Basty bet

Қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар

Пандемия Қазақстанды ғана емес, бүкіл дүниежүзін әбігерге салды. Әлемде аты жаман дерттен көз жұмғандар саны күннен күнге өршіп барады.
Коронавируспен күресте алдыңғы шепте ақ желеңділер тұрғаны анық. Бұл жүкті дәрігер қауым қалай көтеруде? Алда екінші толқын басталады деген болжам бар. Бұған дайынбыз ба? Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебековке қойған сауалымыз осыдан басталды.
– Нұрбай Әбілқасымұлы, коронавирустың бірінші кезеңінде аурухана, техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі байқалды. Осы олқылық тағы да қайталанбай ма? Ауруханада орындар, дәрігерлер, қаражат жеткілікті ме?
– Елімізде, соның ішінде өңірімізде қазір жалпы эпидемиялық жағдай тұрақталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, күз айларында КВИ-ге байланысты жедел жәрдем шақырушылар жаздың ортасымен салыстырғанда бес есе азайған, инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның тек 15 пайызында науқас бар.
Аудан жағдайына келетін болсақ, соңғы бір айдың ішінде науқас тіркелген жоқ. Өлім-жітім орын алған жоқ. Дегенмен, бұл арқаны кеңге салып, босаңсуға негіз емес.
Біз қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Күзгі маусымда жалпы 45 инфекциялық төсек-орын жабдықталды, 5 реанимациялық орын дайын.
Қазір инфекциялық және провизорлық стационарда өкпені жасанды желдететін 8 аппарат бар, қосымша тағы 2 данасын күтудеміз. 3 инфекциялық және 5 қабылдау бөлімі төсек-орын оттегімен қамтылған. 1 рентген аппараты гуманитарлық көмектен беріледі деп күтілуде. Осы айтылғандар негізінде тұрғындарды дер кезінде қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Бүгінде ауданның денсаулық сақтау саласында 92 дәрігер бар. Коронавирус инфекциясына қарсы күреске 14 бейінді маман тартылған.
– ПТР-тестілеу құны неге қымбат? Мұндай тестілеу біздің аудан деңгейінде жасала ма? Зертханада ондай мүмкіндік бар ма?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ПТР-тестілеу құны 22% арзандайды. Тиісті келісімнен кейін тариф осы айдың соңына дейін бекітіледі деген болжам бар. Біздегі зертхана тәулігіне орташа есеппен 20-30 ПТР тестіне биоматериал алынуда.
– Бірінші толқында стационарлық бекеттерде қызмет атқарған медициналық қызметкерлерге қанша үстемеақы төленді? Бұл үстемеақы алдағы уақытта да бола ма?
– Биыл наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін аудандағы медицина қызметкерлеріне жалпы 79 667 651 теңге үстемеақы төленді. Қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің саны эпидемиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Мемлекет эпидемияға қарсы күреске қатысқан барлық медицина қызметкерін әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.
COVID-19 және вирустық пневмонияға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақыны ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Үстемеақы алатындардың тізімі мен оларға төленетін сома арнайы құрылған комиссияның шешімен бекітіледі.
– Вирустың бірінші толқынында дәрі-дәрмек жетіспегені мәлім. Қазір бұл жағдай реттелді ме? Жалпы инфекцияға қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?
– Жалпы елімізде жазда дәрі-дәрмек тапшы болды. Осы келеңсіздік қайталанбау үшін министрлік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде бірқатар шұғыл шаралар қабылданды.
Министрлік тарапынан амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Мәселен, дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 жаңа нозологиясы енгізілді. Үйде коронавирусты емдеу үшін науқастарға жеткілікті мөлшерде тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған. Сондай-ақ өңірде 15 қыркүйек-15 қазан аралығында тұмауға қарсы вакциналау жүргізіліп, бүгінде 15 924 адам екпе жасатты.
Бүгінгі таңда өңірде 18 миллион теңгенің дәрілік заттарына «СК-Фармация» ЭФИС порталына тапсырыс берілді.
– Коронавирус эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты мамандардың аздығын байқатты. Бізде тағы қандай мамандар жеткіліксіз? Кадр тапшылығын шешу үшін аурухана басшылығы тарапынан нендей шаралар қабылдануда?
– Шынында да, пандемия кезінде бірқатар маманға сұраныс күрт өсті. Мәселен, ауданда эпидемиолог пен инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог мамандары қажет, сондай-ақ рентгенолог, педиатр, жедел жәрдем дәрігеріне сұраныс бар. Кадр тапшылығын шешу үшін қажеттілікке қарай грант бөлінеді.
Жалпы қазіргі талап бойынша мемлекет қаржысына білім алғандар, жолдамамен өңірлердегі медициналық мекемелерде кемі үш жыл еңбек етуі тиіс.
Биыл қаңтардан бастап ауданда 6 дәрігер, 1 эпидемиолог пен 40 медбике коронавирусқа қарсы күрес және індетті емдеу бойынша қысқа мерзімді оқу-курсынан өтті.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close