Basty bet

Бақыттың кілті – еңбекте

Адам еңбекпен жетіледі. Еңбекпен өз ортасына танылып, көркем мінезімен сый-құрметке ие болады. Ол үшін адамның бойында ата-анадан дарыған жақсы қасиет, тәлім-тәрбие болуы керек. Осы ретте, ауданымызда абыройлы еңбек етіп, салиқалы ұрпақ өсіріп отырған отбасылар баршылық. Соның бірі Б.Момышұлы ауылының тұрғындары Нохаевтар жанұясы.

«Отбасында бақ-береке орнауы үшін ынтымақ пен өзара сыйластық керек» деген жанұяның отағасы Әбілхан Нохаев Диқан ауылында дүниеге келген. Қайрат ауылындағы қазіргі Мыңбұлақ (бұрынғы 40 жылдық) орта мектебін бітіреді. 1986 жылы Отан алдындағы борышын Балқаш жерінде аман-есен өтеп келіп, мал шаруашылығымен айналысады.
Таңның атысы, кештің батысы тіршіліктің көзін тауып, еңбекпен күнін өткізетін жан. Ауылдың тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен етене таныс, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын азаматтың бірі.
Адам дамуының ең басты кепілі-еңбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, бабаларымыз бекер айтпаған. Расында адамды адам еткен еңбек. Мұны өмірлік ұстанымына айналдырған Әбілхан Нохаев мал шаруашылығын дамыту мақсатында жұмыс істеуде.
-Ауыл шаруашылығымен айналысқаныма 30 жылдан астам уақыт болды. Тірліктің көзін табу үшін, табысты болу үшін ерінбеу керек. Бұл жұмысты бар ынтаңмен, күліп жүріп жасау керек. Ығысып, немқұрайдылық танытсаң, істің берекесі болмайды. Негізінен, қандай мамандық болса да, қандай жұмыс болса да сол істің нағыз маманы болуың керек. Мал бағу үшін де ептілік қажет. Сол сияқты ауыл шаруашылығын қолға алып, ісіңді дөңгелету үшін таңдаған салаңды жақсы білуің керек. Біліміңмен қатар, тәжірибең де болуы тиіс. Тәжірибе мен біліміңді ұштастыра алған да жөн.
Мал шаруашылығы, оның ішінде, ірі – қара малдарымыз бар. Ол үшін арнайы қора-жай соғылған. Мал азығын да үйдегі мал санының басына қарап әзірлейміз. Көмекшім балаларым. Ұлдарым ержетіп, тірліке қолғабыс етуде. Қасыма ертіп, еңбек етуге кішкентайынан баулыдым. Қазір Құдайға шүкір, балаларым бәрін өздері жасайды.
Осы тірліктің барлығы балаларымыз үшін жасалуда. Балаларымның алаңсыз білім алып, молшылықта өмір сүруі үшін жағдай жасауым керек. Ол менің міндетім. Әкелік борышым. – дейді отағасы Әбілхан Айтбекұлы.
«Әке-асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.
-Өзім он ағайындымын. Үйдің тоғызыншысымын. Әкем Айтбек Нохаев Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анам Ханшайым Нохаева көпбалалы ана болған.
Әбілхан Айтбекұлы жаңаталаптық Гүлия Әбдікаримовамен 1989 жылы отау құрып екеуі үш ұл, бір қызды сүйді. Отандасқандарына 35 жыл болған ерлі-зайыптылар бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған.
Нохаевтар отбасының отанасы Гүлия Әбдікаримова өзінің биязылығымен, көркемдігімен ауылға сыйлы ақ жаулықты аналардың бірі. Жаны тазалықты, әсемдікті сүйеді. Әрдайым өзінің бірқалыпты мінезімен отбасының берекесін келтіріп, бір шаңырақтың ұйытқысына айналған.
-Бойжетіп, осы әулетке келін болып түстім. Киелі қара шаңырақтың ақ босағасын аттап, үйдің екінші келіні атандым. Ата-енем өте қарапайым, қадірлі, жанашыр жандар еді. Мені өз қыздарындай қабылдап, ортаға сіңісіп кетуіме көмектесті. Білмегенімді үйретіп, жөн сілтеді. Мен де келіндік міндетімді абыройлы атқардым. Ата-енеммен жеті жыл бірге тұрдық. Бір жаман сөзін естіп, ұрысқан емес. Балаларымды да азамат етіп қалыптастырған сол кісілер. Біздің ауызбіршілігіміз, өзара сыйластығымыз нық орнаған, – дейді отанасы.
Балалары әр саланың маманы. Тұңғыштары Әділет пен Нұрдәулет әке жолын қуып мал шаруашылығымен айналысуда. Қызы Алтынай IT мамандығын бітірген, қазіргі таңда сұлулық салонында жұмыс жасайды. Келіндері Арайлым аудандық орталық кітапханада «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істеуде, ал Нұрай №15 мектеп-лицейде мұғалім. Кенжелері Дәулетияр оқуын бітіріп, диплом алғалы отыр. Болашақ заңгер. Үлгілі отбасының ұрпағы өніп-өсіп, перзенттерінен әзірге төрт немере сүйіп отыр.
-Әр отбасының өмірлік ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшелігі әртүрлі. Бірі балаға қаталдық танытса, бірі мейірімін төгеді. Дегеменде ата-ана бауыр еті баласының жаман адам болғанын қаламайды. Мейлі қаталдық танытсын, мейлі шексіз сүйіспеншілікте тәрбиелесін, біздің қалауымыз бір ол – баламыздың адам болуы. Ол үшін баланы жастай тәрбиелеп, өмірдің қилы кезеңдеріне төтеп бере алатындай тұлға қалыптастыру қажет. Біздің отбасымыздың ұстанымы – еңбек ету. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген. Шүкір, еңбегіміздің нәтижесін көріп перзенттеріміз мақтанышымызға айналды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қайырымдылық жасау –қанымызда бар қасиет демекші, Әбілхан аға да қайырымдылық жасауды өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған.
Әбілхан Айтбекұлы Жуалы ауданының 90 жыл толуына орай «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ «Ауыл береке» базарының 10 жыл толына орай базардың көркеюіне үлес қосқаны үшін Алғысхатпен марапатталған.
Ұлттық құндылықты құрметтеу, сақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу аға буын өкілдерінің еншісінде. Әр жанұяда қазақтың салт-дәстүрі ұлықталса, жөн-жоралғысы жасалса, оны көріп өскен ұрпақ міндетті түрде бойына сіңіреді. Сондықтан біз барынша ата-бабадан қалған ұлттық құндылығымызды ұрпағымызға көрсетуге тырысамыз.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close