Basty bet

Үздіктер марапатталды

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиынға аудан басшылары, медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Денсаулық сақтау қызметкерлерін мерекемен құттықтау үшін алғы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
– Құрметті ақ халатты абзал жандар! Баршаңызды бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен жоғары құндылық жоқтығын бәріміз жақсы білеміз. Адам баласы сіздерге ең қымбат денсаулығын сеніп тапсырады. Ал, бұл заманауи білім, жан-тәнімен берілуді және ең жақсы адами қасиеттерді қалыптастыруды талап етеді. Бұл – баға жетпес байлық, сіздерге жүктелген үлкен жауапкершілік.
Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілеймін, – деді Нарбай Ергебеков.
Мерекелік жиында аудан әкімі Н.Ергебеков аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай және жансақтау бөлімінің аға медбикесі Ұлбике Айтжановаға «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», сондай-ақ балалар бөлімінің медбикесі Жайлыкүл Байтөрееваға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Сонымен қатар ҚР денсаулық сақтау министрінің Алғысхатымен балалар бөлімінің медбикесі Жансәуле Бексұлтанова және республикалық «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының грамотасымен емхана бөлімінің медбикесі Үмітжан Жанысбаева марапатталды. Ал, орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековке облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді. Келесі кезекте бірқатар медицина қызметкерлеріне аудан әкімінің марапаттары табыс етілді.
Жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше денсаулық сақтау саласының қызметкерін марапаттады. Сондай-ақ, орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай қызметкерлерге марапаттар табыс етіп, жиынға қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, ол бірқатар зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шыққан қызметкерлерге бағалы сыйлықтар берді.
Салтанатты кеш аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close