Basty bet
Өлең өлкесінде
Жуалы – қасиетті құт қонған жер
Неткен ғажап, көрікті бұл табиғат,
Сұлулығы көз тұндырған тым ғажап.
Кең дала мен асқар тауға қарасаң,
Ой-сананы тербетеді тамаша ән.
Жуалы – Алатаудың етегінде,
Бақалы осы ауданның бір шетінде.
Жуаны үзіп-жұлып жеп есейдік,
Мен қалайша, қоспайын өлеңіме.
Бақалы – өскен елім, құт мекенім,
Сай-сала, ой-қырыңды талай кездім.
Айранға жуа турап жеген сәттер,
Есімде өткен күн мен балғын күндер.
Жер үсті ырғалған гүл, сан өсімдік,
Диқандар еңбек етіп, төгеді тер.
Жалаң аяқ жүгіріп, есейдік біз,
Жуалы – қасиетті құт қонған жер.
Бауыржан, Шерхан сынды аруақты ер,
Даңқынан Жуалыны біледі ел.
Өлең мен өнер сүйген жастарым көп,
Ел сүйсінер талай-талай шығады ер.
Бақтияр, Әбілхандай қос ұлан бар,
Алашым сенім артқан қос қырандар.
Домалап өрге тасы ұлы елімнің,
Байрағым биіктерде тек желбірер.
Жұлдызы биік дейміз Жуалыны,
Ауданнан шыққан он бір генералы.
Бейбіт өмір тілеген қазағымның,
Жадырап тыныш атсын әрбір таңы.
Перзені боп мақтан етем елімді.
Қадір тұтсам байтақ туған жерімді.
Қазағым деп соғып тұрса жүрегім,
Бәрі-бәрі жан анамның мейірімі…
Түсінеді бір адам
Күн мен апта, ай мен жылдар сырғыған,
Уақыт дөнен тоқтамайды зырлаған.
Ертелі-кеш жүрмесек те біз бірге,
Жан дүниемді түсінеді бір адам.
Жас баладай кейде мен де қуанам,
Күш алғандай жуа менен жусаннан.
Сондай сәтте болмаса да қасымда,
Шат көңілімді сезінеді сол бір жан.
Мұңға батып, ойға шомсам құсадан,
Бір жұлдызын ағызады қара аспан.
Менен жырақ жүрсе-дағы сезінер,
Қайғым үшін күрсінеді сол адам.
Қиналғанда жаным ашып, қол созам,
Жақсылыққа жетелеген жан анам.
Тәрбиеңнің ықпалы ғой деп білем,
Жақсылыққа жақын жүрсем бір табан.
Ешкім сірә, екі келмес өмірге,
Түсінші деп, жалынбаймын ешкімге.
Шалыс басып, сүрінгенде мен кейде,
Бар кінәні артам досым, өзіме…
Бұл күнде бәрін ұмыттым…
Кездесіп бірге жүргенбіз,
Ол күндер енді көмескі із.
Үздігіп жаным демеп ем,
Мен саған құштар емес ем.
Көшеде қатар жүрдік біз,
Куә боп оған қоңыр күз.
Ағаштан құлап жапырақ,
Үзіліп жатты көңілсіз.
Өткенді қайта ойлама,
Өшті ғой іздер жолдарда.
Бір болуды жазбаған,
Артпайсың кінә тағдырға.
Қылықты әрі көрікті ең,
Сен бірақ мендік емес ең.
Арбасаң да күлкіңмен
Мен саған ғашық емес ем.
Болмады сезім тулаған,
Жазбадым арнап жыр саған.
Қимаймын сені демеспін,
Мен сені сүйген емеспін.
Жан жоқтай саған пара-пар,
Қыз едің, қалқам, тәкаппар.
Көктегі… жұлдызбен теңестің,
Мен сенің теңің емеспін…
Саған деп гүл де үзбеппін,
Өзгеден бақыт іздеппін.
Білдің сен мендік емессің,
Жай ғана. Бақытсыз өткен елес күн.
Ғашық боп жүріп, түн қатып,
Қосылмай кеткен көп жандар.
Сені де бір жан ұнатып,
Ғашық болып, тіл қатар.
Болса да куә, айлы түн,
Ол күндер артта өткен күн.
Санамнан кештеу сыр ұқтым,
Бұл күнде бәрін ұмыттым…
* * *
Көңілді көтерсең де шырқап әнді,
Ойларсың махаббатпен өмір мәнді.
Өмірден өтеріңе болмас күдік,
Болса да үйің зәулім, киім сәнді.
