Basty bet

Отбасы – маңызды әлеуметтік орта!

бұл мақсатта аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінде отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деп атап өтілгені белгілі.
2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” екі заңға қол қойды. Соның ішінде: «Неке (ерлі-зайыптылық) туралы” заңының 5-1 бабына сүйеніп отбасын қолдау орталықтары туралы нақты жазылып, статус берілді. Қазіргі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болып, отбасылық дағдарысқа ұшыраған жайсыз отбасылармен жұмыс істейтін орталықтар Қазақстан бойынша барлық облыс және аудандарда ашылып жатыр.
Қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында Жуалы ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 29 шілдедегі №202 қаулысымен «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, былтыр қазан айынан бастап жұмыс атқаруда.
Орталық жұмысының мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға), оның ішінде: көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерге, мүгедектігі бар, зейнет жасындағы азаматтарға, тағы да басқа мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, өмірде қиын жағдайдан шығару мәселелерін шешіп беру болып табылады. Орталық мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп қызмет алушыларға жеке бастарындағы мәселелерге сәйкес, экономикалық, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмектер көрсетеді.
Биыл сәуір айында «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның директоры Жәмила Калимбетова мен орталық психологі Айгүл Дарибаеваның ұйымдастыруымен Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінің білімгерлерімен ақпараттық түсіндірме жұмыстар және психологиялық тренинг өткізілді. Кездесу екі мақсатта ұйымдастырылды. Біріншісі – «Отбасын қолдау орталығы» туралы ақпарат беру, орталықтың мақсаты, қызметтерімен таныстыру, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) өз құзыреті шегінде тиісті жағдайда мемлекеттік органдардың қолдауымен жұмыстарды үйлестіру, атқарылған жұмыстар, көрсетілген көмектер туралы атап өту. Атап айтсақ, орталықта өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) барлық жағдайлар жасалған: әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік кеңестер, қолдау көрсету. Сонымен бірге, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге бір ай мерзімге дейін орталықта жатын бөлмелерде уақытша тұруы мүмкіндігі бар екендігі жайлы айтылды. Жиынның кіріспесінде қатысушыларға орталықтың жұмысы туралы айтылып, слайд арқылы пайдалы ақпараттар көрсетілді.
Ал екінші кезекте «Мен – зорлық-зомбылыққа қарсымын!» тақырыбында білімгерлерге тренинг өткізілді. Тренингті өткізудегі басты мақсат – білім алушыларға зорлық-зомбылық туралы қысқаша ақпарат беру және адамның ең жаман қасиеттерінің бірі екенін айту. Білім алушыларға адамның құқықтары мен бас бостандықтарын қорғауы туралы қысқаша мағлұмат беріп, пікір алмасу. Жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстап, ондай әдеттерге бармауға тәрбиелеу, адамгершілігі мол саналы азамат болып өсуіне ықпал жасау. Сонымен қатар, отбасылық өмірге дайындаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жүргізу. Трениннг барысында студенттер «Зорлық-зомбылықсыз және қатыгездіксіз балалық шақ» тақырыбында топқа бөлініп, постерлер жасады. «Аяқталмаған тезистер» тақырыбында сауалнама толтырды. Тренингте білімгерлер орталықтың жұмысымен танысып, зорлық-зомбылық туралы толыққанды мәлімет алып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.
«Отбасын қолдау орталығы» КММ аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы «Nurai Plaza» ғимаратының екінші қабатында орналасқан.
Құрметті аудан тұрғындары!
Мекеменің есігі Сіздер үшін әрдайым ашық және мамандар көмек көрсетуге дайын. Сенім телефондары: 8-747-659-23-66; 8-702-164-52-95; 8-776-226-62-49.

Айгүл ДАРИБАЕВА,
«Отбасын қолдау орталығы»
КММ-ның психологі

Таңдаулы материалдар

Close