Basty bet

Берлинде Жеңіс парадына қатысқан

Кісінің ала жібін аттамай, адалдығымен ерекшеленген қияқ мұртты, шүңірек көзді қара торы жүзінде мейірімділіктің шуағы нұр шашып тұратын Әмірқұл ақсақалды бүкіл ауыл «коммунист» деп атайтын. Ертеректе бала кезімізде Әмірқұл атамызды осылайша атаудың сырын жете түсінбейтінбіз. Білетініміз елдің «коммунист» деп атағанына қарағанда ол кісі ауылда партияға өткен бірінші кісі деп ойлайтынбыз. Бірақ кейінірек сұрастырып білгенімде, ол кісінің партиялық стажы өзгелерден көп емес екенін білдім. Қолыма қалам алып, сонау алпысыншы жылдары аудандық газетке алғашқы хабарлар мен суреттемелер жібере бастағанда басты тақырыбым – ауылым, оның азаматтары болатын. Сондықтан да екі Қызыл Жұлдыз ордені омырауында жарқыраған майдангер туралы жазуды ойлауым қол жетпес арман емес еді. Бірақ «коммунистің» сырын білу ұзаққа созылды. Ауылдан білім қуып алысқа кеттім. Сөйтіп жүріп аудандық газетте тәжірибеде жүргенімде Әмірқұл ағамызға сәлем беріп, өзі туралы жазуым қажет екенін айттым. Бұл 1969 жылдың жазы болатын. Болашақ кейіпкерім менің ниетімді білген соң біразға дейін үнсіз отырды.