Жүрсең де бұл жалғанды қалап, сүйіп,
Зырылдап тоқтамайды минут, секунд.
Сағатың тоқтағанда еш жақының,
Араша бола алмайды ара түсіп.
Шығарып салмасы анық, сені сүйіп,
Өкінбе, қысқа ғұмыр осы енді деп.
Артында жақсы іс пен сөз қалдырса,
Ешқашан жойылмайды боп өтірік.
Өмір шіркін, тұрақсызсың, жалғансың,
Жауабы жоқ, әр пендеге сұрақсың.
Жер мен аспан, көз қуантқан табиғат,
Өшсем егер маған да жат, жырақсың…
Жуалының шетінде Қасымбек сай
Ертеде Асан қайғы абыз баба,
Аңыздай баға берген Жуалыға.
Жері құт, шөбі шүйгін екендігін,
Көрерсің келсең біздің Бақалыға.
Жуалы – ойлы, қырлы, таулы мекен,
Диқанға егін егер жері де кең.
Сайларда бастау көзі, мөлдір суы,
Ой мен күшке дем берген ауасы кең.
Жиырмасыншы ғасырдың аяғында,
Қаңлыдан тарайтұғын Бақа руын,
Бостандық я Шыршық алыс елден,
Қасымбек ақиық ер бастап келген.
Ойға терең, өресі кең, асыл жанды,
Бір қауым ел бастаған азаматты.
Атына жанама етіп сөзді қосып,
«Старшын Қасымбек» деп ел атапты.
Беймәлім бізге сірә, сол заманда,
Көшіп, қонып жетіпті Жуалыға.
Көш тоқтапты терең сай беткейіне,
Жуа, жалбыз, жусанды көкорайға.
Танысып жұмақ жермен сай жағалап,
Осындай жұмақ жерге келген бастап.
Қауым ел бірауыздан мақұлдапты,
Қасымбектің атымен аталсын деп.
Содан бері қаншама жылдар өтті,
Атамның көзін көрген жандар кетті.
Есімде қалғаны тек бала кезде,
«Тектінің тұяғы деп…»
Ата-әжелер мейірмен еркелетті.
Түн болса төбесінде күлімдеп Ай,
Қоңыр күз самал желін еседі жай.
Төрінде Бақалының мөлдір сумен,
Арқырап ағып жатыр Қасымбек сай!!!
Өзіңе іңкәр еттің жасыл көктем
Жайдары жарқыраған күні ыстық,
Мақпал түні жаныңа ләззат берген.
Жаз айы қанша жақсы десем-дағы,
Өзіңе ынтық еттің сұлу көктем.
Қоңыр күз кеші салқын, жанға жайлы,
Бақшада жеміс-жидек пісіп жеткен.
Алқапта арпа-бидай сарғаяды,
Әйтсе де сағындырар әсем көктем.
Мезгіл қыс, тау-даланы ақ қар басқан,
Құстар да жылы жаққа ұшып кеткен.
Жер ана ақ мамыққа ораныпты,
Мен бірақ, сені күтем, кербез көктем.
Қыс өтіп, сағындырған келсе көктем,
Жауынын зеңгір көктен нөсерлеткен.
Тал-дарақ, майса шөппен, жусан, гүлдер,
Қосылып әуеніңе мен де күткем,
Өзіңе іңкәр еттің жасыл көктем…
Рәтбек Қасымбектегі,
зейнеткер-ұстаз.
Нұрлыкент ауылы
Сырғып өтіп барады…
Мезгіл өтер алмасып неше кезең,
Уақыт шіркін, зулаған неткен тез ең?!
Тұп-тұныққа топан су араласқан,
Өмір құдды бұрқырап аққан өзен.
Алтын құрсақ анамыз жолы болған,
Асқар тау әке ниет толы болған.
Дүниеге Тауық жылы есік ашып,
Болған жылы бұрқасын, толы боран.
Балалық кез, балдәурен неткен ғажап,
Еш алаңсыз өстік біз көрмей азап.
Үйге қайтпай ойнаушы-ек ымырт мезгіл,
Күс аяқты кетсе де етік қажап.
Көше ортасы асыр сап, аунап-қунап,
Кеше ғана бала едік жүрген шулап.
Елу жасқа келдік біз биылғы жыл,
Сырғып өтіп барады, өмір зулап.
Әлі есімде, құрбыжан, мектеп кезі,
Кей ұстаздар біздерден болған мезі.
Қоңырауда мектепті басымызға,
Көтергенде мұғалім ұрысқан кезі.
