Basty bet
Барша игіліктің негізі – еңбек
Еңбек адамды алға жетелейді. Адал еңбекпен, түзу ниетпен жасалған іс нәтижелі, жемісті болады. Қоғамда түрлі мамандық иелері, еңбек адамдары бар. Барлығының көздейтіні адал еңбек ету. Осы ретте, қазақтың бас ақыны Абай еңбек етуді жырына қосып, адал еңбек етуді аманаттады. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп білді. Ақын еңбек ете алмаған елдің бүгінгі бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі айтқан бес асыл ісінің бірі де – еңбек. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат рақым ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз», – деп барша игіліктің негізі еңбек деп санаған ақынны көзқарастары бүгінгі күні де қоғам үшін мағыналы құндылық.
Әр заманның өз еңбек нарығы бар. Мәселен, кеңес заманында ауыл шаруашылығы мамандары құрмет пен қошеметке бөленген. Тракторшы, механизатор, сауыншы тағысын тағы мамандықтар құрметті мамандық иесі саналған. Өйткені, олардың таңның атысы кештің батысы жасаған еңбектері зор. Қолдың күшімен егін егіп, техника басқарып егін алқабында, колхоз, совхозда аянбай тер төккен. Ал, бүгінгі күні бұл мамандық иелерінің қатары сиреген. Көбісі орта және егде жастағы жандар. Міне, осындай адал еңбек етіп, абыройға бөленген жан Қайрат ауылының тұрғыны Нағима Тілеумұратова үздіксіз 17 жыл «Әлібек» шаруа қожалығында сауыншы болып жұмыс істеген.
Сауыншы Нағима Қанатбекқызы Түлкібас ауданы Жаңаталап ауылының тумасы, сол ауылдағы Жаңаталап орта мектебінің түлегі. Әкесі Қанатбек – еңбек адамы болған. Ал, анасы Сара ауылдағы балабақшада жұмыс істеген. Ақ жаулықты анасы бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол үйдің алтыншы перзенті. Мектеп бітірген соң Түлкібас консерві зауытында жұмысшы болып орналасып, үздік қызметкерлердің қатарынан табылған. Сонымен қатар, бұрынғы Ванновка селосындағы Мичурин совхозында сатушы болып та жұмыс істеген.
-Отбасымда бізді ата-анам еңбекке баулып өсірді. Баланың қалыптасуына ата-анасы, жанұясы, ортасы әсер етеді. Менің жанұям тынымсыз еңбек адамдары. Әкем колхоздың малын баққан. Өмірден ерте озды. Анам жастай жесір қалып, балаларын өзі жеткізіп, аяқтандырды. Әкемнің орынына екі ағам колхоздың малын бағуға кетті. Ал, біз анамызға қолғабыс еттік. Еңбекке жастай араластым. Анамның жалғыз өзіне салмақ түспеу үшін егін алқаптарындағы жұмысқа шықтым. Жұмысты талғамадық.
Анам қандай іс жасасаң да таза әрі ұқыпты, тиянақты жаса деп ақыл-кеңесін айтып отыратын. Әсіресе, шала жасалған істі жаны ұнатпайтын. Қолының ісмерлігі де бар. Бауырларымның барлығын еңбекке баулып, шапшаңдыққа, жауапкершілікті сезіне білуге үйретті.
Осылайша жастайымнан еңбек етіп жүріп 1994 жылы жуалылық азамат Теміржан Тілеумұратовпен дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. Ата-енеммен алғашқы жылдары бірге тұрып, кейін бізді бөлек шығарды. Атам маңдайымнан екі иіскеп, үнемі ризашылығын білдіріп отыратын. Анамыз да біздің тірлігімзді құптап, еңбекқорлығымызды бағалайтын. Балаларымызды дүниеге әкеліп, жаста болсақ әртүрлі қара жұмыстарды жасадық. Шөп жұлып, картоп жинап дегендей. Кейіннен 2001 жылы жолдасым кәсіпкерлікке бет бұрып, Қайрат ауылының тұрғындарынан сүт жинап, осындай шағын жұмыспен айналысты. Қазіргі таңда кәсіпкерлігін кеңейтіп, мал басын көбейтіп, сүт бағытында жұмыс істеуде.
2003 жылы мен ауылдағы ірі шаруа қожалықтың бірі «Әлібек» шаруа қожалығына сауыншы болып орналастым. Қожалық басшысы Шаяхмет атамыз өте таза адам еді. Сиырды сауарда міндетті түрде тазалықты қадағалайды. Сүт таза, иіссіз болуы керек. Себебі, біз сауған сүттен ертеңгі күні халық тұтынатын ұлттық өнімдер жасалады. Үздіксіз осы шаруа қожалықта таңның атысы, кештің батысы қызы-жазы сиыр саудым. Күніне 25-тен, 30-35 сиырға дейін сауамын. Оның ішінде өз үйіміздің 10 сиыры бар. Бәрі қолмен сауылады. Таңғы сағат 4-те тұрып, сиыр саууды бастаймыз. Сауып, өріске жіберіп, сүтін сүзіп дайындаймыз. Кешке сағат жеті – сегізде жұмыс басталып, түнгі сағат 23.00-ге дейін жалғасады. Бұзауларға сүт береміз.
Шаруа қожалықтың иелері мені өзіндей қабылдап, жұмысымның тиянақтылығына сенім артты. Көмек қажет кезде көмектерін берді. Ең бастысы, адал еңбегімді бағалады. Ондағы жұмысымды денсаулығыма байланысты биыл тоқтатқан жайым бар.
Бұл жұмыстардың барлығына икемділік пен ниет керек. Отбасың үшін, балаларың үшін ерінбеуің тиіс. Шапшаңдылық, қолдың күші қажет. Себебі, сонша сиырды қолмен сауып шығу оңай шаруа емес. Оны тек сол жұмысты істеген адам ғана түсінеді. Осындай жұмыстың арқасында бала оқыттық, қыз ұзаттық. Баспанамызды жаңадан тұрғыздық. Шүкір, ел қатарлы еңбек етіп, жұмыс істеудеміз, – дейді сауыншы Нағима Қанатбекқызы.
«Еңбегіне қарай құрмет» демекші, ол «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Отбасында аяулы жар, асыл ана атанып отырған ол өмірлік серігі Теміржан Тілеумұратов екеуі екі ұл, бір қыз әкеліп, тәрбиелеуде. Тұңғыштары Мөлдір тұрмыста, екі баланың анасы. Үлкен ұлдары Бауыржан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі таңда ата-анасының шаруашылықтағы көмекшісі. Кенжелері Баймұрат Көкшетау техникалық институтының 4 курс студенті.
«Еңбек түбі – береке» демекші, мұндай берекелі шаңырақта тынымсыз тірлік жасап, отбасы үшін еңбек етіп жүрген сауыншы Нағима Қанатбекқызының жасаған ісі көпке үлгі-өнеге. Өйткені, олар бүгінгі күннің еңбек адамдары. Біздің қолымызға күнделікті дүкен сөрелеріндегі дайын ұлттық өнімдері оңай түскенімен, оның қандай еңбекпен келгенін біле бермейміз. Сондықтан әрбір нәрсенің қадірін біліп, еңбек адамдарына құрмет көрсете білейік.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»