– Айналайын, ұмытпасам, 1943 жылдың ақпан айы болатын. Біздің Сталинград майданы фашистерді Волга жағасында тас-талқан етіп, 22 дивизиясын қоршауға алуды аяқтаған сәті еді. Сол кезде өзің сияқты тілшілер қаптап кеткен. Суретке түсірген. Екі күннен кейін политрук менің үлкен суретім басылған майдандық газетті әкеліп берді. Есімде қалғаны бір неміс солдаты артына үрейлі көз тастап, қашып барады. Ал мен автоматымды кезеніп, қууға ыңғайландым. Суреттің астына «Ефрейтор Ә.Айтқұлов фрицке ешқайда да қашып құтылмайтындығын және оны Берлинде тұтқынға алатындығын айтты» деген жазу бар. Содан кейін журналиспен кездесіп отырғаным осы. Оның өзі өзіміздің ауылдың баласы болғаны қандай ғажап?! Біз өсіп келеміз,- деген сөзі әлі есімде. Одан кейін жеңешемізге шай қойғызды. Үйде толып ойнап жүрген балаларды далаға шығарып жіберді.
– Соғыс туралы айту кімге болса да ауыр. Кейде Молдаш көкең сияқты «мен пәлен немісті өлтірдім» деп айта алмаймын. Себебі, санағаным жоқ,- деп жылы жымиып, қолына алған түйіншекті шеше бастады.
1941 жылы шілде айының алғашқы күндері Сайрам әскери комиссариатына жиналғандарды екшеп, сұрыптап, бөліп жатты. Жиырма бесте қылшылдап тұрған Әмірқұл Жамбыл қаласында жасақталып жатқан ұлттық әскерлер дивизиясына жіберілді. Қылышты қынабынан суырып, онымен адам шабуға дейін үйреніп болған соң майданға аттанды. Бұл кезде фашистер Москва маңында артқа шегінгенімен Кавказ бен Волгаға қарай бағыттары қатты болатын. Эшелоннан аттар түсірілісімен атты әскер полкі артиллерия корпусына айналатындығы туралы бұйрық келді. Аттарын өткізіп, артиллерия корпусының сапында Сталинград қаласының маңында бекінді.
– Мен саған бір ғана оқиға туралы әңгімелесем деймін. Ол мына орденге байланысты.
Ол арық салалы саусақтарымен “Қызыл Жұлдыз” орденін менің қолыма ұстатты. Орденді айналдырып қарап отырып, оның бір ұшының бояуы көшкенін және оған ерекше бір күштің әсер еткенін байқадым.
– Байқадың ба, бұл орден менің өмірімді сақтап қалған.
– Қалайша? – дедім мен таңданғанымды жасыра алмай.
– Бұл орденді Сталинград шайқасында алған болатынмын. Осы орден 1944 жылы Днепрден өткенде жау оғынан сақтап қалды. Ол бір сәт үнсіз қалып, қолындағы “Қызыл Жұлдыз” орденін аудастырып қарай берді.
Сол түн ерекше қараңғы болды. Дивизионға дариядан жаяу әскерлермен бірге өтіп, Днепр жағасына бекініп, жаудың алдыңғы шебін емес, артқы шебін атқылау тапсырылды. Үлкен калибрлі зеңбіректің снарядтары кем дегенде 3-4 шақырым жерге дейін ұшады. Сондықтан да жаудың алдыңғы шебіне тылдарынан көмек келтірмеу міндеті тапсырылды. Оның үстіне артиллерия барлаушы ретінде Әмірқұл Айтқұловқа тапсырма ерекше. “Жолдас ефрейтор, сен жаяу әскерлермен бірге жылжисың. Биік жерге немесе бір ағаштың басына шығып алып, батареяға снарядты қайда ату керек екенін айтып тұрасың”, – деген батарея командирі.
Өзен суы тастай екен. Алға жүзген сайын өзен бетін тілгілеген прожекторлардың жарығы жиілеп, жау зеңбіректері де қуат алғандай, атқылауда. Жағаға жүз метрдей қалғанда екі зеңбірек су түбіне шөңді. Бір қуаныштысы, снаряд тиелген баржа аман. Шайқалақтап жағаға да жеттік-ау. Батареяны орналастырар-орналастырмастан телефонды арқалап, оның желісін тарқатып, жаяу әскерлермен бірге алға жүгірдім. Бір орында аялдасаң, оққа ұшатынын әркім жақсы біледі. Содан жан-жаққа қарамастан, алға ұмтылдық. Оқты екі жақ та жаудырып жатыр. Жағадан 2000-3000 метр алыстаған соң-ақ артиллерияның көмегінсіз алға жылжу мүмкін емес екенін түсіндік.
– Кәні, «соғыс құдайы», шақыр батареяңды. Бізге көмек бермесе, жылжи алмаймыз. Түсіндіріп, жағдайды айт, – деген капитанның тілегін орындадым.
Дивизион командирі бұл өтінішті орындау қауіпті екенін айтты. Себебі, үлкен калибрлі зеңбіректердің тұрған жерін жау біліп қойса, олар алдымен сол жерді атқылайды. Мұндайда түпкі мақсатты орындау мүмкін емес. Командир менің барынша жау шебіне жақындап, бірінші шептің сыртына өтіп кетуді, сол жерден хабар беріп отыруды бұйырды. Бұйрықтың аты – бұйрық. Оны орындау керек.