Қатты айтса – жамандыққа қимағаны,
Әр ұрысы, ұстаздың шипа-балы.
Есіңде ме, құрдасым алақанмен,
Адам бол деп, басыңнан сипағаны.
Кете бардық арманмен әртарапқа,
Білім іздеп тарадық шартарапқа.
Жылдар тұрмақ естелік, тарих болып,
Әр күніміз жазылар ақ параққа.
Күйбең тірлік ерте ұрып күндізден,
Мақсат тұттық жеткізуді ұл-қызбен.
Құда болып, төс қағысып бүгінде,
Сыйластық жоқ артық енді сіз-бізден.
Жақсылықта болсын деп жекжат-жұрат,
Жұмыр жүрек жүреді әркез тулап.
Елуге де кеп қаппыз уақыт жылдам,
Сырғып өтіп барады өмір зулап,
Жылжып кетіп барады өмір зулап…
Анаға арнау
Көз ілеспес жылдамдық, неткен жүйрік ой терең,
Жетегінде қиялдың жүз теңселіп мен келем.
Ғажайып кез балдәурен, албырт жастық бала едік,
Алла жазса осы жыл елуді де еңсерем.
Көңіл қамсыз біз өстік балалықта кең әлем,
Сол бір шақтар жұмақтың нағыз өзі, төрі екен.
Қазір міне есейіп, санамызға сіңірдік,
Барлық еңбек жемісі келерін тек терменен.
Бір қауымбыз әкемнен өскен ұрпақ өскелең,
Сансыз шүкір Анамыз бар кең мекен.
Аналардың барлығы дәл өзіңдей болсайшы,
Деп түсінем, жұмақты Сіз отырған жер екен.
Бар әлемнің Иесі Алла жар екен,
Шуақ шашып құлпырған табиғатым, бар мекен.
Ардақты Ана, өзіңсің ең аяулы мен үшін,
Бұл өмірде өзіңдей бәлкім, ана бар ма, екен?!
Бар ғұмырың мәнді боп, ортасында немерең,
Аман болшы жалғанда, кіріп дәйім берекең.
Ұзақ жаса, Анашым, бар бақытты тілейміз,
Құтты болсын, Анашым қатар келген мерекең!!!
Сәкен ҮСІПБЕКОВ,
Б.Момышұлы ауылы
Басында ақ
кимешек…
Басында ақ кимешек жарасымды,
Бағындырған Ана деген дара шыңды.
Төрде ілінген суретке көз салам да,
Еске аламын асыл зат анашымды.
Жаратылған жан еді мінезі өрден,
Сол жағында шалы отыр соғыс көрген.
Екеуі де жымиған жүзі жылы,
Ризадай тигеніне орын төрден.
Тәңірім таңдағандай құдды бәрін,
Анаммен бірге еске алам құрбыларын.
Анам Күлдар, Күлдар аты аталса,
Аты аталмай қалмайтын Күләнданың.
Кезі жоқ сәнденетін, сүрме тартқан,
Өгіз соқа, атпенен тырма тартқан.
Үлесіне тиіпті құрбылардың,
Сынық арба, шиқылдақ пішен артқан.
Ұрпағына тілеген күн аманды,
Өздерімен ап кеткен зар заманды.
Шүкіршілік етумен еске аламын,
Құрбылармен, асыл зат анашымды…
Сары күз
Салқын самал, сары күз, сары жапырақ,
Жарқын жазды қимайды әр шаңырақ.
Төрт мезгілдің өзіндік қызығы бар,
Халыққа беррері мол күздің бірақ.
Сұлу көктем күйбеңмен басталады,
Еңбекті ердің естіліп асқақ әні.
Қос айдалып, дән сеуіп, мәре-сәре,
Тірліктің болмайтындай басқа мәні.
Жадырап жаз келеді жанға жайлы,
Жұлдызы мол, түндері жарық жайлы.
Күндері еңбекпенен абыр-сабыр,
Еске алып көктемдегі күйбең жайлы.
Сонымен күткен міне, күз де келдің,
Еселеп нәтижесін аққан тердің.
Қызыл дәнге қамба толы, уайым жоқ,
Жаратқан ырзығыңды мол ғып бердің.
Алдағыны айтайық, қыстың жайын,
Қытымырлау болмай ма, сол үш айың?!
Қазақ деген сабырлы халықпыз ғой,
Өткізерміз жеп жүріп соғым майын.
Пернебек Бердімбетов,
зейнеткер.
Шақпақата ауылы