Basty bet

«Жаңа өмір» маған тыныс сыйлады

Бүгінде республика көлемінде газет-журналдарға жазылу қарқынды жүріп жатыр. Әрбір басылымның өз оқырмандары бар. Солардың ішінде аудан тұрғындары үшін «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетінің орны бөлек.
XXI ғасырда интернеттің дамыған заманында өз оқырмандарын жоғалтпай, аудан тұрғындарын өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар ететін, тұрғындардың ой- пікірлерін ортаға салатын, ауыл-ауылдағы көпке өнеге болар адамдарды көпшілікке таныстыратын «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетіне биыл 85 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бұл газет өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
Бұл басылымның тарихы бірде 1932 жылы, енді бірде 1934 жылы басталды деген екі түрлі пікір жүргені анық. Бұл екі пікірдің де жөні бар сияқты. Өйткені, 1930 жылдары Жуалыда «Таусағыз», «Адам еңбек үшін» екі бірдей газеттің шыққаны архив деректерінен белгілі. Республикалық мемлекеттік кітапхананың библиографиялық мәліметтеріне сүйенсек, 1932 жылы шыға бастаған «Таусағыз» газеті Жуалы аудандық партия комитетінің және №2 «Каучукпромхоз» шаруашылығының органы болған деген дерек бар. Орысша, қазақша шыққан бұл басылымның алғашқы редакторы, көрнекті журналист қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов болған. Одан кейінгі жылдарда журналистиканың бірнеше буын өкілдері еңбек етті. 2018 жылдан бастап басылымға Берік Жұмабайұлы Жакулаев басшылық етуде.
Халық айтса қалт айтпайды ғой. Аңыз да шындықтан туады, сол шындықты, ақиқатты Жуалының түкпір-түкпіріне жеткізе білген бұл «Жаңа өмір»- «Новая жизнь» газеті өз басыма қатты ұнайды. Бала күнімде газет тасушы апайдың біздің үйдің қақпасына ілген газетті сол мезетте жүгіріп барып алып, ақтара жөнелетінім әлі есімде.
Уақыт өте келе осы редакцияда іс-тәжірибеден өтемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген екен. Алғаш табалдырығын аттаған кезде ерекше сезімге бөленгендей болдым. «Жаңа өмір» маған жаңа дем берді.
Басылымның эпиграфы Жуалы топырағының төл перзенті Бауыржан Момышұлының суреті мен кез келген адамға қанат бітірер жігерлі сөздерімен ашылады. Әрбір оқырманның сүйіктісіне айналып үлгерген бұл газеттің қалай жарыққа шығатынын бірі білсе, бірі білмейді. Міне, оның әр нөміріне қаншама еңбек, ақыл-парасат пен ой қуаты жұмсалатынын өз көзіммен көріп, куә болдым. Ұжымда қызмет ететін аға-апайларымыздың бәрі дерлік ерекше қабілетті дара тұлғалар екенін ешбір күмәнсіз айта аламын.
85 жылдығың құтты, ғұмырың ұзақ болғай, «Жаңа өмір»!
Көркем Әзімхан,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
журналистика мамандығының 1 курс білімгері

Таңдаулы материалдар

Close