Жекешелендірудің екінші кезеңі басталды. Қысқа мерзімде жүргізілген жекешелендіру жеке қолға негізінен жылжымайтын мүлік түріндегі 6 мыңнан астам объектіні берді.
10 сәуірде «Жоғары білім туралы» Заң қабылданды. Ол ұлттық білім беру реформаларының қолжетімділігін, зайырлы сипатын, үздіксіздігі мен әртүрлілігін базалық қағидат ретінде көрсетті. Елдің жаңа білім беру жүйесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бастауыш (1-4 сыныптар) және орта (7-11 сыныптар) мектептер, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сияқты бес деңгей бойынша қалыптастырылды.
Қараша айында Қазақстанда кеңестер өз бетімен тарай бастады. Маңызды саяси процесс төменнен бастау алды. Алғаш болып Алматы қаласының Алатау аудандық халық депутаттары кеңесі Кеңестердің өмірден алшақтығын және олардың құзіретінің ағымдағы талаптарға сәйкес келмейтінін мәлімдеп, өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елде үлкен серпіліс туғызды және барлық жерде бірдей қолдау тапты.
5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы бекітілді. Мемлекет қаржылық жағдайдың ауырлығына қарамастан, елдің болашағын ойлай отырып, ең лайықты деген жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттерінде оқытуға жағдай жасады.
12 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
15 қарашада таңғы сағат 8.00-ден ескі банкноттарды жаңасына айырбастау басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталды.
15 қараша елімізде Ұлттық валюта – теңге күні болып бекітілді.
9 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Халық депутаттары жергілікті кеңестерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Заңды қабылдады.
10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімшілік басшыларына қосымша өкілеттіктерді уақытша беру туралы» Заңды қабылдады.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың
“Тәуелсіздік дәуірі” кітабынан

Таңдаулы материалдар

Close