Basty bet

Елімізге жанашырлық танытайық

«Денсаулық – зор байлық» демекші, бүгінгі күні адамдардың денінің сау болуы басты назарда болып отырғаны белгілі. Әлемді шарпыған аты жаман індеттің таралуы біздің елімізді де айналып өтпей, қазіргі таңда жағдай ушығып кеткенінен хабардармыз. Індетті жұқтырған алғашқы адам анықталған күннен бастап мемлекетімізде сақтық шаралары қолға алына бастады.
Мемлекет халқымыздың амандығы мен саулығын ескеріп, халықты денсаулықтарын күтуге шақырды. Сақтанудың жолдарын көрсетті. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан, теледидардан індеттің алдын алу жолдары туралы, жұқтырғандар санының күн санап артып бара жатқаны жайлы ақпараттар беріліп отырды. Ескертпелер айтылды. Өзге елден сабақ алайық деп халықты сабырға үндеді. Осындай сын сағаттарда Үкіметтен халыққа қаншама көмектер көрсетіліп жатты. Оның қадірін бірі білсе, бірі білмейді.
Қазіргі ахуал біздің тып-тыныш күйімізде, алдымызды ойлап, алаңсыз жүрген кезде жер бетіне Алла жіберген сынақ болып отыр. Тек табыстың көзін, өзін-өзі ойлаудың шегі болатынын танытты. Барлық дүниелердің қадірін түсінуге, ұғындыруға әсер етті.
Қыран сияқты еркіндікте өмір сүрген жандар үшін екі ай үйде қамалып отыру оңайға түспеді. Жұртшылықтың көбісі жұмыссыз қалып, кәсіптері тоқтады. Мұның барлығы уақытша ғана еді. Ал, одан кейін төтенше жағдай режімі алынып, елге еркіндік бергенде індеттің таралуы күн санап өсіп кетті. Оған не себеп? Әрине, өзіміздің салғырттығымыздан, қанымызға сіңіп кеткен мән бермеушіліктен болып отырған дүние. Мемлекет тарапынан төтенше жағдай алынғанымен карантин режімі аяқталмағаны, әлі де сақтық шараларын сақтау керектігі туралы айтылып жатыр. Бірақ, біздің ел арасында аурудың бар екеніне сенбеушілердің қатары көп. Індет бар деген көпшілікте ой жоқ. Салғырттығымыздың кесірінен қаншама зардап шегіп отырмыз. Сол себептен, көшеде бетпердесіз, ешқандай қорғанусыз емін-еркін жүргендер бар. Тіпті, той тойлап, думандатып та жатыр. Шын мәнінде қазір той тойлайтын заман болып тұрған жоқ. Амандығымызды, жақындарымыздың саулығын ойлайтын уақыт.
Біз осыдан біраз жыл бұрын отбасыммен Талас ауданында қызмет бабымен ауысып, сонда тұрдық. Сол кезде жұмыс барысында ол жердегі тарихи қорымдардың көптігін көргенмін. Мектепте жұмыс істегендіктен балалармен тарихи жерлерге экскурсия жасайтынбыз. Осы тұста ауылдың үлкендерінен қорымдардың тарихын сұрағанымызда Талас жерінде жаугершілік көп болғанын айтты. Сонымен қатар, бір жылдары елге нәубат келіп, оба індеті таралғанын, оның ешқандай емінің жоқтығын жеткізді. Індеттің салдарынан сол жерлерден бүкіл ауыл болып елді, жерді тастап көшіп кеткен екен. Індет табылған жерге не адамды, не малды жібермеген. Міне, ол кезде індеттен осылайша сақтанған. Бұл жөнінде ел арасынан көп аңыз-әңгіме естігенім бар. Ал, қазір техника мен технология қарыштап дамыған сәтте сақтанудың түрлі тәсілдерін, амалдарын айтып жатыр. Оқшауланып, үйде болуды сұранып жатыр. Әрине, мұның бәрі біз бен сіздің амандығымыз үшін жасалуда.
Жетпіске таяған шағымда естіген дерттің тағы бір түріне куә болып отырмын. Өзім жанұяммен бірге ауылдық жерде тұрамыз. Қазіргі жағдайды ескеріп үйден шықпауға тырысамыз. Үйде сегіз немерем бар. Олардың барлығының денсаулығына алаңдағандықтан сыртқа көп шығармаймыз. Әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, балаларды үйде ұстаймыз. Үнемі бақылап, Аллаға сыйынып, дәрігерлердің айтқандарына құлақ асып, сақтық шараларын сақтаймыз. Отбасы мүшелерін жиын-тойға бармауға үгіттеймін. «Қарты бар үй – қазыналы үй» демекші, үлкеннің айтқанына құлақ асатын, өнегелі тәрбие беретін отбасынан тәртіп те, талап та табылады. Осындай талап пен тәртіп, түсінік әр жанұяда болса, індет ауыздықталған болар еді.
«Сақтансаң – сақтаймын» дейді дана халық. Әрбір саналы азамат өзінің жақындарының, барша адамзаттың амандығы үшін үйде болып, өз-өзін оқшаулауы керек. Себебі, соңғы күндері аурудың беталысы жылдамдап, ауруханаға түсушілер көбейіп кетті. Тіпті, орын тапшылығы да сезілуде. Мұндай жағдайларды естіп, біліп отырған әр адам үшін сақтық шаралары ауадай қажет. Өзіңді өзің сақтауың керек. Сонымен қатар, құнарлы тамақтарды тұтынып, пайдалы іспен айналысайық. Аурудың алдын алу үшін жиын-тойларды азайтып, үйде болайық, ағайын. Аты жаман індет жойылып, халқымыз аман, еліміз тыныш болса, тамаша да, той да табылар.

Төлебала Сүңгібаева,
ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close