Basty bet
Ынтымақ орнаған отбасы
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, жастарды қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Тату-тәтті, үлгілі отбасының тәрбиесін көрген бала өз-өзіне сенімді, қоғамның белсенді, белді мүшесіне айналады. Осы орайда, Қарасаз ауылының жас та болса, үлгілі әрі өнегелі, өнерлі татулығы мен бірлігі жарасқан отбасыларының бірі Қалмановтар отбасын бүгінгі тақырыбымызға арқау етпекпіз.
Азат Қалманұлы 1994 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. №182 орта мектебін үздік аяқтап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түсіп, оны ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдайды. Мамандық иесі атанған ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Қарасаз ауылы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепке жұмысқа орналасады. 2014 жылдан бері аталған мектепке балаларға ағылшын тілінен сабақ берумен қатар, жан-жақты әрі белсенді мұғалімнің қатарына қосылады.
Оның өмірлік жары Ақбота да Сыр өңірінің тумасы. Қасиетті Қазалы жерінде дүниеге келіп, сонда білім алады. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін тамамдайды. Өмірлік серігімен қол ұстасып, Жуалыға бірге келеді. Жас маман ретінде ол да бір іспен айналысуды жөн санап, ауылдан «Шұғыла» би үйірмесін ашады. Үйірмеге елді мекендегі талантты қыздарды жинап, оларды өнерге баулуға атсалысады. Бір жарым жыл уақыт балалармен жұмыс істеген Ақбота қазіргі таңда бала күтімімен үйде отыр.
-Менің бала күнгі арманым ата-анамның, бауырларымның ізін жалғап мұғалім болу еді. Мектеп кезінен сабақты жақсы оқып, белсенді оқушылардың қатарында болдым. Әсіресе, ағылшын тілін сүйіп оқитынмын. Арманым мені алға жетелеп, оқуға түсіп, өзім қалаған мамандық иесі атандым. Осылайша Қарасаз ауылына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастым. Алғашында өзім осында жұмыс істедім. Кейіннен 2017 жылы бағдарлама аясында үй алып, шаңырақ көтеріп, ата-анамды Қарасаз ауылына көшіріп әкелдім.
Әкем Құрман мен анам Сара мектепте балаларды білім нәрімен сусындатып, өмірлерін ұстаздыққа арнаған жандар. Сонымен қатар, әпкем және ағаларым да ата-ана жолымен жүрді.
Біз ауылдағы жас отбасылардың біріміз. Отау құрғанымызға биыл үш жыл болды. Бұл аз уақыт шығар. Бірақ осы аралықта бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізге сүйеніш болуды үйреніп келеміз. Өмірдің белестеріне енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан біз үшін ең бастысы, ата-аналарымыздың ізін жалғау. Сол кісілердің өнегелі өмірін үлгі ету. Себебі, біз жас болғандықтан көп нәрсені әлі де біле бермейміз.
Екеуміздің таныстығымыз сыныптасымның тойында өрбіді. Ол кезде Ақбота тойда ән айтып, талайды дауысымен таңдандырып жүрген еді. Мені де сұлулығымен, қылығымен баурап алды. Осылайша біз бір-бірімізді танып, шаңырақ көтеруге бел будық. Ата-аналарымыздың разылығын алдық. Аллаға шүкір, бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеудеміз. Алла қаласа, үшінші сәбиімізді күтіп отырмыз.
Біздің ойымызша, ата-ананы құрметтеу, өсіп келе жатқан балаларға көңіл бөлу, бір-бірімізге деген сыйластық отбасының басты құндылығы деп білеміз.
Адамның өмірінің бір қызығы бала деген. Оның жақсы адам болып қалыптасуы үшін сәби кезінен бастап тәрбиесіне мән беруіміз керек. Әсіресе, баланың ұқыптылығына, мінез-құлқына, іс-әрекеттеріне көңіл бөлу керек. Ұрпағымыздың тәрбиесіне тек біз ғана емес атасы мен әжесінің де рөлі зор. Бір шаңырақ астында өмір сүргендіктен бәріміз бірге осы балаларымыздың болашағы үшін жақсы тәрбие беруге тырысамыз.
Махаббатыңызды жолықтырсаңыз, шаңырақ көтеруге асығу керек деп ойлаймыз. Бұл ең алдымен ата-ананың қуанышы. Сол кісілерге немере сыйлап, шөберенің де қызығына жетуі үшін ерте үйленуді дұрыс көреміз. Жұмыс бабымен жүре берудің қажеті жоқ, қайта армандарыңызға бірге қол ұстасып жеткен нағыз жетістік, – дейді Азат.
Ал, Ақбота отбасында түсіністік, сыйластық, сүйіспеншілік болса ғана барлық проблемаларды шешуге болатынын айтады. Ол жас отбасының өмірінде ата-анамыздың да ақыл-кеңестері, көмектері үлкен рөл атқаратынын, сол кісілердің көңілін тауып, отбасымыздың бірлігі мен татулығын сақтап отырғандарын жеткізді. Сонымен қатар, әр қазақ шаңырағында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер сақталуы керектігін де айтып өтті. Отбасыларында қазақи дүниелерді ұстанатындарын, әсіресе, ата-анаға сәлем салып, ізет көрсетуді ұмытпайтынын, анасының ақыл-кеңесіне сүйенетінін жеткізді.
Алдағы ата-аналарыңыздың ізін жалғап, келешек жастарға үлгі, татулықты ту еткен отбасына қоғам тарапынан артылар үміт көп.
Аружан Бауыржанқызы,
Қарасаз ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі инспекторы