Байқаймын, өзен жағалауы биік, қалқа болатын ағаш та жоқ. Сонда түн қараңғылығын пайдаланып, алға жылжыдым. Жағадан бір шақырымдай жерде бір топ қарағайдың өсіп тұрғанын жарқылдаған прожекторлардың жарығымен байқап қалдым. Соған қарай ұмтылдым. Әйтеуір, алға жылжып келе жатып, бір жыраға тап бола кеткенім. Түн қараңғылығын пайдаланып, жырамен жоғары көтерілдім. Байқаймын көздеген жерге де жақындағандаймын. Себебі, қос бүйірімнен де фашистердің даурыға сөйлескен, атқан мылтықтарының дауыстары естіледі. Тіпті алды-артымнан шылдырап аққан суды кешіп өтіп жатқандарын анық сездім. Ондайда бой тасалап, арнаға жата кетемін. Телефон желісін судың ішімен тарта отырып, жаудың бірінші шебінің сыртына аман-есен өттім-ау. Діттеген жеріме жетіп, қарағайдың төбесіне шығып та алдым. Жақсылап жайғасып, үсті-басымды бұтақтармен жауып, маскировка жасаған соң дивизионға хабарластым. “Жарайсың, сенің ізіңмен екінші, үшінші барлаушы байланысшыларды жіберем. Таң атқанша олар да жайғасқаны дұрыс. Себебі, кім білсін, жау сені байқап қалса, біз «көзсіз» қаламыз. Әзірше үн қатпа”,- деген дивизион командирінің сөзіне бір жағынан марқайып қалсам, екінші жағынан қорқып қалдым. Шынында да жау мені байқап қалса бір ғана оқпен жайратып салмай ма?!
Алаулап күн көтерілді. Айналаның бәрі гүрс-гүрстің астында. Мұрынғa оқ-дәрінің ащы иісі келді. Шегінген жауды да, жау тылынан алға ұмтылған әскерді де көрмедім. Жағдайды тағы да баяндадым. «Екі көзіңе қара, тылда қозғалыс болса, тез хабарлас» деді. Одан соң мен жіберген байланысшы-барлаушылардың келмегенін айттым. «Ендігі бар үміт сенде, сақ бол!» деді.
Күн арқан бойы көтерілер-көтерілместен фашистердің қозғалысы көбейіп, алдыңғы шепке қарай ентелеп келе жатқан жаяу әскерлермен бірге танк, автомашиналар көрінді. Тез арада олардың координаталарын хабарладым. Бұл кезде Днепрдің жағасымен мен тұрған жердің ортасында қиян-кескі шайқас қыза түскен, жаудың қорғаныс шебі бұзылып, арттарына жалтақ-жалтақ қарайлай береді.
Әлден соң ысқыра менің төбемнен асып барып жау шебіне түскен снарядтар дауысы молайып, фашистер тылының ойран-ботқасын шығарды. Мен анда-санда оң, солын, қашықтығын айтып, аңдысын аңдып отыра бердім.
«Отыра бердім» деген жәй сөз. Жанымды шүберекке түйіп, екі көзімді жау жақтан алмаймын. Жау опай-топай болды да қалды. Қалай қашқақтаса да біздің зеңбіректің снарядтары оларды «тауып» жатты.
Бұл кезде жағадағы жауды тықсырған біздің әскерлер де маған қарай жақындай түскен. Олардың тез жылжуын асыға күткеніммен, фашистер бекіністен бекініске ауысып, қаша соғысты. Ал тылдағы жау күші болса түлкі бұлаңға салып, алға ұмтылды. Мен олардың барлық әрекеттерін сол мезетте хабарлап отырдым.
Осындай бір жау шоғырларын хабарлау сәтінде қатты соққыдан ағаштан құлап түстім. Біраз есімнен танғандай жатып қалдым. Әлден соң денемнің әр жерін сипалап, оқ тиген жерді іздеймін. Аңғарғаным соққы кеудемнен тигендей болған. Сипалап көрсем аққан қан байқалмайды. Оның үстіне қолымды әлдене нәрсе жырып кетті. Анықтап кеудеме қарасам, “Қызыл Жұлдыз” орденім орта шенінен бастап, бір ұшы жапырылып қалыпты. Енді түсіндім менің жанымды сақтап қалған осы орден екен Жау мергенінің кеудемнен дәлдеп атқан оғы осы орденге тиген. Ал сол жолы біздің дивизион түгелімен марапатталды. Маған мына екінші “Қызыл Жұлдыз” ордені сол жолы берілді …
Гвардия ефрейторы Әмірқұл Айтқұлов одан кейін Киевті, Житомирді, Варшаваны, Венаны, тағы да басқа қалаларды босатуға қатысты. Жеңіс күнін Берлинде, Рейхстаг қабырғасында тойлады. Бәрінен де ол кісі 1945 жылы 7 қыркүйек күні Берлинде Рейхстаг алаңында Жеңіс парадына қатысқанын ерекше бір әсермен әңгімелеуші еді. Ол кісі сол бір жылдарды еске алғанда, сұм соғыстың Бақалы ауылынан бірнеше әулетті жалмап жібергенін өкіне айтатын. Ағайынды Әмір, Мырзабай Көшімбетовтерден ұрпақ қалса, Дәуреннің Аман, Мадиярбек, Меймантайынан, Маxайдың Омарбегінен, Сейдалының Өмірбегінен, тағы да басқалардан ұрпақ қалмағанына өкінетін.
Колхоздың бітпейтін жұмысын істеп, өмірдің зейнетін емес, бейнетін көп көрген майдангер ұл-қыздарының амандығы мен абыройын ойлап, оларды адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелей білді.

Әңгіме Қазақстанның
Құрметті Журналисі,
журналист-жазушы жерлесіміз,
Мақұлбек Рысдәулеттің архив құжаттары негізінде жазылған кітабынан алынды

Таңдаулы материалдар

Close